05 Ақпан, 2010

ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАСЫ ҚЫЗУ ҚОЛДАНДЫ

1219 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің АҚШ-қа сапарын осы елдің Парламентіндегі Хельсинки комиссиясының өкілдерімен кездесуден бастады. Бұл комиссия – АҚШ Парламентінде Федералдық үкіметтен бөлек, тәуелсіз құрылған агенттік. Оның мүшелері қатарында 9 сенатор, 9 конгрессмен және 1 үкімет мүшесі бар. ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАСЫ ҚЫЗУ ҚОЛДАНДЫ Комиссия ЕҚЫҰ-ға  мүше ел­дер­дің 1975 жылы Финляндияның астанасы Хельсинки қаласында адам құқығын қорғау, қауіпсіздік, әскери ынтымақтастық, экономика және экология мәселелерінде әлем­дік стандарттарды сақтау бойынша қол қойған міндеттерінің орын­да­луын қадағалайды немесе жұмсарта айтқанда, мониторинг жасайды. Сондықтан “Хельсинки комис­сия­сы” деп аталады. Комиссия ше­шім­де­рі өте беделді, оның берген ба­ға­сынан, ұсыныстары мен тұжы­рым­дарынан Мемлекеттік депар­та­мент аттап кете алмайды, қай күнде өздерінің сыртқы саясатының ба­ғыттарын анықтағанда оны ескеріп отырады. Комиссияның тыңдау­ла­ры ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдерге қатысты өткізіледі. Соның ішінде адам құқы бұзылған жерлерге оның шұқшиюы өте қатаң. Мәселен, атақты Әндіжан оқиғаларынан кейін мұнда Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі тыңдалып, оған қатаң сұрақтар қойылған еді. Қазір комиссияның төрағасы сенатор Бенжамин Кардин, ал тең төрағасы конгрессмен Алси Хастингс болып табылады. Бұл екеуі де Қазақ­станға, оның әлемдік қауіпсіздікті сақтауға арналған бастамаларына оң қарайтын қайраткерлер. Вашингтон уақытымен күндізгі сағат 11.00-де Конгрестің “Лон­гворт хауз” деп аталатын ғима­ра­тын­да болатын кездесуге қазақ­стан­дық журналистер жарты сағат­тай ерте келді. Қарсы  алдымызда ақ күмбезді кәдімгі Капитолий тұр. Мына ғимарат онымен жерасты жолдары арқылы қосылады екен. Кез келген адамның Парламентке қиналмай өтуіне жақсы жағдай жасалып қойылған. Комиссияның мәжілісі өтетін зал мейлінше кең, онда тыңдалушы жақ­тан басқа байқаушылар, журналистер қанша келсе де сыйғандай. Сағат 11.00-ге таянғанда Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация келді.  Жеті жыл бойы Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі болған Қанат Бекмырзаұлы мұнда аса танымал екен. Конгрессмендер онымен жылы амандасып, тіпті кейбіреулері құшақ айқастырып жатты. Отырысты комиссияның тең тө­рағасы Алси Хастингс ашып, жүргізіп отырды. Ол комиссия төрағасы Бенжамин Кардиннің үлкен себеппен келе алмағанын жеткізе келіп, өзінің сөзін айтты. Қазақстанның демокра­тиялық өзгерістер жасаудағы барлық қадамдарын біз көптен бері бақы­лаудамыз, ал 2003 жылдың аяғынан, яғни ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниетін білдіргелі бері Орталық Азияның лидері болып табылатын елмен тіпті тығыз жұмыс істедік. Содан бері Қа­зақстанда болған барлық демократия­лық оң өзгерістерді қолдайтынымыз­ды білдіріп келеміз, ал 2007 жылғы қарашаның аяғында ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайланғандарыңыз – Ұйым мүшелерінің сіздерге білдірген үлкен сенімі. Енді сонда берілген уәделер­­­­­­­­­дің орындалуын бақылаудан тыс қалдыр­мауларыңызды қалаймыз, уәде беріл­ген соң оның орындалуы міндет. Біз бүгін, құрметті досымыз Қанат Сау­­дабаев, сізді ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сын­­дағы жаңа төрағасы ретінде құт­тықтап, қуанышпен қарсы алудамыз, дей келіп, одан әрі Қазақстанның төра­ғалығына үлкен табыстар тіледі. Осыдан кейін комиссия мүшеле­рінің тағы да бір-екеуі өздерінің сәлем сөздерін айтты, соның ішінде Э.Фалеомаваеганың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан­ды колониализм мен коммунизмнің құрсауынан табысты жолмен алып шығуына берілген үлкен баға. Ал енді Қазақстанның саммит өткізу туралы идеясы қолдауды ғана қажет ететін қадам дегені есте қалды. Осыдан кейін сөз Іс басындағы төрағаға берілді. Өзінің сөзін Қанат Саудабаев Қазақстан туралы және өзінің АҚШ-та болғандағы қызметі туралы жылы пікір білдірген әріптес­теріне алғыс айтудан бастады. Хель­синки комиссиясындағы Қазақстанға деген оң көзқарас АҚШ үкіметінің біздің кандидатурамызды ЕҚЫҰ төра­ғалығына өтерде қолдауына маңызды фактор ретінде ықпал еткенін ұмыта алмаймыз. Сондықтан да мен, Іс ба­сындағы төраға ретінде шынайы риза­шылық сезіммен алдымен сіздердің алдарыңызда келіп сөйлеп тұрмын. Сіз­дердің Қазақстан төрағалығының та­бысты өтуіне мүдделі екендіктері­ңізді білемін, өйткені, жемісті әрекет­тер біздің ортақ ұйымымыздың нығая түсуіне игі ықпал етеді, дей келіп, одан әрі Президент Н.Назарбаевтың Вена қаласында жария еткен телеүн­деуіндегі қазақстандық төрағалықтың страте­гиясы мен басымдықтарына тоқталды. Біз оның негізгі қағидат­тары мен құндылықтарынан айнымай, ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекет­тердің мүддесі үшін еңбек ететін боламыз. Қазақ­станды төрағалыққа сайлау – әлемдік қоғамдастықтың біздің тәуелсіздік алған жылдарда қол жеткізген әлеу­меттік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуымыздағы табыстарымызға, сонымен бірге, аймақтық және жаһандық қауіп­сіздікті сақтауға қосқан үлесімізге  берілген әділетті бағасы деп ұғамыз. Сондай-ақ, ұйымның өзінің де Батыс пен Шығыс арасындағы сенім мен өзара түсіністікті дамытуға деген ұмтылысын көрсететін ишара. Біз де өз төраға­лығы­мызда осы бағытты одан әрі нығайтуға күш салатын боламыз, деді Қ.Саудабаев. Одан әрі Қ.Саудабаев ұйымның беделі мен тиімділігін арттыру жолында жаңа төрағаның атқармақ істерін санамалап берді. Соның ішінде басымдықтарымыздың іске асуы кө­біне-көп ЕҚЫҰ аумағында өткеннен қалған “қырғи-қабақ соғыстың” бөліп кеткен белдеуін ең­серіп, өзара сенім орната алуымызға байланысты екенін мәлімдеді. Осы­ған орай еліміздің ұй­ымның жау­апкер­шілікті аумағындағы жағдайға жаппай қанағатсыздық біл­діру­шіліктің барын анықтаған “Корфу үдерісін” жалғастыруды қалайтынын көлденең тартты. Біз де ЕҚЫҰ-ның адамгершілік өлшемдерін алдыңғы сапқа шығарып, оның басқа се­беттер­мен бірдей болуын қадаға­лайтын бо­ламыз және ДИАҚБ, Ұлт­тық азшы­лықтар жөніндегі Жоғарғы комиссар мен БАҚ бостандығы мә­селелері жө­ніндегі өкіл сияқты инс­титуттарының жұмысын қолдайтын­дығымызды білдіреміз. 1990 жылы Копенгагенде қабылданған құжаттың негізінде адамгершілік өлшемдерінің өмірге келгенін ескеріп, ДИАҚБ және Дания үкіметімен бірлесіп, 2010 жылдың маусым айында оның 20 жылдығы сол елде атап өтілетін болады. Бұл шара­ның күн тәртібінде адам бостандығы мен құқығын сақтаудың міндеттерін орындау мәселелері кеңінен талқы­ланады, деді осы орайда Іс басындағы төраға. Одан әрі министр осындай шара­ның Варшава қаласында да өтетінін айтты. Ал төзімділік пен мәдениет­аралық үнқатысуға арналған ЕҚЫҰ-ның маңызды конференциясы маусым айының аяғында Астана қаласында өтпек. Сонымен бірге, Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның ұсыныс­тарын ескере оты­рып, елді одан әрі демократияландыра түсу жолында жасалған нақты қадам­дары аталды. Бізде адам құқы бойын­ша 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданып, қазір ол іске асу үстінде, сондай ақ  елді одан әрі либерализациялауды көздейтін 2010-2020 жылдарға арналған Құқық­тық саясат тұжырымдамасы жасалды. Ал Президенттің жуырда жасалған Жол­дауында халықаралық стандарт­тарға сәйкестендіріліп, заңдылықтарға гуманистік бағыттар беру, құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде жұмыстар істелетіндігі айтылды, деді Қ.