Әлем • 21 Қаңтар, 2018

Қазақстанның төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінде министрлік деңгейінде дебаттар өткізілді

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның төрағалық етуімен «Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестікті қауіпсіздік пен дамудың өзаратәуелділік үлгісінде құру» тақырыбында министрлік деңгейінде дебаттар өткізілді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қазақстанның төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінде министрлік деңгейінде дебаттар өткізілді

Шараға Орталық Азия елдерінің сыртқы саясатының тізгінін ұстаған ведомство басшылары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, сонымен бірге БҰҰ Бас хатшысы мен Ауғанстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов аталған жиында сөз сөйлеп, Қазақстанның БҰҰ ҚК-де өз жұмысын бастауына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Гүлденген, әділ әрі қауіпсіз әлем құру үшін жаһандық ынтымақтастықты бекемдеудің концептуалды көзқарасы» атты өзінің үндеуінде жеті басымдықты ерекше бөліп көрсеткенін атап өтті. Аталған жеті басымдықтың бірі - Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің модельді аумағына айналдыру болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесіндегі біздің елдің тұрақты емес мүшелігі кезінде аталып өткен басымдықтардың тағы бірі ретінде Мемлекет басшысы өзара тәуелділік және даму моделі тұрғысында ұзақ мерзімді тұрақтылық пен мығым бейбітшілікке ден қойды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Орталық Азия мен Ауғанстан елінің бастамасына жоғары баға берді. Ол өз сөзінде су ресурсы, энергетика, инфрақұрылым мен білім саласындағы бастамаларға қолдау білдіріп, Ұйымның мұндай ынтымақтастықтарға қолдау білдіретінін жеткізді. Гутерриш сонымен бірге, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз оқу орындарында 1 мыңға жуық ауған жастарын оқыту бастамасын ерекше атап өтті. БҰҰ Бас хатшысының пайымдауынша, мемлекеттердің трансшекаралық қылмысқа, наркотрафикке, сонымен қатар терроризмге қарсы күреске бірлесе күш салуы, әсіресе БҰҰ Жаһандық контртеррористік стратегиясының жүзеге асырылуына ерекше мән беруі аса маңызды.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қауіпсіздік Кеңесі алаңында Орталық Азия елдерінің мүддесін алға жылжыту тұрғысында «Қазақстанның жауапкершілігі мол әрі үлгілі бастамасын» құптады. Сонымен бірге, ол Ауғанстанда есірткі заттарының көптеп өндірілуіне халықаралық бірлестіктер алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтып, осы қауіптің жолын кесу үшін жедел шараларды қолға алуға шақырды. Оның пайымына сүйенсек, аталған елдегі ахуал аймақтық мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктердің кешенді тұрғыдағы жұмысын талап етеді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Джон Салливан өз сөзінде халықаралық бірлестіктер Ауғанстан үкіметі мен ауған басшылығының сөзіне құлақ аспай отырған талибтардың арасында келіссөздердің жүргізілуіне мұрындық болуы керектігін айтты. Оның ойынша, «Талибан» қозғалысын барлық ресурстардан айырып, шешім жолы тек қана келіссөз үстелі екеніне көз жеткіздіру үшін бірлесе жұмыс атқару керек.

Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеген Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің делегация басшылары ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін барлық қауіпсіздік мәселелерін шешу жолында Ауғанстанға экономикалық тұрғыда әсер етудің маңыздылығын мақұлдады. Орталық Азия елдерінің өкілдері Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнатуға пейілді екендіктерін білдірді. Аймақ елдерінің Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты тереңдетудің сәтті үлгілері айтылды.

Министрліктер дебатының қорытындысы Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанмен көлік-транзиттік, инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық салада нақты аймақтық жобаларды іске асырып, қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендіктерін көрсетті. Олар Ауғанстанға қауіп ретінде емес, ашылмаған әлеуеті зор маңызды әрі келешегі кемел серіктес ретінде қараған дұрыс деген пайымға келді.

Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда Астананың салған күш-жігеріне ерекше баға берді. Сонымен қатар, Қазақстанның бастамасы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға 2010 жылы жасаған тұңғыш сапарына баса назар аударылды. Дәл сол кезеңде Кеңес мүшелері сонда барған адамдардың қолынан бірінші ақпаратты алған болатын. Сапар барысы Ауғанстандағы даму динамикасын терең әрі жан-жақты түйсінуге сеп болып, сондай-ақ Кеңесті Орталық Азия елдерінің байланысын кеңейте отырып Кабулға көмек беруге көндірген болатын.

Дебаттың қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының Мәлімдемесі барлық мүшелердің қолдауына бірауыздан ие болды. Ол Мәлімдеме халықаралық бірлестіктерді аймақтық ынтымақтастықты нығайта отырып, дипломатия жолын тиімді түрде қолданумен Ауғанстанға көмек беруге шақырады. Аталған әдіс Орталық Азияда бейбітшілікке ден қойған, ынтымақтығы жарасқан, гүлденген аумақты құруды көздейді.