05 Ақпан, 2010

САНДЫҚ ЖҮЙЕ САПАНЫ ЖАҚСАРТАДЫ

2137 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Адамзат қиялының нәтижесі мен оны үнемі жетілдірудің арқасында бейнеттен арылғанымыз шындық. Өмір сүруді оңайлату арқылы күнделікті тіршілікті ұялы байланыссыз, ғаламторсыз елестете алмайтын болдық. Енді ел көрермендерінің алдында сандық телехабар тарату, атап айтсақ, республикалық телеарналарда шығатын бағдарламаларды бір пакетте көру мүмкіндігі тұр.  Осы орайда біз РЖС тағайындау және байланыс саласын мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы Гүлнар БӨКЕЕВА ханымды әңгімеге тартқан едік. – Гүлнар ханым, радио байланысы мен сандық хабар таратуда перспективалы технологиялар енгізу қалай жүзеге аспақ? – Ел аумағында сандық хабар тарату жүйе­сін енгізу Елбасының тікелей тапсырмасы бо­йын­ша жүзеге асып отыр. Тапсырма Ақ­парат­тан­дыру және байланыс агенттігіне жүктелді. Бола­шақта, атап айтсақ 2015 жылға дейін елі­міздің байланыс саласын сандық хабар тарату же­лісіне толықтай көшіру жоспарланған. Жү­йені қолдану кезінде бір жиілікті арнада бір­неше бағдарлама тарату мүмкіндігі пайда бо­лады. Сондай-ақ, оның дамуы барысында бір­неше жаңа қызмет түр­лері пайда болмақ. Мы­салы, жылжымалы телехабар тарату, жоғары са­палы теледидар және мәлімет беру жүйесіне қосылу жүзеге аспақ. Радио байланысы мен сандық хабар тара­ту­да перспективалы технологияның ел өміріне енуі жақсы жаңалық. Өйткені еліміздің заман кө­шіне ілесіп, әлемде технология барынша дамып тұрған кезде оны қолдану және игілігін көруі керектігі айдай анық нәрсе. Сандық хабар та­рату жүйесін енгізу жұмысын агенттік бір­неше кезеңде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде 2010-2011 жылдары сандық хабар тарату жүйесін енгізу кезінде еуропалық ха­бар тарату DVB және аудио және бейне сиг­нал­дарын қысу үшін MPEG-4 стандарттарын қол­дана отырып, сандық хабар тарату жүйесінің ау­мақтық жиілік жоспары жасалмақ. Сонымен қатар, осы аумақтық жиілік жоспарына сүйене оты­рып, сандық хабар тарату желісі құры­лы­сының жүйелік жобасы жасалатын болады. Екін­ші кезең 2011-2012 жылдар ара­лы­ғын қамтымақ. Бұл кезеңде сандық ха­бар тарату желісін тәжірибеге енгізу үшін қанатқақты өңір­лер белгіленбек. Оның қай деңгейде бола­тын­­дығы әзірге белгісіз. Ал 3-кезең, яғни 2012 жылы сандық хабар тарату же­лі­сінің құрылысы бас­талады. Құрылыс 2015 жы­лы аяқталып, еліміз сандық хабар тарату желісіне толық көшеді деген ойдамыз. Жоспарлы жұмысты жүргізуді бастамас бұ­рын алдымызда стандарт таңдау мақсаты тұр. Се­бебі 2006 жылы Женева қаласында өткен ау­мақтық конференцияда Женева-06 келісім-шар­тына қол қойған елдер сандық хабар тарату жү­йесін еуропалық DVB-Т стандартында енгізіп, бір­неше жылдар бойы жұмыс жасап келді. Көр­шілес ТМД елдері де өз жұмыстарын осы стан­дартта бастаған болатын. Бірақ бүгінгі күні бұл стандарттың жа­ңа­ланған түрі DVB-Т2 стандарты қол­данылуда. Бұл стандартты 2010 жылы Ұлы­британия енгізуді жос­парлап отыр. Агенттік ал­дындағы негізгі мақ­сат – ел аумағындағы сандық ха­бар тарату жү­йе­сін енгізу үшін осы екі стан­дартт­ың біреуін таң­дау. Стандарт таңдалғаннан кейін аумақтық жиі­лік жоспар жасалып, әрі қарай сан­дық хабар