Тарих • 10 Қаңтар, 2018

Хасан ұстаның тастан өрген мың баспалдағы...

583 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тастан өрiлген мың баспалдақ… алғашқы iргетасты қалағанда сұлулыққа ынтыққан бас шебердiң көңiлiндегi сезiмдi ғажайып ғимараттың әрбiр қаланған қыш, айшықталған өрнегiмен жеткiзудi армандаған Хасан ұстаның тастан өрген баспалдағы мың бiрге жетпегенi несi?

Хасан ұстаның тастан өрген мың баспалдағы...

Қара шал оюлы есiктен iшке ендi де қалт тұра қалды. Сосын күбiрлеген күйi ұзақ аялдады. Күбiр-күбiр әуездi әуен кiмдi де болса елiте түсетiндей. Әл­ден уақыттан кейiн қарсы ал­дын­дағы жоғарыға көтерiлер бас­палдақтың ең алғашқы бас­қышына алақанын тигiзiп бiр сипалап өттi. Бұны бiзде қай­таладық. Баспалдақтар қайда ба­рады деген сауал көкейдi кер­нейдi. 

Сұрауға дәтiм жетпедi. Қа­ра шал осыны сездi ме, ала­қа­нымдағы аппақ шаңды қақ­пыштап жатқан маған зер са­ла қарады да, оң аяғымен жол бастаған. Iлесе берген ен­дiгi сәтте, «Жарықтық бұл бас­палдақпен кiмдер жоғары көте­рiлмедi дейсiң», деп бiр қой­ды. Айналма баспалдақ аса ұқыптылықпен, тастарды кiрiк­тiре әдемi өрiлiп қа­лан­­ған. Iсмер шебердiң кетiк қалдырмай, өнерiн төге қию­ластырғанын аңғарасыз. Бас­пал­дақтың әрбiр басқышына қа­дам басқан са­йын көне тарих күмбiр-күмбiр үн қатқандай екен.

Бiзге Шауһар болып көнеден жет­кен шаһар тарихы өзiне ынтықтыра түсер. Сұлу Сыр мен қарт Қаратаудың арасында жауһардай көз жауын алған қа­лалар бiрiнiң сән-салтанатын бiрi еңселендiре түстi. Шарта­рапты Шауһар деп тамсандырып таңдай қақтырған сәт те көңiлден көмескiлене бергенi Яссының керiм келбетiнiң әс­петтi көркi ерiксiз өзiне тар­тып, сан жанардың қимас қа­расын ырықсыз ұрлағаны шы­ғар да. Бұл өңiрдiң киелi топырағында дүниеге келген ғұлама ұлдары да Яссының атын жер-жаһанға жария етсе керек.

Әзiрет Сұлтан… Шауһар мен Яссының атауын көңiлде жаттатып, тарихтың қалың қойнауынан бүгiнге жеткiзген осы ғажайып сағана болар. Сағананың салынуы жөнiнде Шереф ед-диннiң «Зафар-на­месiнде» жазған дерегiн ғалым­дар алдыңызға тартады. 1397 жылы Темiр өзiнiң болашақ жары, шығыстүркiстандық Қы­зыр­қожа ханның қызы Ту­кел­ханыммен жүздесуге бара жат­қанда Самарқаннан Шашқа бағыт алған жолда төтелей Яс­сыға бұрылады.

Ондағы ойы Ахмет Ясауидің мазарына зиярат ету болатын. Пайғамбар жасына жеткенде жер баспай, күн мен ай көрмей жер астындағы қылуетте он жыл ғұмыр кешiп, 1167 жылдар шамасында 73 жасқа келгенде дүниеден қайтқан Қожа Ахметтiң рухына тағзым жасап, қастерлеген Яссы тұрғындары оны бүкiл ел-жұрт қасиеттi қы­луетiнiң жанына жерлеген болатын. Әмiр зияраттан кейiн сол маңда тұратын адамдарға сый­лық, садақасын берiп, бұл жерге – Қожа Ахметтiң сегiз қыр­лы қара тасты белгiсi бар мазары басына үлкен сағана салуға бұйрық бередi.

Дерек осыны айтады, ал, көрнектi жазушы Сәуiрбек Бақ­бергенов ел аузындағы аңызды былай жеткiзедi: «Темiрдiң ту­­ған шешесi Сақыпжамал осы баласына жүктi кезiнде түс­ көрiптi. Түсiнде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейiп, артынша сол кездегi Сырдария (бұл өзеннiң түрiкше атауы, ал македондықтар «Яксарт», арабтар «Сейхун» деп атаған) билеушiсi Тоқалақты жұтыпты. Бұл түсiн жүктi келiншек үйiне кездейсоқ қонақ болған жолаушы кемпiрге жорытыпты.

