05 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

1694 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жол­дауында алдағы он жылға арналған мін­деттердің ішінде экономиканы дағдарыс­тан кейінгі дамуға әзірлеу мәселесіне айрықша мән беріліп, оны әртараптан­дыру табыс кілті болатыны атап көрсетіл­ген. “Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму, – деді Президент, – жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады”. ӘРТАРАПТАНДЫРУ: БАРЫМЫЗ ЖӘНЕ БАСЫМДЫҚТАРЫМЫЗ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ Мұқанбетқали ҚАЗКЕЕВ, Қарғалы ауылдық округінің әкімі. Қалаға қарасты Қарғалы ауылдық округінің тұрғын­да­ры да Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың Қазақстан хал­қы­на биылғы Жолдауын теле­дидардан көріп, тыңдап, баспасөзден оқып, қызу қол­дап жатыр. Облыс орталы­ғы­мен іргелес орналасқан ауыл тұрғындары елімізде болып жатқан оң өзгерістердің бір­қатар игілігін көріп отырғаны да шындық. Дегенмен, алда да тұрмыстың жақсара түс­ке­нін қалайтыны тағы рас. Ал мұндай жақсылықтардың Ел­басы саясаты мен оның жыл сайынғы Жолдауларынан та­мыр тартатынын көзіміз кө­ріп жүр. Сондықтан да Ел­ба­сының биылғы Жолдауы алға басуымыздың бағдаршамы іспетті дер едім. Егеменді, зайырлы, саяси және экономикалық рефор­ма­лары мен стратегиялық жоспарлары қуатты мемле­кет­тердің өзін мойындатқан, әлем сахнасында өз орны бар Қазақстан дүние жүзіндегі дамыған елу елдің қатарына енуге қадам жасауда. Елба­сының биылғы Жолдауы осы межеге жетудің бағыттарын ай­қындағандығымен де құн­ды. Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айтсақ, “бұл – әрбір азаматтың, қазақстандықтың ел өркендеуіне үлес қосуы ар­қылы” орындалатын міндет. Дамып келе жатқан елдің тірегі білімді ұрпақ екенін Елбасы ұдайы айтып келеді. Бұл мәселені осы жолы да айналып өтпеді. Жолдауда айтылған білім саласына қа­тысты мәселелер мені шы­ны­мен қанаттандырды. Қай са­ла­да болса да бәсекелестікке түсуіміз үшін осы саланы әлемдік деңгейге көтеруіміз керектігін қадап айтқан Пре­зиденттің пікірі болашақты ойлаушылық дер едім. Елор­да­мызда халықаралық стан­дар­ттарға жауап беретін ғы­лы­ми-техникалық универси­тет­тің ашылуы дамыған елдердің озық технологиялық үлгісі мен даму бағыттарына бой түзе­геніміздің айқын көрінісі. Осындай іргелі оқу орын­дарынан білім алған жастары­мыз еліміздің ертеңіне қыз­мет ететін болады. Осындай жоғары оқу орны Ақтөбеде де ашылса біздің жастарымыз да өз мүмкіндіктерін толық көрсетер еді. Жолдауда “Балапан” бағ­дар­ламасының жүзеге асы­ры­латыны айтылды. Бұл – біз­дің ауылдық округ қана емес, бүкіл қазақстандықтарды қуан­татын жәйт. Біздің ок­руг­те тұратын 2000-ға жуық мектеп жасына дейінгі ба­ла­ның небәрі 300-і ғана бала­бақ­шаға барып жүр. Бұл бағ­дар­лама аясында қомақты қар­жы мен атқарылатын ша­руалар аталған бағытта оң өз­герістер болатынына сенді­ре­ді. Қарғалылықтар Елбасы­ның “Жол картасы” бағдар­ла­масы жалғасатынын, ауыл­дық жерлерде сумен қам­та­ма­сыз ету, қалаларда ауыз су са­пасы жақсаратынын естіп, риза болысты. Ал, студент­тердің стипендиясы көтеріле­тіні, бюджеттік қызмет­кер­лердің еңбекақысының меже­ленгеннен үш ай бұрын өсе­тіндігі дағдарысты еңсерген­дігіміздің дәлелі емес пе. Алда атқарылуы тиіс жұмыстардың өзектілерінің қатарында Елбасы өз ісін ашуға талап қылған кәсіп­келерге жан-жақты қолдау көр­сету қажеттігін атап көр­сетті. Соңғы жылдары Қарға­лы ауылы да осы шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бірқатар нәтижелерге қол жеткізгенін айтқым келеді. