Үкімет • 23 Қаңтар, 2018

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

384 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру,  құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру жайы, сонымен қатар азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Жиында  «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге инвестиция салынған, бұл одан алдыңғы деңгейден 18 пайызға жоғары. Жеке инвестициялардың үлесі 825,8 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 84,3 пайызын, ал мемлекеттік инвестициялар үлесі – 154 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 15,7 пайызын құраған.

«11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы деңгейден 6,2 пайызға жоғары. Бағдарламаның жылдық жоспарына тұрғын үйді жалпы енгізу 111 пайызға орындалды. Жалпы 100,8 мың тұрғын үй салынды, оның ішінде 75,8 мың үй немесе жалпы көлемнің 75 пайызы жеке сектор есебінен, 25 мың пәтер мемлекеттік инвестициялар есебінен тұрғызылды», деді Ж.Қасымбек. Сондай-ақ ол тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Астана және Алматы қалалары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары жетекші орын алатынын, оған қоса Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында тұрғын үй құрылысы көлемінің айтарлықтай өсім қарқыны байқалатынын атап өтті.

Негізінен өңірлерге тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін 77,3 млрд теңге бөлінген, оның 99,5 пайызы немесе 76,9 млрд теңгесі игеріліпті.

«Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй салу» бағыты бойынша республикалық бюджеттен жыл сайын өңірлер арасында біркелкі таратылатын 25 млрд теңге бөлінеді. Осы бағытта 2017 жылы өңірлерде сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйдің 5391 пәтерінің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 2620 пәтер пайдалануға берілді. Биыл Бағдарламаның осы бағыты бойынша 184,5 мың шаршы метр, яғни 3507 пәтер салу жоспарланып отыр», деді министр. Ж.Қасымбек атап өткендей, «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты бойынша 70 мыңнан астам жер теліміне инженерлік коммуникациялар жеткізілген. Олардың 54 мыңы бұған дейін берілген, ал 16 мыңы — жаңа. Қанатқақты жоба аясында алты өңірде 2017 – 2018 жылдары аяқталуы тиіс 1 975 үйдің құрылысы басталған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 164 үй пайдалануға берілген, олардың ішінде Ақтөбе облысында – 124, Қостанай облысында – 40 үй. Қалған үйлер осы аяқталады.

Бағдарламаның «Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі үшін несиелік тұрғын үй салу» үшінші бағыты бойынша ЖАО кредиттік тұрғын үйдің 9 010 пәтерін пайдалануға берген. «Халыққа арналған ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру» бағыты бойынша іске асырудың басынан бері қарыз алушылардан 14,2 млрд теңгеге субсидияланған қарыз алуға 1388 өтініш қабылданған, соның ішінде 1317 өтініш мақұлданыпты.

«Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес 2030 жылы бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Ол үшін құрылыс көлемінің жыл сайын 8-10 пайыз деңгейде өсуін қамтамасыз ету керек. Бұл 2030 жылы межеге жетуге мүмкіндік береді», деді Ж. Қасымбек.

Мәселені талқылау барысында Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Мамин, «Бәйтерек» ҰБХ төрағасы А.Әріпханов, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында қосымша баяндады. Ал Үкімет басшысы өз кезегінде 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру көрсеткіштері биылғыдан да жоғары болып,  бір миллион шаршы метр тұрғын үйге асып түсуі тиістігін айтып, тиісті басшыларға тапсырма жүктеді.

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе ­– құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру барысы. https://img.imgsmail.ru/mail/ru/images/dumb.gifБұл ретте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды қылмыстық іс, әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізімі, тексеру объектілері мен субъектілерінің бірыңғай тізімі, талдау орталығы, азаматтардың электронды өтінімдері секілді бес құрамдас бөліктен тұратын «Электронды іс» жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жобаны іске асыру мерзімі  2021 жылдың желтоқсан айына дейін жалғаспақ.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз кезегінде қазіргі таңда ішкі істер органдарында, соның ішінде жол полициясы, көші-қон қызметі, қылмыстық-атқару жүйесі және жедел-криминалистикалық қызмет саласында 19 ақпараттық жүйе бар екенін жеткізді. https://img.imgsmail.ru/mail/ru/images/dumb.gifАл Әділет министрі Марат Бекетаев «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, борышкерге мемлекеттік шекара және қалалар мен облыстардың қоғамдық орындарында кассалық қызмет көрсету пунктері мен терминалдар арқылы қарыздарын төлеу мүмкіндігін беру мақсатында тиісті қызметтер әзірленгенін атап өтті. Мәселен, 2017 жылдың маусым айында Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Қызылорда және Өскемен қалаларының әуежайларында «Қазпошта» терминалдары арқылы берешекті өтеу қызметі енгізілді. Жақын арада Қазақстанның халықаралық қатынастағы барлық әуежайларын және «Қорғас», «Қордай», «Жаңажол», «Жібек жолы» және т. б. секілді ірі шекаралық өткізу пункттерін қамтамасыз ету жоспарда бар. 2017 жылы қарызды төлеу үшін IOS және Android базасында қосымшалар іске қосылды. «Қазпошта» АҚ қаржылық құралдары арқылы іске қосылған кезеңнен бастап 649 борышкер 34,4 млн теңге сомасында қарыздарын төлеген.

Бұдан өзге Әділет министрі «Сот сараптама орталығы» қызметін автоматтандыру мақсатында «Зерде» холдингімен бірлесіп, «Е-сараптама» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты. Жүйені жасау құрылымдық бөлімшелер және Сот сараптама орталығының арасында мәлімет алмасуды қорғалған байланыс арналарымен жүргізуге мүмкіндік береді. Жүйені іске қосу 2018 жылға жоспарланған. 2018-2020 жылдары «Е-сараптама» жүйесін мемлекеттік органдардың өзге де ақпараттық жүйелерімен иинтеграциялау жоспарланған.

Сот жүйесін цифрландыру туралы Жоғарғы сот аппаратының басшысы Нұрсерік Шәріпов баяндады. Аталған мәліметтерге сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап Қылмыстық іс жүргізу кодексінің өзгеруіне байланысты соттар істерді электронды форматта қарауға көшті. Бұдан өзге, 2017 жылы азаматтық істер бойынша бұйрық өндірісі, әкімшілік істерді қабылдау қызметі электронды түрде іске қосылды.

Сонымен қатар осы мәселе бойынша Ақпарат пен коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі. Ал өз кезегінде https://img.imgsmail.ru/mail/ru/images/dumb.gifПремьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында цифрландыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Мәселені талқылау қорытындысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерге жарақтандыру мәселелерін дер кезінде шешуді тапсырды. Бақытжан Сағынтаев ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.

Үкіме отырысында қаралған тағы үшінші мәселе Азаматтық авиацияны одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Инвестициялар және даму министрі баяндады. Ж.Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық әуе компанияларынан Еуроодақ елдеріне ұшуға барлық шектеулер алып тасталды, яғни бес отандық әуе компаниясы Еуропаға ұшуға құқылы.

«2017 жылғы 22-30 қараша аралығында ИКАО авиация қауіпсіздігі бойынша аудит жүргізген болатын, ол әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеруді көздейді. Алдын ала бағалау бойынша, ИКАО сарапшылары Қазақстанның едәуір ілгерілеуін атап өтті және ИКАО рейтингісінде көрсеткіштеріміз жақсарады деп күтілуде. Ресми нәтижелер 2018 жылғы 1 ақпанға қарай жарияланады», деді Ж.Қасымбек.

Бүгінгі таңда Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту іс жүзінде аяқталды – тәуелсіздік алған сәттен бері 15 ұшу-қону жолақтары мен 11 әуежай терминалы жөндеуден өтті. Шағын авиацияны дамыту үшін қатты жабынды 5 аэродром және топырақты жабыны бар 11 аэродромды салу және жөндеу қарастырылған. Мәселені https://img.imgsmail.ru/mail/ru/images/dumb.gifталқылау барысында «Эйр Астана» әуе компаниясының қызметі туралы мәліметті оның президенті Питер Фостер жеткізді. Қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев азаматтық авиацияны дамыту мәселесі өте өзекті және маңызды екенін атап өтті. Бүгінде отандық азаматтық авиацияның инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді. Осы ретте Премьер-Министр 2018 жылы жолаушылар ағымының 800 мың адамға дейін ұлғаюы жоспарланғанын атап өтті. Осыған байланысты Б.Сағынтаев Инвестициялр және даму министрлігіне өзге де мүдделі ведомстволармен бірге миллиард халқы бар Үндістан азаматтары үшін 72-сағаттық визасыз режим енгізу мәселесін қарауды тапсырды. Бұдан өзге, сәйкес мемлекеттік органдарға отандық монополияға қарсы заңнамаға қарсы келмеген жағдайда, әуежайлардың қызмет көрсету бойынша тарифтерін оларды төмендету тұрғысынан реттеу тапсырылды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»