Ел намысын қорғаған 17 спортшының он екісі «Қазақстан Топ Тим» клубының өкілдері. Джиу-джитсу және грепплингтен ел федерациясының атқарушы директоры Мигель Мамырбаевтың айтуынша, бұл турнир ауқымды әрі беделді спорттық шаралардың бірі саналады.
Спортшыларымыз ел қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль салып, жарыс қорытындысы бойынша жоғары нәтижеден көрінген. Айдар Түлейбаев, Ядгар Қасымов, Мигель Мамырбаевтар жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанса, Арлан Шабдарбаев, Ержан Естанов, Мұхамедияр Құдайқұлов және Османжан Қасымов күміс медальды еншіледі. Ал Төлеген Құмаров пен Батыр Мұратұлы қоланы қанағат тұтып, жарыс жүлдегері атанды.
– Турнирде жүлделі орыннан көріну үшін бар күш-жігерімізді салдық. Дегенмен төрешілер тарапынан болған әділетсіздіктерді де айтпай кетуге болмас. Біздің команда кіл мықтылардан құралған. Сондықтан олардың әділетсіздігі жарыс қожайындары мен біздің спортшылардың белдесуі кезінде байқалды. Жалпы, көрсеткен нәтижеміз жаман емес, – дейді турнирдің күміс жүлдегері Османжан Қасымов.
Grand Slam халықаралық турнирінің келесі кезеңі 10-11 наурызда Лондонда өтеді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