Қысқы спорт • 22 Қаңтар, 2018

Арманым – Олимпиадада топ жару

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейде қызыға қарайсың. Бірінен соң бірі атой салып жатады. Қызғанасың. Орыс қыздарын айтам. Аделина Сотникова. Елизавета Тоқтамышева. Евгения Медведева. Мәнерлеп сырғанау – мықты өнер. Сиқырлы спорт. Сондықтан болар қазақ қыздарынан мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада, әлем чемпиондары шықса деп армандайсың. Сол арманымыз алыс емес сияқты. Арық сөйлейік. Тіл көзіміз тасқа. Қысқы Олимпиаданың тұғырынан тұңғыш рет қазақ қызын көруге тамаша мүмкіндік. Тұрсынбаеваны айтам. Элизабет. 

Арманым – Олимпиадада топ жару

Ешкімнің қысқы Олимпиадаға жолда­маны тегін таратпайтыны түсінікті. Екі лицензия. Тікелей Тұрсынбаеваның арқа­сында. Былтыр Хельсинкиде өткен әлем біріншілігінде Элизабет жақсы өнер көрсетті. Өзіне ғана емес, еліне де жолдаманы жұлып алып берді. Бұл спорт түрінен бізде бұрын-соңды болмаған жетістік. Тарихи. Мықтылармен сайыс­ты. Бұрын өзгелердің өнерін көріп, теледидарға телміріп отырушы едік. Енді Тұрсынбаеваға жанкүйер боламыз. Тағы бір қызымыз Пхенчханға барады.  

Тұрсынбаева Мәскеуде туып- өскен. Мұз айдынындағы алғашқы қадамдары Ресей астанасымен байланысты. Алғашқы бапкері – Ирина Страхова. Сырғанаудың сырларын үйреткендердің қата­рында Наталья Дубинская мен Александр Шубин бар. Кейі­нірек Элизабет Этери Тут­бе­ридзе­ден тәлім алды. Тут­бе­ридзе – талай мықтыларды тәр­бие­леген тәлімгер. Тәжірбиелі маман қазақ қызының да биік­терден көрінуіне көп тер төкті.  2013 жылы жасөспірімдер арасында Мәскеу біріншілігінде Элизабет Тұрсынбаева жеңімпаз атанды. Оңай болған жоқ. Мәскеу бі­рін­шілігінде чем­пион болу әлем бі­рін­шілігінде жеңіске жетумен пара-пар. Сол жылы Минскіде өткен Гран-при жарысында жүлдегер болды. Мәскеудің мәнерлеп сырғанау мектебінен өткен қазақ қызының жеңісті жолы жалғаса берді.

Ресей ұлттық құрамасына ша­қыр­ту алды. Әкесінің арманы басқа болатын. Байтақ Тұрсынбаев  қызының тарихи отанының намысын қорғағанын қатты қалады. 2014 жылдан бас­тап Элизабет халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан шыға бастады. Элизабетті елге алдыруда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың күш салғанын атап айтқан жөн. Қырекең көп қолдау көр­сет­­кен. Қаржылық, басқа да қиын­дықтардың шешілуіне атсалысыпты. Ішкі біріншіліктерде Сыр елінің атынан шығып жүр.

2014-2017 жылдары мәнер­леп сыр­ға­наудан Қазақстан біріншілігінің жеңім­­пазы атанды. Елімізде қыздардан Тұр­сынбаеваға тең келетін сырға­нау­шы әзірге жоқ.  2016 жы­лы Лил­лехамер қаласында өт­кен жасөспірімдер арасын­да әлем чемпионатының қола жүл­дегері болды. 2017 жылғы Азия чемпионатының қола жүл­дегері. Әзірге қоланы қанағат тұтып жүр­­міз. Былтыр Хельсинкиде өткен әлем бірін­шілігінде еркін бағ­дарламада 126,51 ұпай еншілеп, қоссайыс қорытындысы бойынша 191,99 ұпаймен 9-орынға ие болды. Пхенчханға екі жолдаманы сонда жеңіп алған.

Елін ғана емес, ата-анасын да қатты қуантты. Сенімін ақтады. Жолдама алу жолында талай қиындықтан өтті. Халықаралық жа­рыстарға тұрақты қаты­су үшін қомақты қаржы ғана емес, қасың­да жанкешті қолдаушың болу керек. Ата-анасы қыздарын жарыс­тарда жал­ғызсыратпапты. «Жетіс­тіктерімнің барлығы  – ата-анамның қолдауының нәтижесі», дейді Элизабет.

Бүгінде Тұрсынбаева Торонта қала­сында  атақты бапкер Брайан Орсераның қол астында жаттығып жүр. Канадалық бапкер бұған дейін 2 Олимпиада чемпионын тәрбиеледі. Ендігі басты мақсат – Пхенчханда ел намысын абыроймен қорғау. Сұхбаттарының бірінде қар­шадай қыз «арманым Олимпиада, әлем біріншіліктерінде топ жару»  деген болатын.  Қысқы Олим­пиадада қазақ қызы тұғырға қонса деген арманымызды жо­ға­рыда айттық. Сол күн алыс емес сияқты. Сәтін салғай дейміз.

Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»