Аймақтар • 18 Қаңтар, 2018

Ақтөбе облысы қажет маманды өздері оқытады

467 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы биылғы Жолдауында «Жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс» деді. Осы орайда Астана мен Алматыны айтпағанда, қазіргі күні облыс орталықтары мен еліміздің өзге де үлкенді-кішілі қалаларында қонақүй мен мейрамхана бизнесін дамыту ісі ерекше мәнге ие.  

Ақтөбе облысы қажет маманды өздері оқытады

Бүгінде аталған сала маман­дары еуростандарттарға сай іс-қимыл таныта алмаса, іскер­лігімізге сын. Өйткені шетелдерден келетін қонақтар мен туристер елдік дамудың деңгейіне бірінші кезекте қонақүйлер мен мейрамханалардағы қызмет көрсету сапасына қарап, өлшем жасауы әбден мүмкін. Яғни мұндағы басты қағида біреу ғана – көрсетілетін қызмет түрлерін әлемдік талаптар нормаларынан кем түсірмеу.

Осы орайда Ақтөбе аймағында ерекше бір жобаның тұсауы кесілді. Облыс орталығындағы ірі кәсіпорындардың жанынан арнайы оқыту орталықтары ашы­лып, жұмыс істей бастады. Оған жұмыспен қам­ту орталықтарында жұмыс­сыз ретінде тіркелгендер қабыл­данады. Оқу мерзімі – екі ай. Ас­паз, даяшы және әкімгер ма­ман­­дығын алып шыққандарға мемлекеттік үлгідегі сертификаттар тапсырылады.

Үкімет тарапынан оқыту ор­талықтары үшін тиісті қар­жы­лық қолдау көрсетіліп отыр­ғанын да айта кеткен жөн. Соған сай әр оқушы үшін 24 мың теңге көле­мінде төлем төлеу шаралары белгіленген. Бұл қаражат оқы­тушының еңбекақысы мен өзге де материалдық шығындарды өтеуге жұмсалады.

Біз таяуда облыс орталығында қызметін бастаған жаңа құры­лымдардың бірі «Дамыту» оқыту орталығында болып, қызметімен танысқан едік. Бұл орталық «Ақ­төбе облысының қонақүйлер мен мейрамханалар бизнесі» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылыпты. Ол «Зере» мейрамханасы базасында орналасқан. Жаңа мамандыққа қайта әзірлеу кезінде курс тыңдаушыларына ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлеу тәртібі ор­ны­ғыпты.

Бұл жерде тәжірибелік сабақ­тарды жүргізу үшін арнайы кабинеттер ұйымдастырылған. Орта­лықта жоғарыда айтылған маман­дар даярланады. Бұл ретте кәсіпқой бас аспаз бен мей­рам­хана әкімгері курс тыңдау­шы­ларына тақырыптарды то­лық түсіндіріп айтып береді. Бұдан әрі тәжірибелік сабақтар жалғасады. Дамыту орталығына қабылданғандар тек бас аспаз бен бас әкімгердің тәлімімен шектелмей, «Ақтөбе облысының қонақүйлер мен мейрамханалар бизнесі» қауымдастығы мү­шелері мен Ақтөбе қала­сын­дағы дәмхана және мейрамхана иелерінің дәрістерін қоса тыңдайды.

Оқыту орталығында аспаз ісі мен басқару менеджментіне бағыттаудың кешенді іс-жос­пары бекітілген. Оған облыс­тық кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орта­лық­та­ры­ның мамандары тартыл­ған. Бұл жөнінде «Зере» мей­рамханасының директоры, об­лыстағы қонақүйлер мен мей­рамханалар бизнесі қауым­дастығының төрайымы Бану Тілегенова айтып берді. Ол бү­гінде мейрамхана мен қонақүй бизнесі саласында жаңа тұр­паттағы кадрларға сұраныс жыл сайын өсіп келе жатқанына тоқ­талып өтті. Сондықтан арнайы оқыту орталығын ашу жөнінде ұйғарымға келіпті.

Мұндағы мақсат – аталған бизнес саласына қажетті кадр әзірлеу. Әрі курсты бітіргеннен кейін олардың жұмыссыз қал­мауына баса мән беру, дейді Б.Тілегенова. «Дамыту» орталы­ғында оқуын аяқтаған 20 әкімгер мен 30 аспаздың 80 пайызы санау­лы күндердің ішінде жұмысқа орналасып та үлгерген.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасы адами капиталды да­мыту бөлімінің басшысы Дә­мелі Құнанованың айтуынша, ақтөбеліктердің бұл жобасы Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің қол­дауына ие болыпты. Жобаның ерек­шелігі, жұмыс берушілер өздеріне қажетті кадрларды өз­дері әзірлейді. Яғни курсты аяқ­таған соң жұмыссыз қаламын де­ген қауіп тумайды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Суретте: тәжірибелік дәріс­тен көрініс