та­ра­ту желісі құрылысының жобасы жасалады. Қа­зіргі уақытта агенттікте ұйым­дас­тыру жұмыстары жүріп жатыр. Стандартқа сай құрал-жаб­дық­тарды қай елден сатып алу, яғни барлық тех­никалық жабдықтау мәселелері пы­сық­талу үс­тінде. Оны елімізге енгізу барысында өз ма­ман­дарымыз жұ­мылдырылмақ. Қажет жағдайда шетел маман­да­рын шақыртып, өз маман­дарымызды оқытуымыз мүмкін. – Жүйені енгізудің артықшылығы неде? – Сандық хабар тарату жүйесінде бе­л­гі­ленген әлеуметтік бір пакет ішіне 10-20 бағ­­дар­лама сый­ғы­зуға болады. Ол әр теле­ар­на­лардан таң­далып алынуы мүмкін. Яғни, көрермен тел­е­ар­наларды аударыстырып жатпай-ақ, рейтингі жоғары бағдарламаларды бір арнадан көре алады. Ел көрермендерінің теледидарлары бұл стандартты қабылдауға дайын емес. Олар сандық жүйеде жұмыс жасауы үшін қосымша құрал сатып алуы керек. Бұл орайда айта ке­тетін жәйт, қосымша құ­­ралды сатып алу қаржысының қайдан, кімнен шығатындығы әлі белгісіз. Дегенмен сандық жүйе енгізілген Еуропа елдерінде халықтың әлеу­меттік арнайы топтары, мысалы, зейнеткерлер мен сту­дент­тер­ді бұл құралмен қамтамасыз ету қарас­ты­рыл­ған. Біздің еліміз бойынша әзірше бұл жө­нінде нақты шешім қабылдана қойған жоқ. Сан­дық хабар тарату жүйесінің қажет­ті­лігі өте жо­ғары болғандықтан мемлекет тұр­ғысынан әлеу­меттік жағдайы нашар топтарға қосымша құрал сатып алу тиімдірек болмақ. – Еліміз мұндай жүйеге қаншалықты дайын және әлеуметтік пакетке енетін  бағдарламаны кім таңдамақ? – Еліміз сандық хабар тарату жүйесін қа­был­дауға толық дайын. Өйткені ауылдық жер­дің өзінде, көрермендер өз күштерімен “тарелка” құрып алып, шетелдік арналарды тамашалайтыны белгілі. Оның орнына Үкімет әр қазақстандық арнадан 10-20 бағдарламаны бір пакетке сыйғызып, оны әлеуметтік пакет ретінде ақысыз түрде тарататын болса жақсы емес пе? Әрі өз ақпараттық кеңістігімізді да­мы­­татын боламыз. Бұған, әсіресе, ауылдық жердегілер мұқтаж. Олар көретін арналар аясы шектеулі ғана. Сондықтан республикалық 1-2 арнадан басқаны көрмейтін көрермендерге бұл үлкен олжа. Әлеуметтік пакет сеткасын тол­тыру Мәдениет және ақпарат минис­тр­лігінің құ­зы­рына кіреді. Ал Ақпараттандыру және бай­ла­ныс агенттігі таза техникалық тұрғыдан қам­та­масыз ететін болады. – Жаңа жүйе қызмет көрсету құнына  қаншалықты әсер етеді? – Өткен жылы радио жиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәжілісі болып өтті. Мәжілісте агенттікке 1920-1980/2110-2170 МГц радио жиілігі ауқымындағы жиіліктерді елімізде ұялы байланыстың 3G буынын енгізу үшін жетекші үш оператор “Қазақтелеком” АҚ”, “Кар-Тел” ЖШС, “Мобайл-Теле­ком­Сер­вис” ЖШС арасында үлестіру тап­сырыл­ды. 3G буыны енгізілсе жаңа қызмет түр­лері пайда болады. Мысалы, мобильді интернет, мобильді теледидар және жоғары жыл­дамдықпен мәлімет беру жүйелері. Сонымен қатар ұялы байланыс жылдамдығын арттыру сапасы да жоғарыламақ. Осыған байланысты, телекоммуникация жүйе­сін­де қызмет көрсету аясы кеңейсе, сондай-ақ қызмет көрсетуші операторлар арасында бәсе­келестік пайда болса, бұның барлығы сандық хабар таратудың, жылдамдығы жоғары ин­тер­нет қызметі құнының төмендеуіне әкеліп соғады. Ал бұл қарапайым тұтынушылар үшін өте тиімді. Сандық хабар тарату жүйесі мен жоғары жылдамдықты интернеттің енгізілуі, радио­жиіліктің көбеюі бұның барлығы да тұты­ну­шы­лар­дың мүддесі мен ел дамуы үшін істелуде. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Венера ТҮГЕЛБАЙ. КӘСІПКЕР 60 ПӘТЕРЛІ ҮЙ САЛДЫ Кезінде республиканы басқарған Д.Қонаев Зай­санға келген сапарында тау бөктерінде бой көтерген әсем қаланы, көшелердегі арықтарда сылдырлап ағып жат­қан суды көріп, “Алматының макетінен аумайды-ақ”, екен деп сүйсініпті. Шынында да соңғы жылдары Зай­сан көріктене түсті. Көшелерге асфальт төселіп, түн­де шамдар жарқырап тұрады. Соңғы кезде аудан ор­талығында көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға беріле бастады. Жақында облыстық мәслихаттың депутаты, “Зайсан құрылыс” ЖШС бастығы Болат Нұрасыл жаңа пәтер иелеріне  көп қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің символдық кілтін табыс етті. Жаңа үй  орталықта орналасқан. Іші-сырты әдемі, алыстан көз тартатын үйге ие боламын деушілер аз емес. Аудан әкімі Ә.Мұхтарханов кәсіпкер азаматқа жұртшылық атынан алғыс білдірді. Оңдасын ЕЛУБАЙ,  Шығыс Қазақстан облысы. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ Ағымдағы жылы елдерді жал­ғас­тыратын жоба Батыс Еуропа-Батыс Қы­тай халықаралық авто­жо­лы бастау алмақ. Елбасы баста­масымен қолға алынғалы отырған күрежол құры­лысы­на 10 млрд. АҚШ доллары бөлініп атырған көрінеді. Халықаралық көлік дәлізі Ресейдің Санкт-Петербургінен бас­­тау алып, Мәскеу, Қазан, Орынбор қалаларын да көктей өтпек. Ал, біздің еліміздегі Ақтөбе облысы мен оңтүстік аймақтар арқылы жүретін автожол Алматы қаласынан өтіп, Қытай шекарасына жетпек. Осы үш мемлекетті жалғасты­ра­тын жобаны үйлестіру мақса­тында Үкіметтің тапсырмасы не­гізінде бес штаб құры­лып, халық­аралық жобаны жүзеге асыру жұмыстарына құлшына кірісіп те кетті. Осыған орай облыс әкімі Болатбек Қуан­дықов пен Көлік және коммуни­кация вице-министрі Дулат Күтербеков­тің қатысуымен Батыс Еуропа–Батыс Қытай халықаралық автожолы жобасын үйлес­тіру штабының мәжілісі де болып өтті. Мәжілісті аймақ басшысы Б.Қуан­дықов ашып, ағымдағы жы­лы бастау алатын халықаралық жобаға сәйкес атқарылатын жұ­мыс­тар жайлы  баян етті. Оның айтуынша, 2012 жылы пайдалануға берілетін ха­лық­аралық автобан құрылысына жергілікті мамандарды тарту мақсатында “Тех­маман” оқу-өндірістік орталы­ғында осы сала мамандары даяр­ла­нуда. Сондай-ақ аймақтағы басқа оқу орталықтарында да қажетті мамандық иелерін оқыту қолға алынбақ. Облыс аумағынан өтетін 811 шақырымдық күрежол 15 учаскеге бөлініп, бүгінгі таңда олардың 14-інде жұмыс жасайтын мердігер компаниялар белгіленіп, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде жұмыстарын бастамақ. Осы штаб мәжілісінде Көлік және коммуникация вице-ми­нистрі Д.