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі де арта түсті. Соның арқасында 21000 адам тұратын біздің ауылда тұр­ғын­дар қажетін өтейтін қыз­мет түрлерінің бәрі бар. Кәсіпкер Ізбасқановтардың көмегімен салынған мешіт имандылық нұрын шашуда. Шүйітбаевтар басқаратын “Азиат” тұрмыстық кешені, жеке кәсіпкер Мұхамбет­қа­лиева­ның бастамасымен ор­та­лық саябағы халықтың игі­лігіне қызмет етуде. Бұдан он жыл бұрын 200-дей ғана тұр­ғыны бар, газы, суы, телефон байланысы болмаған Ақжар ауылының халқы үш есе көбейді, мұнда болашақта орта мектеп салу жоспар­лануда. Сондай-ақ ауылды абаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Орта және шағын бизнесті дамыту қазірдің өзін­де қайтарым беруде. Ол ел экономикасының жаңа биіктерге көтерілуіне ықпал ететін маңызды фактор екені әлдеқашан дәлелденді. Мен өзім осы жерде қы­рық жылдай еңбек етіп келе­мін. Мұнда жиырмадан астам этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елбасы мем­лекетіміздің басты байлы­ғы тұрақтылық пен бірлік екенін ұдайы жадымызда жаң­ғыртып келеді. Мен өзім­нің қызметтік міндетіммен, азаматтық парызыммен оған атсалысып жүргенімді мақта­ныш тұтамын. Қазірдің өзінде Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіретін, насихаттық топ­тар құрылып, жұмысқа кірісіп кетті. Әрине, бұл бағытта тек жиындар өткізумен шектел­мей, Жолдаудың маңызын ашатындай, қарапайым ха­лық­қа түсінікті жеткізі­ле­тіндей жұмыс әдістерін қолданатын боламыз. Елбасы Жолдауы – өз жұмысымызда басшылыққа алатын маңызды құжат, одан еліміздің өркен­деу жолдары аңғарылады. Ақтөбе облысы. Дағдарыстан – дамуға ӘРТАРАПТАНДЫРУ: БАРЫМЫЗ ЖӘНЕ БАСЫМДЫҚТАРЫМЫЗ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жол­дауында алдағы он жылға арналған мін­деттердің ішінде экономиканы дағдарыс­тан кейінгі дамуға әзірлеу мәселесіне айрықша мән беріліп, оны әртараптан­дыру табыс кілті болатыны атап көрсетіл­ген. “Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму, – деді Президент, – жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады”. Рахман АЛШАНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан экономикасының шетелден келетін осы заманғы өнімдердің сан алуандылығы мен кең номенклатурасына тәуелді болуы, республикада өндірілетін көбіне шикізаттық тауарлардың өсіп бара жатқан шетіндігі әртараптандыру пробле­масын барынша өткір қойып отыр. Егер сыртқы рынокты игеруге, әлемдік шаруа­шылық байланыстарға кірігуге бағытталған бірінші міндет іс жүзінде орындалды де­­сек, минералдық-шикізаттық ресурстарды отандық кәсіпорындарда барынша қайта өңдеу жайы әлі толықтай шешілген жоқ. Шикізат экспорты қазақстандық өнім­дерді импорттаушыларға біз сыйлаған әлеуетті қосымша құн ретінде түсіндірі­леді. Мұндай өнімдер, өкінішке орай, пай­дасын біз алмаған, дайын өнімді әзір­леу­шілер алатын күйінде оралады. Шикізат­тық шылаудан арылу оңай шаруа емес, оның үстіне республиканың ірі мемлекет­термен жасасқан ондаған ұзақ мерзімді келісімдері бар. Алайда қазірдің өзінде бұл тосқауылды еңсерудің әлеуетті де нақты мүмкіндіктері жеткілікті. Осы тұрғыдан әртараптандырудың маңызы айрықша болса керек. Елімізде әртараптандыру шаралары жүргізілмеді деуге болмас, алайда оның жетімсіз екені уақыт өткен сайын көріне беретіні сөзсіз. Қазіргі кезде экономика салаларының негізгі проблемалары өске­лең ішкі салалық бәсекелестік, жаңғырту сапасы, негізгі қорларды жаңарту қарқы­ны, жаңа технологияларды игеру интен­сив­тілігі, әлемдік рынокқа білікті шыға білу, шетелдік тауар өндірушілердің елдің ішкі рыногына сауда-саттық шабуылы болып табылады. Сондықтан да әртарап­тандыру үдерісін қолдау жөніндегі мемле­кеттік саясат теңдестірілген болуы тиіс. Барлық салалар дамудың түрлі кезеңдері мен деңгейлерінде тұр десек, бұлардың бірі инвестициялық қаржылай қолдауға