Саудабаев. Одан әрі Іс басындағы төраға биыл 15 елде сайлау болатындығын ес­кертіп, оларға ЕҚЫҰ-ның тиісті инс­титуты арқылы жасалатын ба­қы­лауы жуырда Украинадағы президент сайлауының алғашқы турында болғанындай, тыңғылықты өтетініне сенім білдірді. Экономика-экология­лық себеттердің жұмысы туралы айт­қанда, алдымен Арал апатты айма­ғы­на  ЕҚЫҰ көңілі аударылып, ұйым­ның оның зардап­тарын шешуге атса­лысуына ықпал ететінін айтты. Қау­іпсіздік мәселесі бой­ынша айтқанда Ауғанстан пробле­масы және оны ше­шуге Қазақстан тарапынан жасалып жатқан жұмыстар ауызға алынды. АҚШ Президенті Барак Обаманың яд­ролық қарусыздану туралы баста­маларын осы қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан қызу қолдайды және ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы ретінде біз Америка мен Ресей арасындағы Стратегиялық қару түрлерін шектеу туралы жаңа келісім-шарт жасау жөніндегі келіс­сөз­дерді қолдаймыз, деді Қ.Саудабаев. Өз тарапынан Іс басындағы төраға АҚШ әкімшілігіне ЕҚЫҰ жұмысына белсенді қатыспауына байланысты жеңіл сын да айтып жіберді.  Сондықтан ЕҚЫҰ өзін ұйымдас­ты­руға белсене қатысқан аса маңызды елдің қажетті деңгейдегі назарына мұқтаж екенін ескертті. АҚШ-тың толыққанды қатысуы ғана ұйымға аса қажетті мөлшердегі қуат берері сөзсіз дей келіп, Іс басындағы төраға сөзінің соңында  Қазақстанның саммит өт­кізу туралы бастамасы АҚШ тара­пынан қолдау тапқанын қалайтынын жеткізді. Осыдан кейін Қ.Саудабаевқа комиссия мүшелері сұрақтар қойды. Соның ішінде Қазақстанның Ауған­стан проблемаларын реттеуге қатыс­қанына алғыс білдірілді. Сондай-ақ, Ресеймен арадағы бейбітшілік сақтау бағытындағы келіссөздердің жан­дырақ жүруі, аралық қызмет атқаруға Қазақстан та­ра­пының ықпалы бол­ғаны қала­натыны жеткізілді. Соны­мен бірге, өздерінің тәуелсіз сарап­шы­­ларының бол­жамы бойынша қа­зақ­­стандық­тардың 63 пайызы АҚШ-қа құрмет­пен қарайтынын ескеріп, Қазақстан атына жылы пікір білдір­гендер де болды. Отырыстың со­ңы­нан АҚШ Парламентінің Хель­синки комис­сиясы Қазақстанның саммит өт­кізу туралы идеясын қызу қолдай­тын­дығы туралы мәлімдеме таратты. Ал осы күні кешке Капитолийде Қазақстан делегациясының құрметіне кешкі қонақасы беріліп, онда біздің еліміз туралы жылы шырайлы лебіздер білдірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына саммит туралы идеяны қолдаған әсем безендірілген хат та қабылданды. Осының бәрі ұлы ел тарапынан көрсетіліп жатқан кеңпейілді қолдаулар екенін көріп, көңіліміз қатты марқайып қалды. Ал кешкі қонақасыға дейін Қанат Саудабаев аса маңызды екі кездесу өткізіп үлгерді. Оның біріншісі Ақ үйде Президенттің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі, генерал Дж.Джоунс­пен болды. Онда тараптар АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау туралы бастамаларын қолдау, Пре­зидент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сәуір айында болатын сапары туралы және Ауғанстан проблемаларын реттеу жөнінде пікір алмасты. Сондай ақ, Мемлекеттік хатшы “Коноко­фил­липс” корпорациясының президенті Дж.Мальвамен де кездесіп, келіссөз жүргізді және америкалық бірқатар ықпалды БАҚ-тарға сұхбат берді. Сәрсенбі күні таңертең Мем­ле­кет­тік хатшы – Сыртқы істер минис­трі Қ.Саудабаев Бейбітшілік корпу­сының директоры А.Уильямспен, “Еххоn Мовіl” компаниясының вице прези­денті Дж.Чаплинмен кездесті. Онда тараптар Қазақстанның бейбіт бас­та­малары, Ауғанстан пробле­малары, екі­жақты экономикалық ынтымақтас­тық­тарды жалғастыру туралы пікір алмасты. Жақсыбай САМРАТ – Вашингтоннан.