Күтер­беков халықаралық жоба жайлы түсінік­теме беріп, күрежол құрылысына шетел­дерден тек қана жоғары категориялы ма­мандар алынатынын жеткізді. Оның айтуынша, осы құры­лысқа қатысатын 18 мыңнан астам жұмыс күшінің 75-80 пайызын жергілікті мамандар құрамақ. Штаб отырысында италиялық “Salіnі Cost-ruttorі S.P.A” компа­ниясының өкілі Марко Сарачени өткен жылдың соңын­да облыс орталығында шетелдерде жол салуға маманданған жоғарыдағы компа­нияның филиалы ашылып, бүгінде белгіленген жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатқанды­ғынан хабардар етті. Үстіміздегі жылы компания өз учаске­сіндегі күрежол бөлімінің 100 шақы­рымын салуға күш салмақ. Автожол құ­ры­лысына қажетті материалды, яғни қиыршық тасты аймақта өз­дері өндіруге де бетбұрыс жасамақ. Осы отырыста Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Садықұлы да жобаны жүзеге асыруға жасалып жатқан дайындық барысы жайлы  егжей-тегжейлі баян етті. Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы жауапкершілігі үлкен халық­аралық жобаны жүзеге асыратын ком­паниялар жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста болып, жол сапасын бақылау жұмыстарына баса назар аударуы қажеттігін баса айтты. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. ҮНЕМ МЕН ПАЙДА — БАСТЫ МАҚСАТ “Жамбыл электр желілері” АҚ орташа есеппен күндігіне қала тұрғындарына 54-56 МВт. электр қуатын тасымалдап отыр. Мұнда электр көзін үнемдеу бойынша жаңа технологиялар орнатылған. Кәсіпорын “Таразэнергоорталық” АҚ-тан күніне 30 МВт. электр қуатын алса, оның 12 МВт-ын қала тұрғындары мен кәсіпорындары тұтынады. Кәсіпорындағы жаңалықтың бірі – облыс тұрғындарына электр энергиясын үнемдеу бойынша қызмет көрсететін бір орталықтан басқару операторлық залының іске қосылуы болып табылады. Яғни, энергия қуатын есептеу құралы кәсіпорын есебінен орнатылып, әр нүкте бойынша күндік тұтыну көлемі анықталады. Мұның барлығы компьютерлік жүйе арқылы жүргізілмекші. Бүгінгі күні жаңа жүйемен іске қосылған Шу қаласындағы – 8, Тараз қаласындағы 3 нүктедегі үнемдеу-есептеу орталығы жұмыс істеп тұр. Ақпан айының басында он мың есептеу құралдары ауыстырылмақшы. Сөйтіп, он екі айдың ішінде Тараз қаласындағы жеке тұрғындардың есептегіштері ауыстырылады. Бұл технология бүгінге дейін Ресей мен Беларусь мемлекеттерінде ғана қолданылып келіпті. Дегенмен, “Жамбыл электр желілері” АҚ-тың жабдықтары сонау 1973 жылдары сатылып алынғандықтан, оларды жаңарту қажеттілігі сезілуде. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев кәсіпорын басшылығы тиімді жобалармен ұсынысқа шығатын болса, көмектесетіндігін айтып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. БІЛІМДІ ТӘЖІРИБЕМЕН ҰШТАСТЫРҒАН Нарықтық қатынастың алғашқы жылдарында шаруашылықтар тара­­тылып, ауыл шаруашылығы маман­дарына деген сұраныс төмендегені есімізде. Экономика дамып, сала жаңа биіктерге көтерілген  бүгінгі күні аталған мамандарға деген сұраныс күрт өсіп, өндіріске агроном, зоотехник, мал дәрігерлері, инженерлер қажеттігі ашық сезілуде. Осы орайда  Көксу ауданы Жам­был ауылында Көксу ауылшаруа­шылық колледжі сұранысқа қажетті кадр дайындауға ден қойса, оқу орны жанынан жылыжай салынып, пайдалануға берілгені де студент­терге жасалған жақсы жағдай ретінде бағаланған. Құрылым құрылысына қаржы­лай көмекті “Жетісу” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұсынып, аумағы екі сотық жылыжайдың топырағы өңделіп, қосымша мине­ралды тыңайтқыштармен байыты­лып, аптасына 70 кило өнім алыну­да. Алдағы уақытта тағы бір жылы­жай құрылысын  бітіру үшін іске қосу жұмыстары жедел жүргізілуде. Колледж студенттері еңбек етіп, жылдың төрт мезгілінде