Міне, осы шығанаққа биыл жаз аққудың бір жұбы алабөтен бауыр басып алды. Ау құрып, өз тіршілігін жасап жүретін балықшыдан төнер қатер-қауіптің жоқтығын кербез де сымбатты, ақылды құстар сезетін болуы керек, одан көп аса үргелектемеді. Көл айдынының кішкене ғана осы аясын емін-еркін жайлап, ұя салып, ұрпақ өсірудің қамымен күнделікті өз тіршілігін алаңсыз жасап жатты.
Ал балықшы болса кеш түсе ау құрады, содан соң келесі күні таңда торкөзіне балық шүпірлей ілініп қалған ауды судан асықпай тартып шығарып, қайығына салады. Балықшы шалға әбден үйірсек болып алғаны сонша, бір күндері аққулар су бетін ақырын сызып, оның қайығының соңынан әрлі-берлі ілесе жүзіп жүретін дағды шығарды. Бірде сәл ғана маңайласып, бірде тіпті қол созымдай жақындап, сұлу мойнын әдемі иіп, тіл қатысқандай ишара жасайтынын қайтерсіз!
Момын ғана дағдылы тірілігінен жазбаған балықшы шал мен қос аққудың бір-бірлеріне деген шексіз сеніммен аяланған аяулы достығы осылайша жақсы басталып жалғаса берді.Тып-тымық көл айдынында жаңа басталған жаздың сайранын бір-бірінен ажырамай өткізіп жатқан киелі құстар мен өз тірлігін алаңсыз жасап жүрген балықшының мамыражай өмірінің шырқ-берекесін әлдеқайдан пайда болған сұғанақ бірқазан бұзды.
Шалдың ауына түскен балықты оп-оңай олжаға айналдырып, бас ауыртпай тегін қорегін тапқан ұры неме соңғы екі-үш күннен бері шығанақтан шықпай қойды. Арамза құс жегенін жеп, жемегенін мылжалап аудағы балықтың сау тамтығын қалдырмай түп-түгел жайпап тастайды да, балықшының көзіне түспей, келген жағына ұшып кетіп, ұшты-күйлі ғайып болады.
Шыдамның да шегі бар, бозала таңнан тұрған балықшы шал шығанақтың көлге ұласатын арғы тұсындағы жағалауға қайығымен жүзіп барып қалың қамыстың нуына енді де, қолға түспей жүрген бірқазанның ұшып келетін сәтін аңдыды. Ызыңынан құлақ тұнатын аш масаға таланғанына қарамастан балығын ұрлап жүрген қаскөй ұрының келуін ол асқан шыдамдылықпен тосты. Соңғы кездері қолына көп ала бермейтін қосауыз мылтығын еппен ұстап, ұңғысын қайық тұмсығына қаратып сүйеп қойды.
Аз күтті ме, көп күтті ме, күн табағының бір шеті көкжиекке жартылай иек арта берген шақтағы сарыала таңның жарығымен ілесе көл үстінде әр тұстан құстың үздік-создық қиқуы естіле басталды. Ал өзінің күнделікті таңғы қорегін дайындап тұрған шығанақтың қалың қамысына қарай әккі бірқазан қиқу салмай-ақ, сала құлаш қанатын баяу-баяу қағып ұшып өтті де, заматта көзден таса болды.
Мысықтабандап, тым-тырс ұшқан бірқазанның ау құрылған шығанаққа барып қонғанына еш күмәні қалмаған балықшы қамыс арасын қайық тұмсығымен қақ жарып, шығанақтың өкпе тұсынан бір-ақ шықты. Құрылған аудың төңірегінен сәл ұзап әрмен жүзіп бара жатқан аппақ түсті жалғыз құсты, әлгі бірқазанды шұғыл көздеп, мылтық шүріппесін кілт еткізе басып қалды. Осы мезетте қамыстың арғы басынан шыға келген жұп аққудың бірі қос қанатымен суды сабалап, мойны қайырылып майып болған бірқазанға қарай көл бетімен жүгіре жүзді.
