Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынастарды нығайту және болашақ әріптестік мәселелерін кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Кеннет Фэйрфакс талқылады.
Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 20 жыл бұрын басталған. Вашингтон Қазақстанды АҚШ-тың Орталық Азиядағы іс жүзінде ең сенімді және болашағы бар әріптесі ретінде қарастырады.
Нұрлан Нығматулин айтып өткендей, Қазақстанның 20 жылда қол жеткізген жетістіктері, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделі Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Нұрлан Нығматулин сондай-ақ ядросыз әлем құрудағы және елдегі демократиялық қайта құрулардағы Елбасының ерекше рөлін атап өтті.
Партияаралық байланыстарға келсек, «Нұр Отан» мен АҚШ Демократиялық партиясы арасында көп жылғы әріптестік қатынастар орнаған. Ұлттық демократиялық институт төрайымы Мадлен Олбрайт ханымның және ҰДИ Президенті Кеннет мырзаның шақыруымен демократтар Америка президенті лауазымына өз үміткерін ұсынған халықаралық көшбасшылар форумына «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының делегациясы қатысқан болатын.
Кеннет Фэйрфакс қазақстандықтарды тарихи мереке – Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді.
Тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, Қазақстан мен АҚШ арасында табысты болашақ әріптестікті жалғастыру үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті.
«Егемен-ақпарат».