Қазақстан • 24 Қаңтар, 2018

Дархан Мыңбай: «Тәуел­сіздік дәуірі» – тұтас бір кезең­нің құнды дәуірнамасы

517 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ұлысымыздың ұлы күніне, яғни ең басты құндылығымызды байыптайтын ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күніне еліміз ерекше дайындалады. Бұл – елдік дәстүрдің айнымас жолы. Өйткені біз ширек ғасырда күллі нәтижеге Елбасының салиқалы саясатымен, еліміздің баянды еңбегімен, айрандай ұйыған этностардың береке-бірлігімен жеттік.

Дархан Мыңбай: «Тәуел­сіздік дәуірі» – тұтас бір кезең­нің құнды дәуірнамасы

Өткен жылдың соңында Президентіміз бүкіл халыққа та­ғы бір ерекше сый – төл тари­хы­мызға зор үлес болып қосы­латын «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын тарту етті. Оның жарық көруі – Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына тамаша сыйлық қана емес, Отанымыз үшін айтулы оқиға болды. 

Кітаптың құндылығы – тә­уелсіздік алғаннан бергі қиын да күрделі сәттеріміздің, жеңісті де жемісті күндеріміздің, айқын үдерістегі қалыптасу, өркендеу сатыларының, қазақстандық мемлекеттік құрылыс пен даму, татулық пен бірлік моделінің жан-жақты таразыланған, егжей-тегжейлі сарапталған шежіресі екендігінде.

Зерделеп оқыған жан «Тә­уел­сіздік дәуірі» тап қазір зәру кітап екенін ұғары анық. Өйт­­кені ол біздің ең бір ширық­­қан және бетбұрысты сәттер­де «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» жұмы­лып, қаншама қиындықты еңсер­генімізді еске түсіріп, халықтың жадын жаңғыртады, жүрегіне сенім ұялатады. 

Қозғалыс – дамудың негізгі белгісі. Ағынсыз судың – өмірге нәр беретін құнардан айы­рылатыны, қимылсыз қалу­дың – тіршілік иесі өсіп-өнуін­ің тоқтағанын білдіретіні сияқты, мемлекет өмірінде де жетістіктерге қанағаттанып, босаңсып, тоқмейілсуге болмайды. Елбасының халық алдына жыл сайын жаңа міндет қойып, бір биіктен соң келесі биікті бағындыруға жетелеуінің астары – мәңгілік қозғалыс философиясына барып тіреледі. Сондықтан да еліміз Ұлт көшбасшысының жетекшілігімен мемлекетті, қоғамды, экономиканы ең ау­қымды модернизациялауға – үшінші жаңғыртуға кірісті. Бұл жолда белгіленген меже – Қазақ­станды әлемнің ең озық дамыған отыз елі қатарына енгізу. 

Экономикадағы, конс­ти­ту­циялық құрылыстағы рефор­малық өзгерістер мен қоғам­дық санаға қозғау салып, рухани жаңғырту қатар жүзеге асыруға тәуекел деп кірістік. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік ағзаны қалыптастыратын «базалық матрица» «оның әр элементінің нақты берілген параметрлерге сәйкес толыққанды дамуын қамтамасыз етеді және оның үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік береді» деп атап көрсетті. 

Аталған кітаптың және бір құндылығы – мұнда тек өз еліміз үшін ғана өміршең мәсе­лелер қозғалмай, әлемдік қауым­дастықты қамтитын өзекті жай­лардың талдануында дер едік. Қазіргі жапа-тармағай әске­ри күш-қуатын көрсетуге ұм­тылушылар қайта пайда болып, геосаяси текетірес ушыға түскен, этносаралық және конфессияаралық шиеленістер, босқындар легі артқан әлемде Қазақстанның «бейбіт өмірдің бесігі» болуға ұмтылысы қай жағынан да құрметке лайық. Ұлт көшбасшысының түрлі этнос пен дін өкілдері мекендеген елімізде қоғамдық келісімді сақтау жө­нін­дегі өнеге бастамалары ғана емес, әрбір пікірі әлемдік қауым­дастық тарапынан жоғары баға алғанын мақтанышпен айтамыз. Халықтың мың жылдық «ын­тымақ – оқ өтпес сауыт, та­ту­лық – тамаша саулық» дана­лығы – бүгінгі Қазақстан ақиқа­ты. 