тұтынушы көкөніс, жеміс-жидектен тарықпай­тындай еңбекке жұмылған. Соны­мен қатар олар көкөніске деген ба­ғаны тұрақты ұстауға назар аударды. Аталған жылыжай оқу орнының білімгерлеріне іс-тәжірибе алаңы ретінде салынғандықтан оқудан қо­лы бос кездерінде осындағы өнім са­пасына өзіндік үлестерін қосып ке­леді. Сонымен қатар алдағы уақытта  азық-түлік қорын толықты­ру мен бау-бақша өнімдерінің бағасын арзандатуға да мүмкіндік жасалуда. Аталған жылыжай­дың құрылысына “Жетісу” ӘКК 90 млн. теңге қаржы жұмсап, топырақ­ты өңдеу мен тыңайтқышпен үстеп қоректендіруге де ерекше назар аударған. Нәтижесінде жыл он екі ай үздіксіз көкөніс өсіріп, оқу орны студенттерімен бірге тұтынушы­ларды дәрумендерге бай, таза дас­тар­хан мәзірімен қамтуға көңіл бөлінген. Көксу ауылшаруашылық коллед­жінің директоры Мәлік Қарасаев  “Жетісу” ӘКК-мен бірлесіп, жақсы істі қолға алғанын жеткізді. Білім шаңырағында студенттердің тия­нақты білім алуына жабдықталған кабинеттер, әдебиеттер жеткілікті. Ал, алған білімдерін өндіріспен бай­ланыстыратын орынның тапшы­лығы алаңдатса, бұл да шешілген­дей. Корпорацияның қолдауымен тәжірибелік алаңға қол жеткізіп, бүгінде студенттер өз қолдарымен отырғызылған бау-бақша өнімдерін күтіп, алғашқы өнімін жинап, игілігін көріп отыр. Тәжірибе ретінде тұқымы гол­лан­диялық қияр өсіріліп, одан мол өнім алу үшін көшеттері табиғи тыңайт­қыштармен байытылған. Отырғызыл­ған көшеттің бір түбінен орта есеппен 5 кило өнім алынған. Бақшада израилдік тамшылата суару әдісі қолданылып келеді. Бұл суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде әрі алынған өнім экологиялық жа­ғы­нан таза. Жылыжайдан жиналған өнімді колледж асханасы тұтынып, студент­тер өз еңбектерінің қайта­рымына қол жеткізгенінің өзі бір ғанибет. Олар алдағы кезде қалған өнімді жергілікті сауда орындары арқылы тұтынушы игілігіне жарату­ды көздеп отыр. Жылыжайда қарбалас еңбек. Желісі көкке өрлеген көкөніс түйін салып, гүлдеп жатса, бір жағынан өнім жиналуда. Қазір 70- ке тарта сту­дент теориялық білімдерін тәжі­рибемен ұштастырып, өз қолдары­мен өсірілген өскіндерді агротех­никалық жағынан күтіп-баптауды жалғастыруда. Оқу орнын бітіретін Айнұр Рахымбекова өз таңдауымен агроном мамандығын қалағанын айта келіп, аталған жылыжайда бақша дақылдарын күтіп-баптаудың әдіс-тәсілдерін біршама меңгергенін ортаға салды. Міне, топырағын қопсытып, оны ағаш ұнтағымен, тыңайтқышпен байытып, өсірілген қиярдың өніміне қарап қуанамын. Апта сайын қомақты өнім жинап өткізгенде, өз еңбегіңнің жемісіне риза болады екенсің. Өзіммен бірге оқыған қыз-жігіттер мамандықтарын таңдағандарына риза. Бұл алғашқы еңбек жемісі, дейді ол. Көксу ауылшаруашылық коллед­жі салаға қажетті 12 мамандық бойынша мамандар дайындаса, олардың кәсіби біліктілігін артты­руға қамқорлық көрсеткен “Жетісу” ӘКК оқу кабинеттерін жабдықтауға демеушілік танытқан. Мұның өзі білікті маман даярлаудағы негізгі алғышарт екені даусыз. Сұранысқа орай колледжде қосымша кәсіп түрлерін ашу да қарастырылған. Міне, бәсекеге қабілетті, оқуын өндіріспен байланыстырған жастар енді аз уақытта жұмысқа жолдама алады. Өздеріне тапсырылған міндетті білетін, әрі бау-бақша дақылдарын күту мен өсірудің, жерді агротехникалық шараларға сай баптаудың қыр-сырына қанық болғандықтан олар сұранысқа ие. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕСТІ ҰЛҒАЙТУДЫҢ ҚАДАМЫ Ақтөбе қаласындағы “Капитал Плаза” бизнес-орталығында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ базасында Қазақстан тауар өндірушілерінің “Қазақстандық өнімді таңдаймыз” атты форумы өткізілді. Форумның мақсаты – тауарларды сатып алу, қызмет көрсетуде қазақстандық үлесті арттыру. Оны Ақтөбе облысы әкімдігі мен “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы бірлесіп ұйымдастырды. Форумға жергілікті атқарушы органдармен іскерлік қарым -қатынас орнатуға ықыласты екі жүзден астам ақтөбелік және Қазақстанның өзге аймақтарынан келген ірі тауар өндіруші компаниялар өкілдері қатысты. Аймақтық форум аясында ұйымдастырылған тауар өндіруші кәсіпорындар көрмесіне алпыстан астам компания өз өнімдерін қойды. Бұл шараға қатысушылар көрмені аралап көріп, жергілікті компаниялар шығаратын сапалы өнімдерге тәнті болды. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова форумды ашардағы кіріспе сөзінде облыстың экономикалық қуаты туралы хабардар етті. “Қазақстандық келісім-шарт агенттігі” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Нұғыманов еліміздегі қазақстандық өнімді көбірек пайдалануға байланысты жасалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды, Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асырудағы ізденістер мен іркілістердің аражігін ажырата әңгімеледі. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Николай Ювицаның айтуынша, өңірде қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру үшін жалпы құны 180 миллиард теңге болатын 4485 келісім-шарт жасалыпты. Бұл ірі компаниялардың жұмысына серпін беріп қана қоймай, оларға өз өнімдері мен қызметтерін ұсынатын шағын және орта бизнестің бойына қан жүгіртіп отырыпты. Жергілікті билік отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алу және қызметтерін пайдалануға байланысты нақты қадамдар жасап отырған көрінеді. Форумға қатысушылар қазақстандық өнімдерді көбірек пайдаланудың оңтайлы жолдарын іздестіруге, бұл бағытта өздерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ой бөлісті, осы мәселеге қатысты ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, форум кезінде “Атамекен” одағы мен “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы арасында іскерлік қарым-қатынас жайлы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында жер қойнауы байлығын игеріп жатқан ірі мұнай компаниясы 2010 жылы қазақстандық кәсіпорындардың кемінде 50 миллиард теңге болатын өнімдерін, жұмыстары мен қызметтерін пайдаланатын болды. Форум бағдарламасы аясында өткізілген дөңгелек үстелде қазақстандық үлесті есептеудің бірыңғай әдістемесі түсіндірілді. Осы форумды инвесторлардың өздерінің ұйымдастыруы олардың да бұл мәселеге түсіністік танытқаны деу орынды. Яғни, мұның өзі жеріміздің байлығының игілігін көрсең, елге де пайдаң тисін деген Елбасы ұстанымы өз қайтарымын бере бастады деген сөз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру  генттігі    ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография агенттігі                           www.demomіgratіon.kz