зәру болса, екіншілері ішкі роноктың қорғалуын, үшіншілері салық преферен­цияларын қажет етеді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде тауарлар мен қызметтер өндіретін жаңа салалар пайда болды. Олардың кейбірі қалыптасқан салалардан бөлініп шығып, мұның өзі шектеуді талап еткені түсінікті. Елдің өңдеу өнеркәсібінде болат про­катының, шақпақ мыстың, мырыштың, қорғасынның, бастапқы алюминийдің өндірісі, мұнай өңдеу басым болды. Өнер­кәсіп салаларын үш топқа бөлуге болар еді. Біріншісі – әлемдік деңгейге жеткен­дер, екіншісі – қалыптасқан әрі ішкі және ішінара өңірлік деңгейде жұмыс істейтін­дер, үшіншісі – қалыптасқан, перспек­тивасы бар топтар. Әлемдік рынокта ұлттық брендке айналған мыс, мырыш, темір прокатымен қатар жаңа салалар  пайда болды. Бұл – ұн тарту және тері илеу өндірістері. Қазіргі кезде бұл саланың өнімдері әлемдік дең­гейге шықты. Ұн экспорты 2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы 20,4 есе ұлғай­ды. Егер республикадан экспортқа 2000 жылы 41,6 млн. доллардың ұны шығарыл­са, бұл көрсеткіш 2007 жылы 867,8 млн. долларға, 2008 жылы 849,2 млн. долларға жетті. Қазақстанның ұн тартушылары бұл көрсеткіш бойынша әлемдік біріншілікті иеленіп, оны үш жыл қатарынан ұстап келеді. 2008 жылы 10,8 млн. тонна әлемдік экспорттан республиканың үлесіне 23,9 пайызы келді. Бұл жағынан Қазақстан Түр­кияны да, Еуроодақ едерін де, Арген­ти­каны да артқа тастады. Көршіміз Ресей­ден осы көрсеткіш бойынша 4 есе алда екенімізді де айтуға болады. 2010 жылы сыртқы рынокқа 2,5 млн. тоннадан астам өнім жөнелту, бірінші орында сақтау үшін ассортиментті жақсартып, жаңа рынок­тарға шығу көзделіп отыр. Қазақстанның ұн тарту қуаты жыл сайын 6 млн. тонна ұн шығаруға мүмкіндік беретінін, ұн тарту кәсіпорындарындағы қуаттардың орташа жұмыс жүктемесі 50 пайыздан аспайты­нын ескерсек, мұндағы мүмкіндіктердің мол екенін түсінеміз. Қазақстанның тері илеу өнеркәсібі әлемдік рынокқа соңғы жылдары ғана шық­ты. 34 кәсіпорны бар салада құры­лым­дық ілгерілеулер жүріп, құрал-жабдықтары ескірген кәсіпорындардың орнына жаңалары келіп жатыр. Мұндағы корпоративтік көшбасшы Семей тері-мех комбинаты неміс, италиян және түрік құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Ол республикадағы қуатты да заманауи тері илеу кәсіпорнына айналды. Оның толық өндірістік қуатына көшу жылына ірі қараның 450 мың данаға дейін терісін илеуге мүмкіндік бермек. Мұндағы қазіргі шығарылатын өнімдер хром аяқкиімге, хром киімге, басқа да қажеттіліктерге жаратылады. Сол секілді Алматы тері илеу зауыты мен “Жамбыл аяқкиім терісі” комбинатын атап өтуге болады. Соңғы жылдары қой терісін илеу де қолға алына бастады. 2008 жылы Қазақстан 449 млн. долларға тон терісін экспорттады. Оларды негізінен Қытай мен Италия  сатып алды. Бұл – АҚШ-тан, Бразилиядан, Ар­ген­тинадан, Үндістаннан кейінгі бесінші көрсеткіш. Енді әртараптандырудың перспектива­лық бағыты саналатын металл өңдеу өнеркәсібіне назар аударайық. Табиғи артықшылықтарға ие Қазақстан оларды барынша пайдалана отырып, жоғары бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған сала құруы тиіс. Бұған қазіргі кезде 724 кәсіпорын мен өндіріс жұмыс істейтін металлургиядағы оң үрдістер қолайлы болып табылады. Ал қара металлургияда – бұл металл түйіршіктерін шығару. Дүние жүзінде қазір мұндай өндіріс­терді салу қауырт жүріп жатыр. Өйткені, осындай өнім салыстырмалы түрде жоға­ры қосымша құнға ие. Ал оны өндіруді жолға қою көп қиындықтар туғызбайды. Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде салынған зауыт әлі де аздық етеді. Вольфрам, молибден, хром секілді металдардың бірегей қоры бар республика тот баспайтын және басқа сапалық қасиеттері бар болат шығару жөніндегі өзінің әлеуеттік мүмкіндіктерін жете пайдаланбай отыр. Металл өңдеу саласында бірқатар бұйым­дар шығару жолға қойылған. Жар­ты­лай фабрикаттардың, қара металдан жа­сал­ған бұйымдардың экспорты өсуде. Бұл өнімнің 12 түрін 27 елге экспорттау 18 есе өсіп, 2000 жылғы 48,8 млн. доллардан 2008 жылғы 899,4 млн. долларға жеткен. Алайда ішкі және сыртқы рыноктар­дың әлеуеті саланың кеңейтілуін талап етуде. Қазақстан жыл сайын металды көп қажет ететін өнімдерді – мұнай-газ құ­быр­ларын, теміржол вагондарын, металл конструкцияларды, сымдарды, шегелерді көп көлемде әкеледі. Жеке тауарлардың импорты (млн. доллар) Жылдар           2000        2003        2007        2008 Болат құбырлар  208,1       384,7       1065,1     2639 Жүк вагондары  59,1         189,1       123          450 Металл шыбықтар             34,1         97,6         665          442,4 Темір бұрыштар                22,4         53,0         269,3       255,5 2008 жылы 2,8 млн. тонна осындай өнімдер сырттан әкелінген. Қара металдан жасалған өнімдер импортының жалпы со­масы сол жылы 3,5 млрд. доллардан асып түскен. Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Екібастұз, Руд­ный қалаларында салынып жатқан метал­лургия зауыттары, сымдарды, арматура­лар­ды, бұрыштарды, темір шыбықтар мен бас­қа да сондай өнімдерді шығара бас­тауы­мыз республиканың сұранысын қана­ғаттандырып, оларды сыртқа жөнелтуді кеңейтер еді. Бұл жерде бизнестің өз өнімдерін ішкі және сыртқы рыноктарда өткізуі үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Қазақстанның комплектілеу және қосалқы бөлшектер шығарудың әлемдік өндірісіне белсене қатысуы металл өңдеу өнеркәсібі үшін маңызды бағыт болмақ. Көптеген елдер осындай әдіске көше бастады. Мәселен, ресейлік кәсіпорындар еуропалық және америкалық ұшақ жасау­шылар үшін титан  бұйымдар шығаруды игерген. Ал Тунис болса еуропалық автоөндірісшілер үшін комплектеуші бөлшектер шығаруды жолға қойған. Қазіргі кезде жедел дамып, айрықша назарды талап ететін құбыр өнеркәсібі туралы баса айтқан жөн. Елімізде бұл саланың өнімдерін шығару жиырмадан астам кәсіпорында ұлғайып келеді. 2008 жылы құбыр шығарудың жалпы көлемі 170 мың тоннаны құраса, соның ішінде болат, шойын құбырлар 104,2 мың, пластмасса құбырлар 58,5 мың, асбест-цемент құбырлар 6,8 мың тонна болған. Алайда ішкі рыноктың сұранысы то­лық көлемде қамтамасыз етілмейді. Тіпті жылдық қуаты 270 мың тоннаға жететін, жіксіз мұнай-газ құбырларын шығаратын “KSP Steel” зауытының (Павлодар қ.) іске қосылуы да тапшылықты жаба алмай отыр. Отандық болат құбырлар өндірісі импорт көлемінің 10 пайызын ғана құрай­ды. Мұнай-газ құбырларының көптеп салынуы, олардың ағымдағы және күрделі жөндеуі бұл өнім өндірісін ұлғайтуды талап ететіні сөзсіз. Отандық құбыр өнеркәсібі жаңа деңгейге көтеріліп, қажет өнімнің шығарылуын қамтамасыз етсе, қаншама қаражат басқа салаларға жұмса­лар еді. Сонымен қатар бұл өнім экспор­тының өсіп отырғанын да ескеру керек. Мәселен, 2000-2008 жылдары құндық тұрғыдан алғанда бұл көрсеткіш 34,7 есе өсіп, 2000 жылғы 5,4 млн. доллардан 2008 жылғы 187,5 млн. долларға жеткен. Елімізде отандық вагон жасауда бет­бұрыс байқалады. Солтүстік Қазақстан об­лысындағы “ЗИКСТО” мәшине жасау­шы­ла­рының ҚТЖ-ға өнімдерін бере бас­тауы көптен күткен жобалардың сапалық ілгерілеуін көрсетеді. Екібастұз (“Таман” ЖШС), Арал (“Аралвагон”) қалаларында, Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Құмсай кентінде (“Мәртөк механика зауыты”) жаңа вагон жасау өндірістерінің пайда болуы елімізде жүк платформа­ларын, жартылай вагондар мен мұнай цис­терналарын шығару жөніндегі