15 Қараша, 2011

Тәуелсіздікпен келген теңге

1287 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ұлттық валюта – теңге күні, Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесіне орай газет тілшісі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали ТӘЖІЯҚОВҚА жолығып әңгімелескен еді – Бисенғали Шамғалиұлы, әрбір мем­ле­кеттің ұлттық валютасы сол мемлекеттің бет-бейнесін көрсетіп, мәртебесін таны­та­тын ең басты құрал екендігі белгілі. Соған орай, ең алдымен, Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің шығу та­рихына кеңірек тоқталсаңыз. Еліміздің ұлттық валютасы – теңгені дайындап, яғни жасап шығаруға не себеп болды? – 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валюта – ТЕҢГЕНІ енгізу Қазақстан Респуб­ликасы экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан өзінің төл валютасын қиын да күр­делі жағдайда дайындап, қабылдаған бола­тын. 90-шы жылдардың басы біздің еліміз үшін болашақты айқындау жолындағы шешімдерді қабылдауда барынша қиын кезең болды: өн­ді­рістің кең ауқымды құлдырауы, экономикалық байланыстардың үзілуі, бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-кредиттік қаты­настар коллапсы. Үкімет пен Ұлттық банктің алдында барынша маңызды проблемаларды шешу міндеті тұрды. Шын мәнінде инфляция барынша қарқын алған, өндіріс құлдыраған қиыншылықтар кезеңінде ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталымын қамта­ма­сыз ету қажет болды. Басты назар ұлттық ва­лю­таны енгізудің – жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу, ақша айырбастау баста­ла­тын және жалғастырылатын күн, айырбастау коэффициенті сияқты рәсімдік мәселелеріне аударылды. Теңге айырбастау басталған бірінші күннен бастап-ақ заңды төлем құралы болды. Ұлттық валюта күннен-күнге өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де  сенімді беделге ие бола бастады. Өндіріс дамыған сай­ын, елге шетел капиталының ағыны ұлғайып, отандық ірі инвесторлар пайда болған сайын (зейнетақы қорлары арқылы) ұлттық валюта да, сонымен қатар валюта рыногы да нығая түсті. Сонымен бірге, ұлттық валютаға да сенім арттырылды. Өз валютамыздың болуы Ұлттық банкке тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүм­кін­дік берді. Бюджет тапшылығын жабуға ар­нал­ған кредиттер мен директивтік кредиттерді беру тоқтатылды. Экономикаға кредит беру функ­циясы екінші деңгейдегі банктерге толық­тай берілді. Ұлттық банк өзінің негізгі міндеті – ұлттық валютаны тұрақтандырумен, яғни инфляция қарқынын бәсеңдету және бағамды тұрақтандырумен айналыса бастады. Ұлттық банк қайта қаржыландыру ставкасынан, ішкі валюта рыногындағы өктемдіктердің міндетті резервтері нормаларын енгізуден басқа, меншікті бағалы қағаздарын (қысқа мерзімді ноттарды) шығарып, ашық рынокта операциялар жүргізіп, кредиттер бере бастады. Ақша-кредиттік саясаттың тиімділігін арт­ты­руға «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ту­ра­лы» Заң (1995 ж. наурыз) се­бепші бол­ды. Ол бой­ын­ша Ұлт­тық банк өз қыз­­ме­тінде тәуелсіз және Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президентіне ғана есеп беретін болды. Қазіргі кезде теңгені айналысқа енгізудің өзі бізге ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құ­рудағы алғашқы және маңызды қадам жа­сауға мүмкіндік бергенін толықтай түйсінуге болады. Дербес ақша кредиттік және бюд­жеттік-са­лықтық саясатты және тиісінше не­ғұрлым тиімді макроэкономикалық тұрақ­ты­лық саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Тұрақты ұлттық валютаның болуы на­рық­тық қатынастардың дамуы мен елдің эконо­ми­калық тәуелсіздігінің негізгі критерийлерінің бірі болып табылады. Теңге елдің қаржы сек­торының жалпы жай-күйін көрсетеді. Теңгенің тәуелсіз мемлекеттің валютасы ретінде орны­ғуы дау тудырмайтын факт. Кез келген валюта үшін ең басты ма­ңыз­дылық – оның қорғалуы. Жалпы алғанда, сатып алу қабілеттілігінен және тұрақтылығынан бастап қолдан жасаудан қорғалуына дейінгі ма­ғы­нада. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан теңгесі мақтаныш етуге тұрарлық. Теңге әлемдегі неғұрлым барынша қорғалған валюталардың бірі болып отыр. Мұнда ең озық технологиялар пайдаланылған. Қазақстан теңгесі Қазақстанның ежелгі та­рихы бар ел екендігін әлемге танытуда. Ерен еңбек пен болашаққа ұмтылыс салтанат құрған ел ретінде танытуда. – Әрбір жеті жыл сайын елімізде ұлттық валюта – теңге дизайнының жаңартылуы не­ліктен? Анығырақ айтқанда, оған тікелей себеп болатын нақты әрі өзекті жағдайлар бар ма? – Технология қарқындап өзгеруде, сондық­тан олардан қалмау үшін (ең бастысы, жалған ақша жасаушыларға ұлттық валютаның қор­ға­луы­на қатысты осалдық табуға мүмкіндік ту­дыр­мау), Ұлттық банк жаңадан шығарылатын ескерткіш банкноттарда қорғаныш элемент­те­рін жетілдіруде тұрақты жұмыс жүргізеді. Көшіру-басу саласындағы техникалық жетістіктер жалған банкноттар дайындауға жекелеген  қылмыстық «икемдігілі бар» азамат­тарға ой салады. Осыған байланысты бүкіл дүние жүзінде банкноттар сериясының қызмет ету мерзімі халықаралық ұйымдардың ұсы­нымы бойынша 40 жылдан 5-7 жылға дейін қыс­қар­ды, себебі, жалған ақша жасау­шы­лар­дың қол­дан сапалы ақша жасауына шамамен осындай мерзім жұмсалатынын тәжірибе көрсетіп отыр. – Қазақстан үшін 2011 жылдың маңыз­дылығы зор. Өзіңізге белгілі, биылғы жылы қазақстандықтар мемлекет Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойламақшы. Соған орай, мерекелік өнім, яғни жаңа сипаттағы теңгелер шығару мәселесі жоспарлануда ма? Ал, енді сол мерекелік теңгелерге қандай мазмұн­да­ғы жаңалықтар енгізілмек? – Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында Банкнот фабрикасы және Теңге сарайы сияқты ақша белгілерін шығаратын меншікті өндіріс орындары бар. Банкноттар мен монеталарды шығару, олардың айналыста болуын ұйым­дас­тыру, жалған ақша жасаушылармен күрес бар­ған сайын ауқымды проблемаға айналуда. Көп­теген мемлекеттер банкноттар мен монета­лар­ды дербес шығарудан бас тартуда, бұл функ­цияларды ішінара немесе толықтай  неғұрлым озық технологиясы бар компанияларға беруде. Қорғалған баспа өнімдеріне арналған ең жаңа заманауи лайық баспа жабдықтарымен жаб­дықталған Ұлттық банктің Банкнот фаб­ри­касы ұлттық валютаның барлық банкноттарын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік, сол сияқты коммерциялық тапсырыстар бойынша басқа да қорғалған полиграфиялық өнімдерді дайындайды. Банкнот фабрикасы халықаралық стандарттар бойынша сапа менеджменті жүйесін енгізді. Қазақстан теңге сарайы сапасы жағынан алғанда басқа елдердің монета сарайларының әйгілі көрмелерінде жоғары бағаланатын және мамандар мен коллекционерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыратын мо­не­таларды шығаруда. Қазақстан теңге сарайы сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша сапа менеджменті жүйесін енгізді және монета өнімдері мен мемлекеттік наградалар өндіруге сертификаттар алды. Кәсіпорындар шығаратын наградалар – әлемдік озық стандарттарға сәй­кес келетін зергерлік өнердің тамаша үлгілері. Қазақстан теңге сарайы басқа орталық банктерден монеталар дайындауға арналған тапсы­рыстардан басқа халықаралық монета бағдар­ламаларына қатысады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ескерткіш өнімдерді шығару мәселе­сіне келетін болсақ, Ұлттық банк 2011 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­­ғына