Фото: Ашық дереккөз
Оның айтуынша, қазіргі заманда көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы және әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан көптеген ел өз көші-қон саясатын қайта қарап жатыр. Еліміз де бұл бағытта нақты қадамдар жасап, көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңартып келеді. Ол ашық әрі айқын болып, ең бастысы мемлекет пен азаматтардың мүддесіне қызмет етуге тиіс.
2025 жылғы желтоқсанда Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжатта экономиканың қажеттілігі, азаматтардың мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қарастырылған.
«Ең алдымен, біз Қазақстан азаматтарының мүддесін басшылыққа аламыз. Шетелдік жұмыс күші тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартылады. Көші-қон бағыт-бағдары өңірлер мен нақты жобалардың сұранысына сай қалыптасады», деді Аида Балаева.Бұл ретте басты назар «Заң және Тәртіп» қағидатының сақталуына салынады.
«Заң – бәріне ортақ. Сондықтан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен сырт айналып кете алмайды. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі», деді ол.2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізу көзделген. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді. Мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін арнайы тәртіп бар.
«Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады», деп түсіндірді Аида Балаева.Сонымен қатар балама жол да бар. Яғни, мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу. Бұл жағдайда өңірді өз қалауыңызша таңдай аласыз. Министрдің айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін, адал азаматтарға әрдайым басымдық беріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.
«Көші-қон мәселесі заңды, қауіпсіз әрі бақылауда болуға тиіс. Тек сонда ғана ол мемлекетіміз бен азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді», деді Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі.