– Балабақшада тәжірибелі мамандармен қатар жастар да жұмыс істейді. Арнайы психолог кабинеті қарастырылған. Балалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгереді, – дейді балабақша меңгерушісі Гауһар Төлегенова.
Атырау қаласының аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Биылдан бастап Балықшы және Жұмыскер ауылдық округтері Атырау қаласының құрамына кіреді. Елбасының облыс орталықтарынан бес шақырым қашықтықта орналасқан ауыл және ауылдық округтерді оңтайландыруға бағытталған тапсырмаларын орындау барысында аталған ауылдық округтерде тұратын 30,5 мың адам енді қала тұрғыны болып есептеледі. Бұл сәйкесінше әлеуметтік нысандардың қатарын көбейту қажеттілігін де тудырары сөзсіз. Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, қазір балабақша кезегінде 7 800 бала тұр. Өткен жылы облыс орталығында үш балабақша пайдалануға берілді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 20 балабақша құрылысына жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. Демек, мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешілетін күн де алыс емес.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