Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Қазақстан мен Америка прези­дент­те­рінің кездесуі: Нақты нәтижелерге қол жеткізілді

45 реткөрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын сәт­ті деп айтуға болады. Қазақстан мен Америка прези­дент­те­рінің жеке кездесуі екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас та­рихының жаңа парағын ашып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. 

Біріншіден, кеңейтілген стра­тегиялық әріптестікті орнату туралы ортақ саяси шешімдер қабыл­данды. Бұл биылғы жы­лы 26 жыл толатын екі ел арасын­да­ғы жемісті әріптестік одан әрі тереңдей түсетінін білдіреді.

Астана үшін Вашингтон сыртқы саясаттағы негізгі әріп­тес әрі экономикадағы маңыз­ды инвестор болып табылады. Өз кезегінде, Дональд Трамп атап өткендей, Америка қуатты, дербес және тәуелсіз Қазақстанды АҚШ-тың Орталық Азиядағы сенімді досы әрі стратегиялық әріптесі ретінде қарастырады.

Бұл жерде экономикалық мәсе­лені де атап өту қажет. Ке­л­іс­сөз қорытындысы бойын­ша өткен брифинг барысында Мем­лекет басшысы жалпы сома­сы 7,5 млрд доллардан асатын 20 келісімшартқа қол қою көз­делгенін атап өтті. Астананың АҚШ-пен жоғары технологиялар мен инновациялық өндірістер трансферті бойын­ша байланысты дамытуға мұқтаж екені жасырын емес. Бұл тұрғыдан алғанда, жаңа келісімдер Қазақстанға эко­номикадағы «цифрландыру» мә­селесін жүзеге асыруға мүм­кін­дік береді деп сеніммен айтуға болады.

Екіншіден, Д.Трамп пен Н.Назарбаев АҚШ пен Қазақстан­ның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті күшейту бойынша ортақтаса әрекет ететінін растады.

Бұл Қазақстан мен АҚШ күштерін Ауғанстан бойынша біріктіруді білдіреді. Сонымен бірге Қазақстан терроризмге қарсы күрестегі АҚШ-тың табандылығын қолдайтынын мәлімдеді. Екі ел басшылары Солтүстік Кореядағы ядролық мәселе бойынша ортақтаса жұ­мыс істейтіндерін де атап өтті.

Үшіншіден, Қазақстан мен АҚШ «С5+1» аймақтық үн­қа­тысу алаңы аясындағы әріп­­­тес­тікті дамыту туралы ке­­лі­­­сімге келді. Бұл тұрғы­дан ал­ғанда, аталған алаң жұ­мы­сы­нан жаңа бастамалар күтуге болады.

Жаңа әкімшілік өз жұмы­сын бастап, Д.Трамп «Алды­мен Америка» деген ұран тас­та­ған соң Орталық Азияда Вашинг­тон­­ның аймаққа деген қызы­ғу­шылығының төмендеуі туралы көп айтылды.

Алайда, Н.Назарбаевтың са­пары мен оның Д. Трамппен кез­десуі аймақтың Вашингтон үшін жоғары деңгейде тұрғанын көруге болады.

Жұмабек САРАБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші

сарапшысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар