Бұлай болуы еліміздің әлемдік қоғамдастықта беделінің өсуінің нақты дәлелі. Сондықтан Қазақстан АҚШ-пен татулық, ынтымақтастық және әріптестік қатынастарында болуды мақсат тұтады. АҚШ-пен достық байланыста болу елдің геосаяси және геоэкономикалық мығымдылығының кепілі деп есептеледі. Себебі АҚШ әлемдік экономиканың 24 пайызға жуығын иемденіп отыр. Оның валютасы ХХ ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап әлемдік қаржылық айырбастағы негізгі валюта. Сонымен қатар АҚШ әлемдік қуат ресурстарының 40 пайызын пайдаланып келе жатқан алып ел. 16 триллион долларға жуық жиынтық ішкі өнім өндіретін АҚШ қуаты ең озық, тиімді технологияларды пайдалануға негізделген. Бұл алып елдің алып экономикасы ұдайы шикізат пен қуат көздеріне зәру. АҚШ-тың сыртқы саясаты «Америка халқының ұлттық мүдделерін қорғау» ұранымен жүргізіліп келеді.
Қазақстан басшысы өткен кезеңдерде АҚШ президенттерімен 19 рет кездесті. Алғашқы кездесу 1992 жылы болды. Осы кездесулер барысында бірнеше екіжақты келісімдерге қол қойылды. Олар – демократиялық әріптестік туралы хартия, Экономикалық әріптестік іс-қимылы жөніндегі бағдарлама, Жаңа қазақстандық-америкалық қатынастар туралы екі ел президенттерінің біріккен мәлімдемесі сияқты құжаттар.
АҚШ кезінде Қазақстандағы ядролық қару арсеналының тез арада Ресейге жеткізілуіне және оның басқа елдерге таратылып кетпеуіне ерекше мүдделі болды. Қазақстанның ядролық қарудан азат болуы әлемдік қауіпсіздік жүйесінің нығая түсуіне өз ықпалын тигізеді. ХХ ғасырдың 90-жылдарында Америка өзінің Қазақстанмен қатынастарын тек прагматикалық тұрғыдан жүргізді. Ол үшін АҚШ-тың Орталық Азиядағы рөлінің басым болуы ғана бірінші кезекке шықты. 1994 жылы Қазақстан Ядролық қаруларды таратпау туралы шартқа қол қойып, 1995 жылы өз жеріндегі ядролық қаруларды (1200-дей ядролық зарядтар) шығарғаннан кейін Американың Қазақстанға деген ынтасы біршама әлсіреді. Екі ел қатынастары біршама баяулап, АҚШ басшылығы негізінен Қазақстандағы демократиялық үдерістің дамуына баға берумен болды.
Ал ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында әлемдегі геосаяси күштердің ара салмағы өзгеруіне байланысты, 10 жылдай мерзімдегі АҚШ-тың бір полярлық басымдылығы аяқталғаннан кейін, оның Қазақстанға жаңаша қатынасы басталды. АҚШ Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғастырушы геосаяси орнының маңыздылығын түсінді. Әсіресе, Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеруге мүдделілік танытты, өзінің негізгі бақталастары Ресей мен Қытайдың Орталық Азия аймағындағы рөлінің артуын шектеуді мақсат тұтты.
Осыған байланысты АҚШ Қазақстанмен экономика және қауіпсіздік салаларында нақты байланыстар орната бастады. АҚШ экономикасы үшін жаңа қуат көздерін іздеу зәрулік тудыруда. Себебі 2001-2020 жылдар аралығында бұл елдің мұнай өнімдерін тұтынуы 33 пайызға көбеймек. Сондықтан мұнайды алудың түрлі балама жолдарын іздестіру маңызды. Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай мен газды импорттау емес, басқа мемлекеттердің сутегі қорларын пайдалану қажеттігі туындауда. Қазақстан болса, 2011 жылы әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойынша 9-орында тұр.
АҚШ Қазақстанның мұнай-газ секторымен қатар түсті металдар мен уран өнімдеріне де қызығушылық танытады. Сондықтан АҚШ компаниялары 2020 жылға дейін Қазақстанға жыл сайынғы тікелей инвестициялар көлемін 20 млрд долларға жеткізбек. АҚШ, әсіресе, Каспий аумағындағы аса бай газ қорларын игеруді мақсат етеді. Каспий аймағына кіру арқылы бұл ел Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Түрікменстан сияқты мемлекеттерге өз ықпалын күшейтуді көздеді. Қазақстанның көмірсутегі қорларын игеру АҚШ-қа экономикалық жағынан ғана емес, саяси жағынан да ұтымды еді. Ол өзінің бәсекелестері Ресей мен Қытайдың дәл қасында отырып энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік алды. АҚШ Иран мен Ресейге соқпайтын мұнай-газ құбырларының болуына мүдделі. Қытайдың Орталық Азияға экономикалық экспансиясын азайтуды да көздеді. Осы себептерге байланысты Қазақстан АҚШ-тың сыртқы саясат доктринасында маңызды басымдылықтардың біріне айналды.
АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруларды таратпау мәселесіне қатысты да ынтымақтасуға мүдделі болды. Елдің Ауғанстанға жақын орналасуы да оның есірткітрафигіне және халықаралық терроризмге қарсы күрестегі рөлін арттырды. АҚШ Қазақстанда бар бейбіт ядролық технологиялар мен құрал-жабдықтардың әлемдік қауіпті күштерге қолды болып кетпеуіне мүдделі. Әсіресе террористік топтар осындай «екінші бөлшектерді» пайдалануды көздейді. Сондықтан Америка Ауғанстандағы Талибан қозғалысын күйретуге мүдделі. Өйткені әлемдік қауіпке айналған тәліптер «Әл-Каида» террористік ұйымының әлеуметтік-саяси тірегіне айналды. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскері мен Батыстың коалиция күштері бұл елдегі жағдайды реттеуге қауқарсыз болып шықты. Сондықтан АҚШ билігі Ауғанстан мәселесін бейбіт реттеуді қолдайтын Қазақстан сияқты мемлекеттердің мәмілегерлік, бейбітшілік миссиясына зәру. Қазақстанның Сирия дағдарысын реттеудегі рөлін де АҚШ қуаттайды. Бұл ретте Қазақстан біршама нақты ұсыныстармен шықты. Ауғанстанға экономикалық, азық-түлік көмегімен қатар кадрлар даярлауда көмек көрсетілді. «Астана процесі» арқасында Сирияда жағдай біршама түзеліп келеді.
Екі мемлекет геосаяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-техникалық кооперация арқылы өндірісті әртараптандыру мәселелерінде ынтымақтасуды тереңдете беруді жоспарлады. АҚШ университеттеріне қазақстандық студенттердің оқуына қолайлы жағдай туғызылған. Сайып келгенде, осының бәрі Қазақстан үшін АҚШ-тың стратегиялық сенімді серіктес екендігін аңғартады.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор