Білім • 10 Қаңтар, 2018

Ойласу: Шет тілін қай сыныптан бастап оқытқан дұрыс?

587 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қазақ жаманы орыс болмас» деуші еді әжем бала кезімде. Сонда ба­лалықпен осы сөздің мағы­на­сы­на мән бермеуші едім. Жай, ән­шейін айта салған сөз шығар деп ойлайтынмын. 

Ойласу: Шет тілін қай сыныптан бастап оқытқан дұрыс?

Содан бері елу жыл­дай уақыт өтіп, әжем өмірден оз­ғалы көп болса да, кейбір сөздері жа­дымда сақталып қалыпты. Ен­ді өзім де сол әжемнің жасына жеттім. Бір кезде түсінбеген сөз­дің мағынасын енді ғана біліп жүр­мін. Хәкім Абай «Жиырма бе­сін­ші қара сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. ...Сен оның тілін білсең, көкірек кө­­зің ашылады.

Әрбіреудің тілін, өне­­рін білген кісі оныменен бір­дей­­лік дағуасына кіреді...», деген екен. Олай болса, әжемнің де «орыс болу» дегені орыстың ті­лін, мәдениетін білген адамның озық ойлы, мәдениетті саналатынын білдіреді екен. Ал «қазақтың жа­маны» ондай дәрежеге жете ал­маса керек. Сонда шығатын қо­­рытынды: өзгелерден озық бо­лу­ың үшін қазақтың жақсысы бо­лу­ың керек. Ал «қазақтың жақ­сы­сы» кім? Ол өз ұлтының ті­лін, мә­дениетін жақсы білетін, сал­ты мен дәстүрін қадірлейтін қа­зақ бол­с­а керек. Демек, әуелі өз ұл­ты­ң­­ның төл құндылықтарын игеріп ал­ғаннан кейін ғана «орыс болуды», яғни өзгеден озық болуды ой­ластыру керек екен. 

Бұл жерде менің айтайын деге­нім, әжемнің – қарапайым қазақ әйе­лінің көрегендігі. Ол осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ кейін кей­бір қазақтардың орысша оқып, бі­лім алып, өзінің ана тілінде сөй­лемей, тек қана орыс тілінде сөй­лейтінін білгендей болып кө­рі­неді. Олар өз ойын ана тілінде жет­кізуге қиналады. Себебі, сөздік қо­ры кедей, қазақша ойлауға бей­ім­делмеген. Ең өкініштісі, туған ті­лін білмегеніне намыстанбайды, қайта өзге ұлттың тілінде сөй­легенді үлкен дәреже көреді. 

Біздің бала кезімізде еліміздегі бар­лық ұлттың өкілдері өз балала­рын жаппай орыс мектебіне берді. Қазақ тілінің өрісі тарылуына байла­нысты ғасырлар бойы қа­лып­­тасып, орнығып қалған ұлт­тық са­лт-дәстүріміз бен әдет-ғұ­рып­та­рымыз бірте-бірте ұмыт бола бас-
тады. Оған көптеген нақты мысал келтіруге болады. Мен оның біреуін ғана айтпақпын. Біздің жас кезімізде жеңгелеріміз бізге ат қоюшы еді. Ол ағайын-туыстар арасындағы ерекше сыйлық пен бауырға тартудың үлгісі болатын. Қазір өкінішке қарай, осындай тамаша салтымызды көре алмай жүрмін. 

Ал, жаһандану заманында ана тіліміз – қазақ тілі мен орыс ті­лі­нен басқа, ағылшын тілін білу­дің қа­жеттілігі туып отыр. Бұл заман та­лабы және оған ешкімнің де қар­сылығы жоқ деп ойлаймын. Алай­да мектеп оқушыларына ағыл­шын тілін меңгертуде мен мүл­де тү­сінбейтін, тіпті мүлде ке­ліс­пей­тін істердің жүзеге асып жат­қаны қат­ты ойлантады. Мен қа­зір зейнет де­малысында­мын. Бұ­рын жиырма жылға жуық мектеп директоры болып қызмет істедім. Шет тілін, менің ойымша, мектепте 5-сыныптан бастап оқытқан дұрыс. Ал бірінші сыныптан бастап оқы­ту мүлде қате. Физика, инфор­ма­тика, биология және химия пән­дерін ағылшын тілінде оқыту де­ген бос әурешілік. Назарбаев зият­керлік мектептерінде және қа­зақ-түрік лицейлерінде шет ті­лін оқыту көздеген нәтижені бе­реді. Себебі, оларда оқу база­сы мен білікті мамандар бар. Оның үстіне ол оқу орындарына тү­се­тіндер – іріктелген дарынды балалар. Ал жаппай барлық мек­тепте жекелеген пәндерді ағыл­шын тілінде оқытудан ешқандай пай­да таппаймыз. Әуелі сол пән­дерді оқушының ана тілінде мең­геру нәтижесі қандай екен, бағ­дар­ламалық талаптар толық орындалып жатыр ма екен? Осыларды нақты зерделеуіміз керек.

Оқушының білімі мен дағ­дысы стандартқа сай келмеуі де мүм­кін. Өйткені бағдарламалық та­лап деңгейінде білім беру үшін мұ­ғалімнің тиісті білімінен басқа, оның осы мақсаттағы табанды да қа­жырлы еңбегі қажет. Ал пән мұғалімі шет тілінде оқытумен әлек болып жүргенде жоғарыда атал­ған бағдарламалық талаптарды қамтамасыз ете алмауы әбден мүм­кін. Бұл оңайлықпен бола қалатын нәрсе емес. Оның үстіне алдағы уақытта оқушылардың кириллицадан латын әліпбиіне көшуі қосылып, оқушы еңбегін мүлде қиындатып жібереді. Осы орайда, салыстырмалы түрде мы­на жағдайды алып қарайық. Орыс сы­ныптарында қазақ тілі оқы­тылады. Қазақы орта бар. Ма­ман­дар жеткілікті. Бірақ соған қара­мас­тан, қазақ тілі мемлекеттік тіл болса да, күткен нәтижеге ондаған жылдар бойы қол жеткізе алмай келеді. Осыдан он бес жыл бұрын орыс мектептеріне арналған қазақ әде­биеті оқулықтары тек қана қазақ тілінде басылып шықты, мек­тептерге таратылды. Бірақ мек­тептер оны балалардың білімі мен қабілетінің төмендігінен пайда­лан­бады.

Кітаптарды шығаруға қан­шама қаражат босқа жұмсалды. Қа­зіргі уақытта да мұғалімдерді ағыл­шын тілін үйретуге бірнеше ай­­лап курстар өткізілуде. Ол ку­рс­­тардан өткен мұғалімдер ба­ла­ға үйретпек түгіл, өзі де үй­ре­ніп шықпайды. Сондықтан оған жұм­салған мол қаржы да жел­ге ұш­қанмен бірдей болады. Өйт­ке­ні жекелеген пәнді ағылшын ті­лінде оқытатын бір-екі мұғалім оқу­шыларға ағылшын тілінде талап деңгейінде білім беріп шығуы мүм­кін емес. 

Бұрын өмір тәжірибесінен «Қазақ жаманы орыс болмас» деген мәтел пайда болғанын айтып өттім. Енді бірнеше жылдан кейін «Алаш жаманы ағылшын болмас» деген мәтел де тілдік қорға еніп кете ме деп алаңдаушы едім. Алайда ондай ұғым қалыптаса қой­мас. Себебі ағылшын тілін же­келеген адамдар меңгергенмен, ха­л­ықтың жаппай, орыс тілін біл­ге­ніндей, үйреніп кетуі мүмкін емес. Ал таңдаулы кітаптарды қа­зақ тіліне аударып, көптің игі­лі­гі­не ұсыну әрине, тиімді әрі толық қол­дауға тұратын дүние. 

Серік САТЫБАЛДИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Лебяжі ауданының құрметті азаматы

ПАВЛОДАР