Балықшы әуелі таң-тамаша болған күйі, қайық үстінен көтеріле бере состия тұрып қалды. Мылтықтың шығанақ үстін жаңғырықтыра гүрс еткенінен де шошынбай, жұмыртқа басып жатқан жылы ұясын тастай салып жандалбасалаған ұябасар аққудың оққа ұшқан «бірқазанға» шырқырай ұмтылған жағдайын қапелімде түйсіктей алмады. Осы сәтте ғана барып шығанақтың көлге ұласар аузына таяу жерден барқырай қиқулап ұша жөнелген бірқазанды оқыстан көзі шалып қалды да, асығыс-қапылыс әрекетінің нендей сұмдыққа ұрындырғанын бір-ақ білді.Ұры бірқазанның орнына қапияда оққа байлағаны қос аққудың аталық сыңары еді.
Қас қағымда өн-бойын оқыс бір діріл билеп, көз жанары лықсып келген жастан буалдыр тартып бара жатты. Көңілі әлем-жәлем болған балықшының кеудесіне ащы өксік тығылды. Ол қолдары қалтырап, тізесі дірілдеген күйі: «Апыр-ай, не істедім мен?.. Не істедім?.. Жазған басым»!.. – деп сылқ етіп отыра кетті.
Қолға түспей құтылып кеткен мол сұмпайы бірқазанның лаңынан тып-тымық шығанықтың таңғы айдынында шалдың аяулы дос-құсы, жазықсыз аққу осылайша ажал құшты.
Балықшы шал көзінен парлаған жасқа ерік беріп, өң мен түстің аралығындағы халден бір әудем уақыттай арыла алмады. Күн арқан бойы көтерілгенше орнынан тапжылмады. Қайықтың бауырын шылп-шылп жанап сипалаған судың дыбысынан өзге ештеңені естімеді. Айнала жүзіп сыңарының қасынан кете алмаған жалғыз аққудың сұлбасы енді бір сәтте көзіне еміс-еміс шалынды да, есін аз-кем жиып, ескекті жайлап қолына алды.
...Балықшы су бетінде жансыз қалқыған киелі құсты қайығына салып алып, жағаға қарай жүзді. Ұябасар аққу қайықтың соңынан мойнын қайта-қайта қылтыңдата созып, мұңдана қаңқыл салып, жағаға жеткенше еріп отырды. Мұңлы құстың жылап келе жатқаны анық еді.
...Азалы оқиғаға куә болған сол шығанақтың жағалау жиегіне апарып аққудың мерт болған сыңарын көмген балықшы нар қамыстың бір тал үлпек басын қоңыр топырақтың үстіне қадай салды. Жас қамыстың үлпегі аққу қалған жердің жападан-жалғыз белгісіндей боп жаздың баяу самалымен үлпілдей желбіреп қала берді.
...Ақшам намазынан соң фатиха сүресін қайталай ұзақ-ұзақ оқып, Алладан қапияда жазықсыз құсты өлтіріп алған күнәсіне балықшы шал жан-дүниесі егіле кешірім тіледі. Адал жүрегінен шыққан дұғасының қабыл боларына кәміл сеніп тіледі...
Маусымның басын ала ұядан төрт көгілдірін өргізген ұябасар аққу осы жаз өзіне құтты мекен болмаған шығанақты балапандары әбден есейіп қара қанаттанғанша жайлады. Ал қазан айының соңына таман көл үстін екі-үш мәрте айналып ұшып қош десіп, жас түлектерімен бірге түстіктің алыс қиырындағы жылы мекендерге қарай бет түзеді.
...Киелі құстар бұдан соң «Аққу кеткен» деп аталатын бұл шығанаққа қайтып оралмады. Балығы мол суды барылдақ үйректер мен шүрегейлер, тойымсыз арамза бірқазандар алаңсыз жайлап алды...
* * *
...Қаз-қалпында жазылған бұл әңгімені мен өзім аса қадірлеп сыйлайтын, бір қауым әулеттің сөзін ұстаған абзал жүректі, мәрт көңілді, батагөй қорғалжындық Сағындық ақсақалдан Алматыда сапарлас болып жүрген осы таяу күндердің бірінде естіген едім.
Мәди АЙЫМБЕТОВ