«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Степное ауылынан фоторепортаж беріліп отыр. Қарғалы ауданындағы Степное ауылының атақ-даңқы облыстан тысқары жерлерге де белгілі. Түтіні түзу көтерілген елді мекеннің тұрмысы бақуатты болуына осындағы «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлесі зор. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі және өңделеді, құрама жем өндіріп өткізеді, құрылыс-құрастыру, ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, автомашиналарды жөндейді және техникалық қамту жұмыстарын атқарады. Экспорттық-импорттық операцияларды, сауда-саттық қызметін жасайды. Ең бастысы, асыл тұқымды мал өсіріп, өткізеді. Міне, ауыл шаруашылығының сан-салалы жұмыстарын қатар жүргізіп отырған серіктестік ауылдықтарға жұмыс тауып беріп, табыс көзін молықтырып қана отырған жоқ, осы ауылдың барлық тұрмыс-тіршілігінің бойына қан жүгіртіп отыр. Егемендіктің елең-алаңында осындағы мәдени-әлеуметтік нысандардың жекешеленіп кетпеуіне бас-көз болған серіктестік директоры Аманқос Төлеуовті ауылдың тұрғындары туғанындай сыйлап, құрметтейтіні де сондықтан. Осы жерде еңбек жолын бастаған басшыны ауылдың еңбектеген жасынан еңкейген қартына дейін таниды. Әркім қолға іліккенін иелене бастаған сонау жаппай жекешелендіру кезінде бір бүлдіргіні де алмаған жас басшы не көрсе де ауылдастарымен ортақ болуды қалады. Жай ғана қалап қойған жоқ күрделі кезеңнен оларды әдемі алып өтті. Бұл ауыл жоқшылықты, қиындықты бастан кешпеді десе де болады. Ауыл үшін күрделі кезеңде де барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп, ішіп-жемнен кенде болған жоқ. Степноелықтар аз қамтылған дегенге арланады, ондайларды бұл ауылдан кездестірмейсіз де. Міне, жыл өткен сайын ауылдықтардың тұрмысы түзеліп, ауылдың келбеті көріктеніп келеді. Соның бәрі «мың қосшыдан бір басшы» дегендей, білікті басшы Аманқос Төлеуовтің арқасы екенін ауылдықтар жоққа шығармайды. Басқасын былай қойғанда, осы шаруашылықты басқарғанына да отыз жылдан асқан екен. Осы жылдарда ол экономика ғылымдарының кандидаттығын қорғап, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендері мен «Қазақстан Республикасының 10 жылдығы» медалінің иегері, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер атанды. 2001 жылы «Қазақстанның онжылдығының үздік кәсіпкері», 2003 жылы «Облыстың үздік кәсіпкері» атағына ие болды. Отыз мың гектардан астам алқапқа егін өсірген шаруашылық биыл әр гектардан орташа 7 центнерден өнім алды. Құт қамбаға құйылған алтын астықтан серіктестік ұжымы 1 және 2 сортты ұн тартады, 6 түрлі макарон бұйымдарын өндіреді. Серіктестікте 25 түрлі нан-бөлке, 6 түрлі жарма шығарады. 7 түрлі құрамажем өндіреді. Шаруашылықта 4 мыңға жуық ірі қара, 370 жылқы, 3 мың қой және түйе өсіріледі. Бұдан басқа, шұжық жасауға пайдаланатын шошқа еті үшін 3 мыңнан астам талпақ танау тағы бар. Мұның бәрін бағатын адам, үйлестіретін маман керек. Осы шаруалардың басы-қасында жүргендер түгелдей осы Степное ауылының адамдары. Ауылдықтар береке-бірліктің арқасында өндірістегі еңбекті жеңілдетуге қол жеткізуде. Мұнда 432 әр түрлі техника бар. Серіктестіктегі өнімділігі жоғары төрт америкалық «Джон-Дир», германиялық он бір «Медион-310» және төрт «Тукано-320» астық комбайндарын ауылдың жастары ұршықша үйіреді. Канаданың үш «FLEXICOILSTX-425», бір «JohnDeere-1830» өнімділігі жоғары егіс кешендері де науқандық жұмыстарды сапалы әрі тез атқаруға мүмкіндік беруде. Серіктестікте ауылдың 250 адамы жұмыс істейді, табысы өзге ауылдарға қарағанда анағұрлым жоғары. Содан да болар бұл ауылда басқа жаққа көшу деген атымен жоқ. Қайта алыс аудандардан, тіпті облыс орталығынан да осында аттай қалап, қоныс аударушылар бар. Су құбырмен үйді-үйге барып тұр. Қалаға аптасына екі рет тікелей автобус қатынайды. Степное ауылындағы береке мен молшылық, татулық пен бірлік өзге ауылдарға үлгі боларлықтай. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.Жамбылдық онкологтар пациенттен салмағы 6 келі ісікті сәтті алып тастады
Денсаулық • Бүгін, 02:53
Әбиба Әбужақынова Олимпиада жүлдесін алмай, спортпен қоштаспайтынын мәлімдеді
Спорт • Бүгін, 02:26
Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық қарсыласынан жеңіліп қалды
Спорт • Бүгін, 01:25
Париж-2024: Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалға шықты
Спорт • Бүгін, 00:45
Алдағы үш күн бойы қатты ыстық болады - Қазгидромет
Ауа райы • Кеше