Парламент • 12 Қаңтар, 2018

Отандық өнімді ілгерілету керек

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауын ықыласпен қабылдады. 

Отандық өнімді ілгерілету керек

Жұртшылықпен кездесу барысында Елбасының атына көптеген жылы сөздер айтылды. Сондай-ақ он негізгі міндет аясында өндіріс үдерістерін сандық негізге көшіру арқылы индустрияландыруды өрістету, білім беруді жаңа сипатта дамыту, қаржы секторын қайта қалыптастыру, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тиімді мемлекеттік басқару жүзеге асатынына сенім білдірді.

Бағдарламалық құжаттағы дағдарысқа қарамастан мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындайтыны, яғни біздің азаматтарымыздың әл-ауқат деңгейін одан әрі арттыру мүмкіндігі бар екенін ауыл тұрғындары ризашылықпен қабылдады. 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өсті, ал шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе ұлғаяды. Президент одан басқа 1 шілдеден бастап балалық кезінен кәмелет жасына толған 1 топтағы мүгедектердің күтімі үшін ата-аналарына мемлекеттік қосымша жәрдемақы енгізуді тапсырды. Бұл өте қажетті қолдау болып табылады.

Мектеп мұғалімдері де еңбекақыны көтеру туралы шешімді алғыс сезімімен қабылдады. Бұл шара олардың еңбегінің беделін көтереді және кәсіби біліктілігін одан әрі жетілдіруге ынталандырады. 1 қаңтардан бастап мазмұны жаңарған оқу материалдарына көшетін мұғалімдердің лауазымдық еңбекақысы 30 пайызға ұлғаяды және қарқынды дамып келе жатқан экономиканың арқасында мемлекетте оған жететін қаржы бар.

Ауыл еңбеккерлері Жолдауда агроөнеркәсіп кешені біздің еліміз экономикасының драйвері ретінде атап өтілгенін, бұл сала алдына биік әрі орындалатын міндеттер қойылғанын атап өтті. Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығы ғылымы айрықша назар аударуды және аграрлық университеттердің рөлін қайта қарауды, жаңа технологиялар мен бизнес үлгілерін ойланып енгізуді талап етеді. Елбасы мемлекет пен бизнес өкілдері бірлесе отырып, отандық өнімді ілгерілету керектігі туралы айтты. Президенттің бұл сөзі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін қажырлы қызмет етіп жатқан және еңбек өнімділігін ұлғайтуға әзір жергілікті өнім өндірушілерге қанат бітіреді.

Ольга ПЕРЕПЕЧИНА,

Парламент Сенатының депутаты