Президент Н.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы бағдарламалық құжат болып табылады. Мұнда Президент еліміздің алдағы жылдарға арналған экономикалық даму бағдарларын анықтайтын негізгі мақсаттар мен міндеттерді айқындады. Оның негізгісі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларына жаңа цифрлы технологияларды батыл енгізіп, кеңінен қолдану.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет» екенін айта отырып, бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыратынына тоқталды. Елбасы ол үшін еліміздің ірі кәсіпорындарында цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаны іске асырып, кейіннен бұл тәжірибені кеңінен тарату керектігін атап өтті.
Жалпы, өткен жылы өңірімізде 158 кооператив құрылып, нақты саны 640-қа жетті. Оған 55 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар мүше болды. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орында. Ал индустрияландыру картасы бойынша 172 жоба іске қосылса, өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 417 млрд теңгені құрады.
Дегенмен тек шикізат секторына негізделген экономика еліміздегі тұрақтылыққа негіз бола алмайтынын өткен жылдардағы дағдарыстар іс жүзінде көрсетіп берді. Шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін технологиялық мешеуліктен құтылып, өнімділікті арттырып, халықаралық нарықтарда сапалы және сұранысқа ие тауарларымызды саудалай алатын күнге жетуіміз керек. Бұл әсіресе агроөнеркәсіп кешені үшін маңызды міндет.
Сәду БЕКЕНОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы
Оңтүстік Қазақстан облысы