толық­қанды саланың құрылуын қамтамасыз етеді. Өңірлердің ынтымақтастығы туралы меморандумдарға қол қою Шығыс Қазақ­стан және Қарағанды мәшине жасау­шы­ларының вагон жасаушылар үшін қажетті бөлшектер беру жөніндегі ресурстарға ие екенін көрсетіп берді. Белгілі ғалым және теміржолшы маман Нығметжан Есенғарин атап өткеніндей, бұл маңызды істе “Вагон жасау” бірыңғай бағдарламасын құруды үйлестіру қажет, сонда мүмкін болатын қайталаулар мен қажетсіз бәсекелестіктің пайда болуына жол бермеу мақсаты орын­далады. Ал енді вагон жасаушылар­дың айрықша қажет астық тасымалдау қон­дыр­ғыларын құрастырмауы таң­данарлық жағдай. Сол секілді көліктік мәшинелерді жасау да жанданып келеді. Қазір электровоздар мен тепловоздар (Астана, Атбасар, Шу қалалары), автомобиль (“АзияАвто”, Өскемен қ.), КамАЗ жүк мәшинелерін (Көкшетау, Алматы қ.), автобустар (Семей қ.), троллейбустар (Алматы қ.) жинау, кеме жасау (Орал қ.) кәсіпорындары назар аудартады. Бұл қатарға Қостанай дизель зауытын да қосу керек. Мұнда отандық мәшине жасаушылар мен металлургтерді барынша іске қосатын жүйелі жұмыс қа­жет. Маңызды көліктік держава ретіндегі Қазақстан үшін толыққанды салалық мәши­не жасау өндірісін құру айрықша маңызды. Бүгінгі таңда комбайндар, тракторлар және басқа техника жинауды қамтамасыз ететін ауылшаруашылық мәшинелерін жасау, тұрмыстық және өнеркәсіптік электрондық есептеу құралдарын жасай­тын оннан астам кәсіпорынды қамтитын аспап жасау, қазба байлықтардың түр-түрін қазумен айналысатын еліміз үшін кен мәшинелерін жасау, аккумуляторлар, трансформаторлар, электр кабельдері мен сымдарын, төмен вольтты аппаратура, айыр­ғыш заттар шығаруды қамтып отыр­ған электр-техникалық өнеркәсіп жақсы өркендеп келеді. Бұл салада күрделі электр-техникалық бұйымдар мен жаб­дықтар (теледидар, кір жуу мәшинесі, магнитофон, сораптар, электр двигатель, генератор) шығаруды игеру жөніндегі ізденістер әбден қажет. Фармацевтика өнеркәсібі – жедел дамушы салалардың бірі. Ол қазір меди-ци­на және фармацевтика өнімдерін өндіре­тін 79 кәсіпорынды қамтиды. Ал республикада шығарылатын барлық дәрі-дәрмектің 90 пайыздан астамы “Хим­фарм” АҚ, “СП Глобал Фарм”, “Ромат” ФК, “Нобел АФФ”, “Нұр-Май Фарм” ЖШС секілді бес кәсіпорынның үлесіне келеді. Қарағанды фармацевтика зауыты өндірістің толық циклын игерген. Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткеніндей, “Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық қажетті базалық жағдайларды жасадық. Дәрілердің 50%-ы біздің елімізде шығарылатын болады”. Ал енді дәрі-дәрмек импорты бір жылда 500 млн. доллардан асқанын ескерсек, отан­дық медициналық және фармацевтикалық кәсіпорындар мен осы сала ғалымдары­ның алдында үлкен міндеттер тұрғандығы анық. Корпоративтік көшбасшылары “Қа­зақ­стан қағазы” АҚ және “Каполиграф” АҚ болып табылатын целлюлоза-қағаз өнеркәсібі де жақсы қырларынан көрінге­ні­мен, әлі де болса сұраныс толық өтеліп отырған жоқ. “Іле картон-қағаз комби­наты” АҚ орау картоны мен офсеттік қағаз шығарады. Сол секілді гофрокартон және гофроыдыс шығару жөніндегі өндірістік базалар Ақтөбеде, Қостанайда бар. Ал Іле комбинаты Қазақстандағы және Орталық Азиядағы офсет қағаз шығаратын бірден-бір кәсіпорын болмақ. Қазақстанда 2000-2008 жылдары қағаз бен картон шығару 6,5 есе ұлғайып, 35,8 мың тоннаға жетті. Алайда өндіріс сұраныстан көп қалып қойып отыр. Мәселен, 2008 жылы республикаға 166,6 мың тонна қағаз өнімдері келіп, оның сомасы 324,5 млн. долларға жеткен. Республикада қағаз қал­дық­тарының 20 пайыздан аспайтын мөл­шері қайта өңделетінін ескерсек, бұл өнді­рісті қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқы­лы кеңейтуге әбден болады. Бір ғана Алматы қаласында жыл сайын 110 мың тонна қағаз тасталады екен, ал бұл көрсет­кіш еліміз бойынша 420-480 мың тоннаны құрайды. Қытай, мәселен, қағаз өндірісі үшін қағаз қалдықтарын қайта өңдейді, ал бұл тұрғыдағы тапшылықты АҚШ-тан, Еуроодақ және басқа елдерден қағаз қал­дық­­тарын импорттау арқылы қамтамасыз етеді. Ұн тарту өнеркәсібінің дамуына қарай өркендей түскен макарон өнеркәсібі сегіз жылда 3,2 есе өсіп, 122,4 мың тоннаға жетті. Бұл өнімді өндіру бойынша Қазақстан әлемде жиырма тоғызыншы орынға шықты, ал әлеуеті жағынан бестікке кіру мүмкіндігі бар. Әртараптандыру үдерісінің жүруіне орай жем-шөп және жем өнеркәсібі, әйнек өнеркәсібі, экологиялық өнеркәсіп ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі, химия өнеркәсібі өркендеп келеді. Әрине, бұл салаларда ауқымды шаралар атқарылуы керек. Әйтпесе, біздегі құрылыс материал­дары өнеркәсібін, “Ақтөбе рентген” зауыты арқылы айшықты көрініп отырған медицина өнеркәсібін, бір кездері өзіміз құлдыратып алып, қазір жаппай қолға алынып жатқан тоқыма өнеркәсібін, кондитер өнеркәсібін балық өнеркәсібін, мұнай өңдеу өнеркәсібін, зергерлік өнеркәсібін, полиграфия өнеркәсібін, парфюмерия-косметика өнеркәсібін дамыту еліміз үшін, халқымыз үшін көп пайда әкелетінін әсте ұмытуға болмайды. Дағдарыстан кейін экономика біртін­деп қалпына келіп, сұраныс пен ұсыныс таяудағы уақытта бұрынғы деңгейіне ора­латыны анық. Алайда өндірістік қызметтің сапасына қатысты мәселе өне бойы алдан шығады. Өйткені мұның өзі адам капита­лын дұрыс пайдалануға, бәсекеге қабілет­ті­лікті арттыруға, еңбек өнімділігін өсіруге, өнім сапасын жақсартуға әсер ететіні сөзсіз. Қазақстан ІЖӨ өндіру бойынша әлемде елуінші орыннан сәл төмен тұр. Ал экономиканы әртараптандыру есебінен өркендетер болсақ, таяу болашақта бұл көрсеткіштің өзгеретіні сөзсіз. Әрине, ІЖӨ көрсеткішін өсірудің елдің және халықтың әл-ауқат деңгейін жаңа дәреже­ге көтеретінін есте сақтау керек. Сондық­тан да экономиканың өскелең әлеуетін әр­тараптандыру негізінде қазақстандық­тардың игілігіне айналдыру – әбден нақты да қолжетімді міндет. ЖАҚСЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ Егеубек ДАЛБАҒАЕВ, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жария етіп, қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген берік сенімі мен қажыр-қайратын еселей түсті. Жастардың өмірлік көзқарасын қалыптастыруда аға ұрпақ өкілдерінің тағылымды тәжірибесі, айтар ақылы ауадай қажет. Өйткені, бүгінгі ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне зор үлес қосқан, еңбегімен соңына үлгілі, өшпейтұғын із қал­дырған жандар. Демек, Отан қор­ғау­дағы ерліктері, игілікті істерімен көзге түсіп, еліміздің ынтымағы мен  береке-бірлігінің үлгісі болған қазыналы қарттардың өмір жолы әрдайым лайықты бағалануда. Жолдауда “Ардагерге қамқорлық” бөлімінде “Әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленетін болады. Сол сияқты соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген, Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайлары, қаза болған соғыс мүгедектері мен оларға теңес­тірілген мүгедектердің жұбай­лары, соғыс жылдарындағы тыл еңбек­керлері де материалдық қолдаусыз қалмайды”, деп атап көрсетілгені барша қауымнан қолдау тауып отыр. Қазіргі кезде облыстағы ардагер­лер қоғамдық бірлестігінде 160 918 соғыс және еңбек ардагері бар болса, олар 19 қалалық, аудандық, 739 бастауыш ұйымдарға біріктірілген. Құнды құжат барлық бастауыш ұйым­дарда талқыланып, осы шақыруға байланысты аға ұрпақ қоғам алдын­дағы жауапкершіліктерін жете сезініп, қайтарымды істерімен танылуға ұмтылуда. Атап айтсақ, облыстағы  “Ар­дагер әжелер” ұйымдары құры­лып, дәстүрге сай олар ұрпақ тәр­бие­сіне кеңінен араласып келеді. Нәти­жесінде  ардагерлер ұйымы өзінің жұмысын жыл санап жетілдіріп, тек мемлекет мойнында тұтынушылар ғана емес, қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарымызды ата-бабалар дәстүрі негізінде тәрбиелеуде өздері­нің өмірлік бай тәжірибелерін насихаттап, халқымыздың рухани байлығын, деңгейін көтеруге үлес қосып отыр. Жолдауда еліміздегі әлемдік қар­жы дағдарысының алдын алу, эко­номиканы әртараптандыру, инвес­ти­­ция тарту, шағын және орта кә­сіп­керлікті дамыту, жас ұрпаққа білім беру мен халықтың денсау­лығын жақсарту мәселелері де ор­нықты орын алғанын көруге болады. Соны­мен бірге, қоғамның жан-жақты дамуы ішкі саяси тұрақ­тылыққа байланысты екендігі ту­ралы да нақты міндеттер жүйе­ленгені аға ұрпақтың көптен көкейде жүрген мәселелерін дөп басқанымен құнды деген жөн. Біз аштықты да, сұрапыл соғысты да бастан кешірдік. Демек, қай қо­ғамда өмір сүру деңгейінің жоғары екендігіне нақты баға бере аламыз. Осы орайда бүгінгі аста-төк заман халқымызға егемендіктің арқасында ғана келген сый. Әрине, қоғам дамыған сайын адамдардың өмір сапасын жақсартуға деген талап-тілегі өсетіні белгілі. Дегенмен, көзі қа­рақты халқымыз жақсы мен жаман­ның аражігін ажырата білуі тиіс. Жолдауды оқи отырып, осындай ой тұжырымдадым. Жолдау әр адамды саяси белсенділік пен сенім биігіне құлшындыратыны анық. АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРЛЫ МЕМЛЕКЕТТЕР қатарынан орын алуымыздың алғышарттары Алматы жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты бағдарларын талқылады. Қала әкімі Ахметжан Есімовтің төрағалығымен өткен жиналысқа еліміздің белгілі ғалымдары, кәсіпкер қауым өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері мен жастар қатысты. Бүкіл әлемді шарпыған экономи­ка­лық дағдарыстан еңсесін түсірмей келе жатқан Қазақстан үшін әлемдік қоғамдастыққа елдің саяси және экономикалық әлеуетін паш ететін Елбасының халқымызға арнаған жаңа Жолдауының мәні ерекше. Қазақстанның қаржы-экономи­ка­лық және мәдени орталығы болып отыр­ған алып шаһар Алматының келешектегі дамуының басты белестері Президент Жолдауындағы басты бағдарларға тікелей тәуелді. Дамыған мемлекеттер экономикасының басты діңгегі болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік шоғырланған Алматы қаласының тұр­ғын­дары үшін Жолдауда Үкіметке 2011 жылы бизнесті тіркеуге және жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 30%-ға, ал 2015 жылы тағы да 30%-ға қыс­қарту тапсырылуы көптеген мәсе­лелердің шешілетініне үміт ұялатады. Жолдау бағдарларына сәйкес Алма­ты­ның 2020 жылға дейінгі даму страте­гиясы да жасалды. Ол стратегия бойын­ша, біріншіден, Алматы Отанымыздағы Ислам банкингінің орталығы болады. Екіншіден, еліміздің туристер ең көп келетін аймағы ретінде танылған қалада “Азиада-2011-ге” арналып салынып жатқан нысандар кеңінен пайда­ла­ны­лады. Бұл өз кезегінде халықты сала­матты өмір салтына тартуға өз септігін тигізеді. Үшіншіден, Президенттің Жолдауында ерекше атап көрсетілген ғылыми-инновациялық және білім орталығы болып қалыптастыру үшін жоғары оқу орындары мен кәсіпкер­лер­дің басын біріктіретін индустриялық-инновациялық аймақ құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте Елбасының “Ішкі сұ­раныс базасындағы секторларды дәстүрлі индустриялық орталықтар жанында, сондай-ақ қуатты кадрлық әлеуеті бар Алматы мен Астана қалаларында дамыту қажет”, деп бұл мәселеге аса үлкен мән беруі аталмыш жобаның шаһар үшін маңыздылығын айқындайды. Кеңеске жиналған зиялы қауым биылғы Президент Жолдауында жауапты органдарға тек идеологиялық қана емес, нақты тәжірибелік мәні бар мәселелер бойынша тапсырмалар берілгенін баса айтты. Биылғы жылдың негізгі ерекше­ліктері болып табылатын алдағы он жылға арналып жасалатын нақты даму жоспары, тәуелсіздік туының астында өт­кізген жылдарымыздың тереңнен саралануы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты басым­дықтар, Қазақстанның индустриялық-инновациялық мемлекет ретінде дамуын бекемдеу құжаттың тарихи мәні мен доктриналық құндылығын айшықтайды. Мемлекет басшысы дағдарыс жылдарын­дағы экономикалық елеулі сынақтарға талдау жасай отырып, алдағы міндет­теріміздің бағдарын да айқындап берген. Нұрсұлтан Әбішұлының “Ұлы жолда ұлы мұратты мақсат етіп қоя білген ел қашанда биіктерді бағындырмақ”, деген сөзі бүгінде ұлағатты қағидаға айналуы тиіс. Осы орайда, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі бізге білдірілген үлкен сенім болып табылады. Сол үдеден шыға білу зор жауапкершілікті талап етеді. Яғни, бұл – Елбасымыз бастаған егемен мемлекетіміздің баянды тәуел­сіздік жылдарындағы тың бастама­ларының, қыруар еңбек пен бірлігі жарасқан ынтымақтың арқасында мүмкін болған табыстарымызды нығайта түсу деген сөз. Осы ретте сөз алған экономист Рах­ман Алшанов Қазақстанның экономи­калық әлеуетінің зор мүмкіншіліктерін саралап айта келе, үлкен жетістіктерге жету үшін нақты бағдарлама мен көреген саясат қажеттігіне тоқталды. Ал барлық бағыт бойынша көшбасшымыз, жол сілтеріміз болып табылатын Нұрсұлтан Назарбаевтің халыққа Жолдауы біздің алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатары­нан орын алуымыздың басты құрал­дарының бірі десек, қателеспейтініміз анық. Айгүл ЕШМАҒАМБЕТОВА, журналист, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін. Алматы. ДАМУДЫҢ ЖОЛДАРЫ НАҚТЫЛАНА ТҮСТІ Аманқос ШАУҚАМБЕРДИЕВ, Маңғыстау облыстық ауруханасы  травматология бөлімінің меңгерушісі, денсаулық сақтау ісінің үздігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жол­дауын асыға күту дәстүрге ай­на­лған. Өйт­кені Жолдауда еліміздің экономи­ка­лық дамуы, халқымыздың әл-ауқаты жай­л­ы жан-жақты айтылуымен қатар, алдағы жылдардағы дамуымыздың басты бағыттары белгіленіп, тиісті талап­тар қойылады. Осы жылы да солай, табысқа жетудің, өрлеп-өсудің басты тетігі эко­но­миканы өрге бастыру және де ел ын­ты­мағы мен халық бірлігі екен­дігі баса айтылды. Жолдауда ешкім де, ештеңе де назардан тыс қалмады. Дүние­жүзілік эко­номикалық дағдарыс біздің еліміз үшін ауырға соқпағаны деректер арқылы көлденең тартылды. Енді 2020 жылға дейін­гі даму стратегиясын орындауға кірісетіндігіміз жария етілді. Онжыл­дықтағы өрлеуіміздің негізгі бағыттары байыпты түрде баяндалды. Ал халық денсаулығы – Қазақ­станның өзінің стратегиялық мақ­сат­тарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі, деп атап көрсетілуі осы сала қызметкерлері үшін үлкен мәр­тебе, зор жауапкершілік екендігін біздер жақсы түсінеміз. Елбасының 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе, жалпы өлімді 30 пайызға, туберкулезбен ауруды 20 пайызға қысқартып, өмір сүрудің ұзақтығын 72 жасқа ұлғайтуды алға қоюы — ел халқының келешекке деген үмі­тін үкілендіріп, сенімдерін нығайта түсетін мерейлі міндет, маңызы терең мақсат. Бұл орайда облыста игілікті істер баршылық. Салаға бөлінген қаржы алдыңғы жылдан 28 пайызға өсті. Ана мен бала өлімі, туберкулезбен ауыра­тын­дар саны азайып келеді. Облыстық ауру­хана күрделі жөнделді. Жаңадан кар­диохирургия бөлімі ашылып, жергілікті мамандар жүрекке операция жасай бастады. Облыстық қан орталығы, бірне­ше аурухана, емхана құрылыстары осы жылы салынып біткелі отыр. Осының бәрі Елбасы Жолдауын ойдағыдай жүзеге асыруға бізде мүмкіндік те, жағ­дай да, ынта-жігер де бар екендігін білдіреді. Ақтау.