17 Қараша, 2011

Украинадағы терроризм көрінісі

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Украинаның өнеркәсіпті үлкен қалаларының бірі Днепропетровск көшелерінің біріндегі қоқыс жәшігіне жарылғыш зат жасырылған. Ештеңемен шаруасы жоқ, көшеде кетіп бара жатқан зардап шегуші оның ішіне бос шишаны лақтырып қалғанда, жарылғыш зат іске қосылып, соның салдарынан ол  сол жерде көз жұмған. Облыстық прокуратура бұл қылмысты істі алдымен «қасақана кісі өлтіру» деген қылмыстық бапқа жатқызған еді. Бірақ қосымша мәліметтер жиналған соң «терроризм» бабына жатқызып отыр. Қазір осы баппен қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп, террористер Украина қалаларына да жете бастаған сыңайлы. Ақ үйге де дәлдеп оқ атылды АҚШ-тың Ақ үйіне қарсы да оқ атыл­ды. Оның терезесіне тиген оқ «Калашников» автоматынан шыққан деген болжам бар. Ол оқ өткізбейтін терезеге шағылып, жерге түскен. Ал екінші оқ үйдің қабырғасына қадалыпты. Бұл уақытта Ақ үйдің қожайыны Барак Обама Калифорния штатында баскетбол жарысын тамашалап отырған екен. АҚШ-тың арнаулы қызметтері оқиғаның себепкерлерін табуға  қызу кірісіп кетті. Бірақ олар жұма күні Вашингтонда болған  атысты бұл оқиғамен сабақтастырмай отыр. Ол жолы да Ақ үйдің маңында оқ атылып, артынан сол маңнан ішінде «Калашников» автоматы жатқан иесіз «Хонда» көлігі табылған болатын. Түн тыныштығын тіледі Ауғанстан президенті Хамид Карзай өз елінде бейбітшілік миссиясымен жүрген АҚШ пен НАТО әскерлерінің түнгі рейдтеріне үзілді-кесілді қарсылық білдіріп отыр. Өйткені, түнгі жорықтардан кейін бірнеше бейбіт тұрғын қазаға ұшырайды екен. Хамид Карзай АҚШ пен НАТО әскерлерін 2014 жылға дейін ел аумағында қалдырудың негізгі шарты осы болады деп жариялады кеше ашылған Лои Жыр­ғада. Ал НАТО әскерлері, керісінше, түнгі жорық­тардың өкіметке наразылықпен бас көтерушілерге қарсы тиімді әрекеттер екенін айтуда. Бірақ түнгі жорықтар кезіндегі тінтулер мен қорқытулар тұр­ғындардың наразылығын тудыратыны президентті қатты мазалайтыны айқын аңғарылады. «Ісі білмес, кісісі білердің» кері Қылмысты іске байланысты жауап беруге келмеген «Интеко» фирмасының иесі Елена Батуринаға Мәскеу соты сұғын қатты қадап отыр. Енді келмесе, ол күш қолдану арқылы жеткізілуі мүмкін деген хабар таратылды. Ал оның жұбайы Ю.Лужков бұл істің саяси астары бар екенін айтуда. Жуырда ғана Мәскеуге келген бойында Ю.Лужков тұтқындалу мүмкіндігіне байланысты зайыбына шет елден қайтпауды қатты тапсырғанын БАҚ-қа ашық айтқан болатын. Іс «Банк Москваның» 2009 жылы қа­ла билігінен қосымша эмиссияға деп бөлген ұлан-асыр қаражатқа Е.Батуринаның жерін алуына байланысты болып отыр. Құжат жүзінде бәрі де дұрыс жасалған бұл істің жеке бастың пайдасын көздегені, әрине, бесенеден белгілі. «Еуро-2012»-де ойнайтындар анықталды Футболдан Еуропаның кезекті чемпионатына қа­тысатын командалар түпкілікті анықталды. Бұл Хорватия мен Түркия командаларының жауапты кездесуі 0:0 есебімен аяқталғаннан кейін белгілі болды. Сөйтіп, бірінші кәрзеңкеде: Украина, Польша, Испания, Голландия; 2-де Германия, Италия, Англия, Ресей; 3-де Хорватия, Грекия, Швеция, Португалия; 4-де Дания, Франция, Чехия, Ирландия ойнайтын болды. Өкінішке қарай, түрік командасы чемпионатқа қатыса алмай қалды.   Ағайынға артықшылық жоқ Украина мен Ресей арасындағы газ проблемасы әлі аяқталар емес. Ресей премьер-министрінің баспасөз хатшы­сы Дмитрий Песков бұл істе жаңа келісімге келу мүмкіндігі бар деп жариялады. Ал Украина премьер-министрі Н.­Аза­ровтың адамдары жаңа бағаға қол жеткізсек, 6 млрд. АҚШ доллары шамасында ақша үнемдейміз деп жариялап үлгерді. Бірақ Ресей жағы барлық жеңілдіктерді Украи­на­ның Кеден одағына кіруімен байланыстырғысы келеді. Украина болса, өзінің ұлттық мүддесіне қарсы деп бұл мәселеге аяқ басар емес. Бүгінгі күні Киевке жөнелтілетін 1 мың текше метр газдың бағасы 446 доллар, ал Германияға босатылатын осынша газ 436 доллар болып отыр.

Қысқа қайырып айтқанда:

*Ресей әуежайының бюрократ қызметкерлері өзге емес өз­де­рі­нің ең жақын ағайыны, танылмаған «Приднестровье» адамда­рына да тізе батыруда. Танылмаған республика басшылары әуе­жайда заңсыз ұсталған өз шенеуніктерін босатуды талап етіп, нота жасауға мәжбүр болды. *Нью-Йорк биржасындағы мұнайдың желтоқсан айына жа­сал­ған алдын-ала бағамы бір баррельге 98 доллардан асып түсті. Бұл – күтілген бағадан айтарлықтай жоғары. *Түркіменстан үкіметі өздерінің мұнай-газ қоры 71,2 млрд. шарт­ты тоннаға жеткенін жариялады. Осыдан бес жыл бұрын ол 45,5 млрд. тонна болған еді. *Әзербайжан өзінің әскери әлеуетін Қытай қаруымен арт­ты­руды көздеп отыр. Ол жуырда Қытай мен Пәкстан бірлесіп шы­ғарған жойғыш ұшақтар сатып алу жөнінде шарт жасасқан.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.