Кеше облыстың 12 ауданы мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында қатты аязға байланысты оқушылар сабақтан босатылды. 22 қаңтар күні Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое, Аягөз аудандарда бірінші ауысымда оқитын 1-9, Көкпекті, Абай және Катонқарағай аудандарында 1-4-сынып оқушылары мектепке барған жоқ. Ал ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендеген Зырян, Шемонайха, Бородулиха, Жарма, Бесқарағай аудандары мен Курчатов қаласындағы білім ошақтарында бірінші ауысымдағы 1-11-сыныптардың оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері жоспарсыз демалуға мәжбүр болды.
Бүгін де Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен аймақтың 15 ауданының мектептерінің 1-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 студенттері сабаққа бара алмады. Сынап бағанасы қазір өңірде – 27 (Зайсан ауданы) мен – 45-тің (Бесқарағай ауданы) аралығын көрсетіп тұр. Негізінен түн баласында кәріне мінетін саршұнақ аяз әсіресе Бородулиха (- 42), Шемонайха (- 40), Глубокое, Жарма (-38), Зырян, Тарбағатай (- 37), Ұлан, Абай, Аягөз (-36) аудандары мен Семей (-39), Риддер, Курчатов (-38) қалаларында бет қаратпай тұр.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»