Кемпiр сатқындық жасап, бұл түстi Тоқалаққа айтып қой­ған. Қатал хан жүктi әйелдi алдыртып, өз қолымен iшiн жа­рып, мазардың iшiне көмусiз тастатқан. Сақыпжамалдың туған сiңлiсi Теккене жетi ай­лық, тiрi жатқан баланың кiн­дiгiн тiсiмен қиып, баланы алып кет­кен. Әлi бетi ашылмаған, бейкүнә он алты жасар қыздың емшегiнен сүт шыққан. Баланы өсiрген. Ақсақ Темiр өмiр бақи шешем, анам Теккене деп кеттi. Бiрақ шын тарихын өскесiн естiген.

Демек Яссы қаласында, Қо­жа Ахметтiң шикi кесектен тұрғызылған мазарының қасында Ақсақ Темiрдiң өз шешесiнiң сүйегi жатты, бұл жер­ге оның өзiнiң кiндiк қаны там­ған едi. Шындығы аз, жай аңыз бола бермейдi. Демек Қожа Ахмет басына сағана-ғимарат салуды ойлағанда, ол бұл жайды да еске алды. Өзiнiң дүниеге келген, кiндiк қаны тамған жерге сағана-ғимарат орнатыпты дегеннен гөрi, қасиеттi Қожа Ахмет басына орнатыпты дегеннiң дәрежесi халыққа басқадан көбiрек ұнайтынын бiлмей қалған жоқ…».

Қара шал баспалдақпен жо­ғары көтерiлiп бара жатыр. Нешiншi айналмада екенi есiмде жоқ, ол кiсi оң тiзесiне қол тiрей сәл аялдады да соңындағы маған бұрыла қараған. Аздап тыныс алайын дедi ме, басқыштың бiрiне ыңғайлана жайғасты. Мен де аяқ жағына келiп тiзе бүккем.
Деректерге зер салсақ, Түр­кiс­тан шаһары XVII ғасырдың басынан қазақ хандығының астанасы болған.

Хиуадан арнайы үш рет ке­лiп, мол дерек қалдырған Абыл­ғазы ханның жазбаларында сол кезде билiк жүргiзген Есiм ханның ташкенттiк би­леушi Тұрсынмен кек ұстасып, оны өлтiргенi баяндалды. Түр­кiстанды ел есiнде «Есiм салған ескi жол» болып жаңғырған Есiм ханнан соң Жәңгiр хан билiк жүргiзедi. Одан кейiн Батыр хан таққа отырады. Өз кезiнде «Жетi жарғы» атал­ған өте маңызды заңдарды қа­был­даттырған Тәуке хан билiк құрды. Ал шаһарда астана ретiнде соңғы рет Алаш туын жел­бiреткен Абылай хан едi.

Мына қызықты қараңыз, Таш­кенттен Уфаға барған саудагер Нұрмұхамед дегеннiң елiнен шыққанда атпен бiр жарым күндiк жерде Түркiстан атты шаһардың барын мәлiмдеген. Оған ерекше ынта аударған орыс зерттеушiлерiне, сонымен қатар, Сыр өзенiнiң жағасында Аққорған, Сауран, Сунақата, Созақ, Қарнақ, Ихан, Отырар, Қарашық сияқты шаһарлар қалмақ шапқыншылығы кезiнде көбiнiң қирап қалғанын баяндайды. Және де саудагердiң әң­гi­месi бойынша олар сол Түр­кiстанның маңындағы Қа­­­ра­­таудың қойнауындағы Суындықта қазақтардың қор­ғасын қорытатыны жөнiн­дегi мәлiметтi қағазға түсiрiп алады.

Ол кезде бұл деректердi қа­ғазға түсiрiп отырған ғалым­дар бұдан бiр миллион жыл бұрынғы алғашқы аңшылар қауымы пайдаланған тас құралдардың Қаратаудан табылатынын, ал, 50-45 мың жыл iлгерi саналы адамды қалыптастырған жо­ғары палеолит аңшыларының тас құралдарын жасайтын мекен де сол маңдағы Ащы­сайдан кездесетiнiн, бiздiң зама­нымызға дейiнгi ХII-Х мен III мыңжылдықтардағы мезолит пен неолит дәуiрiнде жасал­ған садақ пен тасбалта, шот, келi және келсаптың Бүркiттi, Үшбұлақ, Қараүңгiр деген жерлерден шығатынын бiлген жоқ едi.

Жылдар әлетiнде Түркiстан қолдан-қолға өттi. Жоңғар шап­қыншылығы кезiнде ширек ғасыр жау қолында қалды. Әйт­­се де аспан тепкен көк күм­­бездi кесене алыстан көз жауын алып, сағынышқа айнал­ды. «Елiм-айлаған» елдi бiрлiкке, ын­тымаққа үндегендей жұбатып, айбат берiп тұрды. Ол ол ма, 1864 жылы 22 мамырда Пе­ровск қаласынан полковник Н.Веревкин бастаған Орынбор қарауындағы әскерден алған ауқымды жасақ Түркiстанды бағытқа алды. Жер қайыстырған бес рота жаяу әскер, екi жүз атты әскер және сүйреткен 10 зеңбiрегi, 5 мортирi, екi ра­кеталық станогi бар патша қосынындағы 44 офицер мен 1593 солдат келе жатты.

Оған қоса Сырдариямен кеме де iлесе шықты. Негiзгi бағыты Созақты алу едi, ондағы гарнизонның кетiп қалғанын бiлгеннен кейiн Түркiстанға тiкелей тартты. Мынадай басым күшке ешкiм де шыдас бермес едi. Барлық жағынан үш метрлiк дуалмен қоршалған шаһарды айрықша қауiп күтiп тұрды. Патша әскерiнiң зеңбiрек оқтары дуалдарды шұрқ тесiк еттi. Қаланың ортасын өрт жалмады. Веревкиннiң бұйрығымен атылған зеңбiрек оқтары кесенеге тура бағытталды. Сол оқтардан Қожа Ахмет Ясауи кесенесi де зақымдалды. Төтен­нен келген соққыға тырс етпей шыдас бердi.

Жарықтық, бұл алып сағана-ғимараттың жобасын жасауға Ақсақ Темiрдiң өзi тiкелей қа­тыс­қан деген де дерек бар. Күм­бездiң диаметрiн 41 кез, ал, айналасын 130 кез етiп алуды тапсырған дейдi. Бүгiнде 35 бөлменiң басын бiрiктiрiп, талайды тамсандырған ес­керт­кiш кешеннiң енi 46,5 метр, ұзындығы 65,5 метр. Қабыр­ғалары 18,2 метрден бiрдей етiп алынған қазандық бөлмесiнiң үстiн көмкерген ғажайып күм­без­дiң диаметрi 24 метр болуы оны нақтылай түссе керек.

Сонымен қатар, көне тарих қатпарынан сағананы салуда ерекше еңбегi бар ұсталар Үбайдулла Садыр, Хасан Әзиз, Шемс Әбдi-әл-Вахаб есiмдерiн алдымызға тартады. Оның сыртында күн астында маңдайы терге малшынған мыңдаған шеберлер мен құрылысшылардың аяусыз еңбегiн айтыңыз. Түр­кiс­таннан отыз бес шақы­рым жердегi Саураннан қыш­қа то­пырақ алынғанын, күйдi­рiлген қышты қаз-қатар тұрып Яссыға қолма-қол жеткiзген мың сан енбеккердi көз алды­ңызға әкелiңiзшi. Сағананы әр­леу­ге пайдаланған сонау Қо­тыр­бұлақ құмы мен Түйетас топы­рағын қосыңыз. Қара шал бiр әңгiме бастады:

 – Мына баспалдақтарды Қаратаудың жартастарынан түйемен тас алдырып, бас шебер Хасан Әзиздiң өзi қалаған деседi. Өйткенi, сағана құрылысының жай-күйiн ауық-ауық көрiп тұ­руға Ақсақ Темiрдiң төртiншi әйелi Таңшолпан ханшайым нөкерлерiмен келедi екен. Соған ыңғайлы болсын деп, әспеттей қалаған дейдi. Бұның растығын мына аңыз растайтындай.

Сағана бiтер сәтте бас шебер ең соңғы қышты қалау ұс­та­лар ұстанған дәстүр екен. Сол дәстүрдi сақтаған шеберлер салтанатты кез жақындаған тұс­та кеу-кеулеп осы өңiрдегi ең алып ғимараттың бас ұстасы болып, әрбiр өрнек, нақышын алақанының табымен аялай бiлген Хасан Әзизге жол бе­редi. Бас шебер әспетi сән-сал­­танатымен көгiлдiр аспан ас­тында күнге шағылыса көз қарықтырған сағананың ұшар басына жанарын бiр тастап, көңiлдегi арманның шындыққа айналатынына үлкен сенiммен марқайып, екi қышты қолына алады да мың баспалдаққа қарай жақындап жоғары өрлейдi.

 Бүгiн бақытты күн болғалы тұр деп iштей күбiрлеген бас шебер көңiлiндегi шаттық қиялын шарықтата түседi. Шiркiн, қуа­нышты кездiң куәгерлерi қа­тарында Таңшолпан ханшайым көрсе ғой деген ой тербетедi. Құ­рылыстың iргетасына тас қалап жатқандағы қылаң берген ой, ендi әдемi қайырыммен тербетiп келедi. Бұл ойды Хасан Әзиз iргетастың алғашқы тасын нығырлай қойып жатқанда, ханшайымның жылт еткен жанарынан да оқығандай едi.

Күн-түн демей қайнаған ең­бек­пен өткен қанша жыл, әйтсе де өн бойын селт еткiзе терге малшындырған жалт ет­кен жанардың қарасы мен жұм­бақ жымиыс осы мәурiттiң қуа­нышын сездiргендей болған. Ше­бер атаулының жанын сала кiрiскенi, олардың әрбiр iстi ыж­­дағаттылықпен әрi жылдам ат­қаруға себiн тигiзгенi де содан шы­ғар. Асқан сұлулықтың бiр сәт­тiк үзiк суретi бас шебердi тол­қыта, ерекше дем берген. Батылдықпен еркiн жоғары көтерiлген ол күмбез басындағы екi қыштың орнын асықпай тазалаған деседi.

Бәлкiм, төмендегi қуаныш­тан естерi шыға улап-шулаған нөпiр халықтың арасынан хан­шайым көрiнбеген соң да асық­паған шығар. Қолына кос қыш­ты алып, ендi қалай бергенде бағанадан құлақ етiн жеген у-шу су сепкендей басылады, бас шебер көз қырын салса, қақ жарылған елдiң ортасында хан­шайымның көзiн көлегейлей қа­рап тұрғанын көредi.

Денесi дiр еткендей болған Хасан Әзиздiң қолындағы қыш жерге сусып түсiп кеткен екен дейдi. Сұлу ханшайымның көз алмай қараған жанарынан тайсалды ма, жоқ әлде қос қышты қолынан түсiрiп, сындырып алғанына намыстанды ма – сол күйi үлкен күмбездiң қос қышы қаланбай қалған деседi.Қара шал орнынан қозғалып, iлгерi жүрдi. Баспалдақпен биiктеп келемiз.

Тастан өрiлген мың баспал­дақ… Баспалдақтар бiздi саға­наның төбесiне көтердi. Көк күмбездi ғимараттың жай­пақ төбесiнен айналаның бә­рi алақандағыдай көрiнедi. Қа­ратау жақтан ескен самалға кеу­де кере тыныстадық. Қара шал толқып тұр. Сосын бас күм­безге қарай аяңдады.

– Сағананың құрылысы бiтке­нiне ризашылық бiлдiрген хан­шайым бас шебердi бiр­неше көмекшiсiмен қонаққа шақы­рады. Қонақасы үстiн­де Хасан ұстадан үй-жайын сұрайды. Адал да ақ көңiл ұста алыстағы елiн­де жұбайының қалғанын жасырмайды. Артынша ханшайым дастарқанға екi жұмыртқа алдыртып, Хасан ұстаның алдына қояды. Бiрi боялған екен.

Екеуiнен де ауыз тиюiн өтi­не­дi. Екi жұмыртқаны асық­пай аршып дәмiн көрген ұстаға «қалай екен?», деп ханшайым сауал тас­тайды. Дәмiнiң бiрдей екенiн бiлдiрген сәтте, осы жауапты күткен ол, «көрдiңiз бе, өзiңiздiң сүйiктi жарыңыздан артық ешкiм жоқ», дейдi. Астар­лы әңгiменi бiрден ұққан хас шебер Ақсақ Темiрдiң қа­һа­рынан қаймығып, сол түнi кө­мекшiлерiмен елiне қашып кеткен деседi…

Қара шал үнсiз ойға шомды. Бұның бәрiне – төбемiзден шақырайған күйi дөңгеленген күн куә, күн астында көз жауын алған көгiлдiр күмбез куә, ал, алғашқы iргетасты қалаған­да сұлулыққа ынтыққан бас шебер­дiң көңiлiндегi сезiмдi ғажайып ғимараттың әрбiр қаланған қыш, айшықталған өрнегiмен жеткiзудi армандаған Хасан ұстаның тас­тан өрген баспалдағы мың бiрге жет­пегенi несi?

 Бәлкiм, кесене тұрғызған алғаш­қы күннен өзi берiлiп тың­даған «Мың бiр түннiң» әсерлi ырғағын көз алдына әкелiп, жүректi тербеткен толқынды күйдiң жетегiмен ойындағы арманын қолға қондыра алмай кеттi, кiм бiлген?!

Мың баспалдақ – ерекше сырды iшiне бүккендей сазара шаң басқан тас өрiм баспалдақ.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Түркістан