арналған номиналы 10000 теңгелік ескерткіш банкнотты айналысқа шығарды. Бұл банкнотта жоғары қорғалған баспа саласын­дағы қорғаныш элементтерінің ең соңғы әзір­ле­мелері қолданылған. Банкнотта тұңғыш рет үш қорғаныш жіп қолданылды,  бұл магниттік жіп, түсі құбылмалы ені 6 мм. қорғаныш жіп және ені 18 мм. әрі металл жылтыры бар металсыздандырылған полимер жолақ. Сондай-ақ, мерейтойлық банкнотпен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ар­нал­ған монеталар дайындалып, 2011 жылғы 1 қарашадан бастап айналысқа енгізілгенін атап айтқым келеді. номиналы 50000 теңге, алтыннан жасалған, массасы 1000 грамм, таралымы – 100 дана; номиналы 5000 теңге, күмістен жасалған, массасы 1000 грамм, таралымы – 200 дана; номиналы 500 теңге, күмістен жасалған, массасы 31,1 грамм, таралымы – 5000 дана; номиналы 50 теңге, нейзильбер қоспасы­нан жасалған, таралымы – 50 000 дана. – Әлемдік рынокта ұлттық валютаның тұрақтылығын нығайту төңірегіндегі болжамдармен бөліссеңіз. – Ұлттық банк өзінің ақша-кредит сая­сатындағы орта мерзімді кезеңге арналған негізгі бағыттарына сәйкес валюта саясатын жүзеге асырады.  Ұлттық банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз етумен  қатар, теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Теңгенің бағамын қалыптастыру валютаға сұраныс пен ұсыныстың негізінде нарық тәсілімен жүзеге асырылады. Бұл ретте, Ұлттық  банк қажет болған жағдайда теңгенің күрт ауытқуын реттеу мақсатында валюта рыногында өктемдікті жүзеге асырады. Осылайша, ұлттық валютаның әлемдік ры­нок­тағы рөлін күшейтуді Ұлттық банк орнық­тылығын тұрақты негізде қамтамасыз ету арқылы іске асырады деп айтуға болады. – Ұлттық валюта – теңгенің қауіпсіздігін сақтауды одан әрі күшейту бағытында және теңгені қолдан жасайтындарға қарсы кү­рес­те қандай ықпалды әрі ұтымды іс-шаралар қолға алынуда? – Жалған ақша жасау мемлекеттің эко­номикалық негіздерін күйрететін қылмыстың айрықша қауіпті түрі болып табылады. Жалған ақша жасауға қарсы іс-әрекет мемлекеттік маңызы бар міндет болып табылады және оның табысты орындалуы ел беделінің және біздің ұлттық валютамызға сенімнің кепілі. Ұлттық банк жалған монета жасаудың ал­дын алу мақсатында екі негізгі бағыт бойынша іс-шараларды жүргізеді: жалған ақша жасаушылар үшін шығару технологиялық тұрғыдан күрделі, еңбек шығы­нын қажет ететін әрі шығыны көп қорғаныш элементтерін үнемі жетілдіріп отыру; ақпараттық жұмыс, яғни азаматтарды өз құндылықтарын кез келген жоғалтудан  қорғау мақсатында халыққа қолма-қол ақшаның түпнұсқалылығын айқындаудың әдістері мен дағдыларын түсіндіру. Сондықтан ұлттық валюта теңгенің қорғаныш элементтері бойынша ақпараттық плакаттар, парақтар, буклеттер шы­ғару бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Осыған байланысты, жоғарыда атап айтылғанындай, биылғы жылы жаңа қорғаныш элементі – қорғаныш жібі пайдаланыла отырып номиналы 10000 теңгелік мерейтойлық банкнот шықты. – Бисенғали Шамғалиұлы, теңгеміздің төл мерекесіне және мемлекет Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына орай, қазақстан­дықтарға қандай ықылас білдірер едіңіз? – Жоғарыда айтылғандай, еліміздің Тәуел­сіздігі мен ұлттық валюта – ажырамас ұғымдар. Ал теңгеміздің орнықты болуы, сонымен қатар, қаржы саласының тұрақты болуы тәуелсіз­дігімізді арттыра түсетіні хақ. Сондықтан барлық қазақстандықтарды келе жатқан үлкен мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен және тең­геміз­дің төл мерекесімен құттықтаймын. Барша­ңыз­ға зор денсаулық, бейбіт өмір тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Бақыт БАЛҒАРИНА.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше