Бұл – қазақ жерінің бостандығы жолындағы бабалар күресінің куәсі болған мекен. Жасыбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар сынды қазақ батырлары қалмақ қолын ойсырата жеңіп, қазақ даласын жоңғар басқыншылығынан құтқарғанда шешуші шайқастардың бірі өткен жер.
XVIII ғасырдың 40-жылдары қалмақ қолы Баянауылды қоныстанған қазақтарға Ертіс жағынан шабуылдап, басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасыбай батыр бастаған қазақ жасақтары жауға соққы береді. Ауыр шығынға ұшыраған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып, қарсыласады. Шайқастың бірінде Жасыбай батыр жасырынып келген жоңғар мергенінің садақ оғынан көз жұмады. Десе де қатары селдіреп қалған жау жазық далаға қарай қашып, Серектасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») барып бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырады. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен. Жақында «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермат Байқұрмановтың бастамасымен облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бір топ журналисі Ақшиман еліне арнайы барып, өңірдегі киелі жерлер мен тарихи орындарды аралап қайтқан болатын.
Ақшиман ауылында ең алдымен ауыл шетіндегі Олжабай батыр ескерткішіне тоқтадық. Ауылға кіре берістегі төбешіктің үстіндегі ескерткіш 2006 жылы республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында салынған. Одан кейін Қайса атаның кесенесі орналасқан зиратқа ат басын бұрып, аруақтарға дұға бағыштадық.
Сапар барысында табиғаттың тағы бір таңғажайыбын кездестірдік. «Қалмаққырылған» тауының күнгей жағындағы Әулие үңгірді көрген жанның таңданбауы мүмкін емес. Үңгір аузының көлемі адам бойынан биік, ішке еңкеймей-ақ кіруге болады. Бірақ әрі жүрген сайын кішірейе береді. Ауыл тұрғыны Мұрат Әлібаевтың сөзінше, бұрын үңгір таудың күнгейінен кіріп, теріскей бетінен бір-ақ шығатын дәліз секілді болған. Алайда кейінгі жылдары ортасына тас құлап, бітеліп қалған екен.
Ақшиман елінде ақиқатқа негізделіп айтылатын аңыз-әңгімелер өте көп. Мұндай дүниелер ғалымдардың зерттеуі мен тарихи кітаптарға енгізілмесе де, ауыздан ауызға тарап, халықтың санасына сіңіп қалған және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Мәселен, «Қалмаққырылған» тауларының бір шоқысы «Гауһар биігі» деп аталады екен. Гауһар (шын есімі – Майсара) – Малайсары батырдың туған қарындасы және Қабанбай батырдың жары. Ел аузында тараған әңгімелерге сүйенсек, Гауһар қыздың көзі өткір болған. Жаугершілік заманда биік шоқының төбесіне шығып, маңайды қарауылдап отырған. Егер бөтен адамның қарасы байқалса, бірден ағасы Малайсары батырға хабарлайды екен. Міне, «Гауһар биігі» деген атау содан қалыпты.
Өкінішке қарай, «Қалмаққырылған» тауларының құпиясын әлі толық аша алмай келеміз. Бұл – жергілікті өлкетанушылар мен археологтердің тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізілмейтіндігінің белгісі. Міне, соның салдарынан «Қалмаққырылған» тауы туралы ел аузында аңыз түрінде ғана айтылғанымен, нақты тарихи деректер мен археологиялық дәлелдер өте сирек. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше, «Қалмаққырылғанның» «Қазақстанның киелі жерлер географиясының» республикалық тізіміне енбей қалуының ең басты себебі де осы.
Ғалым Қайрат Батталовтың айтуынша, Қазақстанда «Қалмаққырылған» деп аталатын бірнеше жер бар. Сол өңірлердің барлығында кезінде қазақ-қалмақ шайқасы болғаны тарихтан белгілі. Бірақ осылардың ішінде ең ірі әрі шешуші шайқас біздің өңірде болғанын тарихшылар дәлелдеп отыр. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бір жазбасында: «Бұл – Сарыарқаның тағдыры шешілген жер. Олжабай мен Жасыбай батырлар бастаған қазақ қолы қалмақ әскерлерін Серектаста қырғаннан кейін қалмақтар Сарыарқа даласына аяғын аттап басқан жоқ» деп келтіреді.
Иә, «Қалмаққырылған» тауына жоғары деңгейде зерттеу жүргізілуі керек. Осы ретте жергілікті ғалымдарға және өлкетанушылар мен археологтерге артылар жүк ауыр. Егер осы ұсынысымыз шынымен жүзеге асып жатса, бұл өңір ел назарын өзіне тарта алатын үлкен тарихи туристік орынға айналатыны сөзсіз.
Тілеуберді САХАБА
Павлодар облысы,
Май ауданы