17 Қаңтар, 2018

Дамудың даңғыл жолы

1147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде жүргізіліп жатқан ірі реформалар нәтижесі қазір өз жемісін бе­руде. Қолға алынған зор мін­дет­тер­дің негізгі мәні – Қазақ­стан­ның жан-жақты дамуы, көр­кеюі болатын. Сондықтан бұл реформалар аяқ астынан пайда бола қойған жоқ. За­ман­ның дидары ө+згеруіне орай, мем­лекеттік салалардың жүгі де, ісі де өзгеруі тиіс еді.

Дамудың даңғыл жолы

Міне, соның бір айқын көрінісі еліміздің Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму биігіне кө­терілуі болды. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев халқына арна­ған кезекті Жолдауында жария етіп, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктерін саралап берді. Бұл елдің мүд­десі мен заман талабынан туындайтын, ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асуы тиіс келелі міндеттер. Оның игі­лігін халық көреді. Ел дамиды. Де­мек, Қазақстанның дамудың жаңа ке­зе­ңіне аяқ басқандығы енді айқын аң­ға­рылып  отыр. Мұның негізі осы уа­қытқа дейінгі байыпты да байсалды жүргізілген тиімді реформалардың нәтижесі.

Ал елді өркендеудің, халықтың тұр­мысын жақсартудың жолын Ел­басы тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­­рында-ақ айқындап берді. Әуелі эко­но­мика, сосын саясат жолы адас­тырмады. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық өрлеу жолына түсті. Барлық салада оң өзгерістер болып, халықтың ахуалы жақ­сарды. Қол жеткен жетістіктерді одан әрі жалғастыра беру үшін қазіргі күні еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мер­зімді Даму стратегиясы жүзеге асы­рылуда. 100 нақты қадам – Ұлт жос­пары аясында, жоғарыда айт­қа­нымыздай, жаңа кең ауқымды реформалар қолға алынды. Соның аясында конституциялық реформа жүзеге асты. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі бірлік пен ізгіліктің жемісі.

Енді жаңа Жолдау аясында экономикамызды одан әрі өркендету үшін Төртінші өнеркәсіптік үдерістер іске асырылуы қажет. Алайда Елбасы «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» атты тоғызыншы міндетте атап өткендей, қай салада болмасын заңның үстемдігі орын алмай бірде-бір іс нақты шешімін таппайды. Сондықтан елімізде заң талаптарын сақтау, ала жіптен аттамау жолында қолында билігі бар адамдардың адал жұ­мыс істеуі әу бастан-ақ ерекше на­зарға алынды. «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса бе­реді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соң­ғы 3 жылда ғана жоғары лауазым­ды шенеуніктер мен мемлекеттік ком­паниялардың басшыларын қоса ал­ғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан ас­там адам сотталды. Осы уақыт ішін­де олардың 17 миллиард теңге көле­мін­де келтірген залалы өтелді», деді Пре­зидент.

Жемқорлық жоқ елде кез келген жұмыс жақсы жүреді. Соның бірі ретінде, Мемлекет басшысы елді цифрландыру үдерісі кезінде барлық салада жоғары дамуға қол жететінін айтты. «Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың ха­лықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азамат­тар өз өтініштерінің қалай қарас­ты­рылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс» деді. Бұл тәртіптің, заң талаптарының орындалуы арқасында қызмет көрсету сапасы артатынын білдіреді. Сондықтан да қазіргі күні сот және құқық қорғау жүйелерін институттық тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. 

Одан әрі Президент құқық қор­ғау органдарының өкілеттігі мен жауап­кер­шілік шегі айқындалғанына назар аударады.  Бұл орайда көптеген игілікті істер тындырылғанын жұртшылық жақсы біледі. Ең бастысы, қылмыстық саясатты ізгілендіру үдерісі жолға қойылды. Бірақ мұнымен шектеліп, тоқмейілсіп қалуға болмайды. Заманға қарай заңдардың да, заң үстемдігін орнату жолы да дамып отыруы қажет. Сондықтан Елбасы «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепіл­дік­ті нығайту, құқық үстемдігін қам­­тамасыз ету, құқық қорғау қыз­ме­тін ізгілендіру жұмыстарын жал­ға­с­тыру қажет», деді. Міне, байқа­са­ңыз, халқымыздың іргетасы қалан­ған рухани да, материалдық та құн­ды­­лықтарының алтын қабырғасын одан әрі кедергісіз қалау Төртінші өнер­кәсіптік революцияның негізі ре­тінде заң үстемдігін толықтай орнату арқылы жүзеге асырыла бермек.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»