Тәуелсіздік таңын оң-солын таныған азамат шағында қарсы алып, мемлекетшілдік пен отаншылдықты нығайтуға атсалысып, өз саласында Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға құзырет-қабілетіне қарай үлес қосып жүрген жандар үшін бұл кітаптың үйретер өнегесі де, берер білімі де, қалыптастырар талғамы да айрықша. Еңбектегі бөлім, тарау аттары да оқырманға ой салады. «Эволюция – революция емес», «әуелі – экономика, сонан соң – саясат», «адам капиталына үміт арту», «стратегиялық мемлекеттік жос­парлау», «ұлтаралық татулық пен келісім», «қазақстандық бірегейлік пен қазақстандық патриотизм» – біз үшін жай сөздер емес, әрбір азаматтың жүрегіне етене жақын, дамудың қазақстандық моделін сипаттайтын тұғырлы тіркестер, бекем діңгектер, алтын ұстындар. 

Кітаптың «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы» деп аталатын алғашқы бөлімі 1991-1995 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды қамтиды. Ол – тәуелсіздік дәуірінің бастапқы, ең қиын жылдары еді. Және бұл қиындық біздің елде ғана емес, тәуелсіздігін енді жариялаған көршілес елдерге – советтен кіндік үзіп шыққан жұрттарға да тән болатын. Солардың ішінен алға суырыла шыққан Қазақстанның Орталық Азия өңірі көшбасшы еліне айналуы – Елбасымыздың өңірлік қауіпсіздік пен татулықты ойлаған көреген, сындарлы саясатының арқасы екендігі ширек ғасыр ішінде халықаралық деңгейде талай мойындалды. 

Қазақстан халқы Ассам­блеясы осы бірінші жаңғырту кезеңінде-ақ тұрақтандырушы рөл атқарғаны – тарихи шын­дық. Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп болатыны­на өзімізді де, өзгені де кәміл сендіре білген Н.Ә.Назарбаев­тың қайраткерлік фено­мені – жаңа әлемдігі жаңа Қазақ­станның іргетасы. Ассамблея ел бірлігін сақтау бағытында жаңа Конституцияны қабылдау және Президенттің өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту бойынша референдумдарға бастамашылық жасағаны белгілі. Солардың негізінде бұл жылдарда тіл, азаматтық бірегейлік, мәдениет саласында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі қаланған болатын. 

Мемлекет басшысының қазақ халқына, оның тіліне, мәдениеті мен дәстүріне қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ жүр­гізген орасан зор жұмысы ерекше назар аударуға лайық. Со­ның арқасында қазақ халқы мемлекеттің, сондай-ақ елі­мізде тұратын барша этностар­дың тағдыры үшін тарихи жауап­кершілікті өз мойнына алып отыр. Әлемді рухани келісімге ша­қырған көне кітаптарда «Кім­нің несібесі көп болса, содан сұрау да көп болмақ» – деп жазылғаны да бекер емес. «Қазақ ұлтының тұтастығының негізгі бастауы», «мемлекетке өзінің атын берген халықтың ежелгі, бай тілі», «біріктіруші фактор» деп сипатталған ана тіліміз Қазақстан халқының бірігуіне ұйытқы болып, тарихи жаңа тұғырға көтеріліп, мемлекеттік тіл мәртебесін алды. 

Екінші жаңғырту баяндалатын «Ұлы бетбұрыс», «Қазақстанның екінші жаң­ғы­руы» тарауларында Пре­зи­денттің тікелей басшылығымен эксклюзивтік қазақстандық бір­лік пен келісімнің үлгісі, оның қағидаттары мен бірегейліктің ірге қалар негіздері қалайша қалыптасқаны байыпталған. Бұл жерден этносаралық қатынастардың шиеленісуіне байланысты қауіптерді жоюдағы мемлекетшіл ізденістер туралы біле аламыз. 

Бүгінде бүкіл ел болып атап өтетін «Қазақстан халқы­ның бірлігі күні», «Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбан­дарын еске алу күні» сияқты қас­терлі күндер мен қасиетті дәстүрлердің негізі де осы кезеңде қаланған. Бірлік пен жал­пыұлттық келісім, бірлік пен ұлттық тарих, бірлік пен ұр­пақтар сабақтастығы жылда­рының өткізілуі, Алматыда алғашқ­ы Достық үйі пайда болуы, басқа да айтулы іс-шара­лар – Қазақстанның бірлік жо­лын­дағы елдік жөн-жобалары. 

Мемлекет басшысы «Тә­уелсіздік дәуірінде» татулық пен келісім саясаты ая­сында Ассамблеяның шоғыр­лан­ды­рушы факторға, қазіргі қа­зақ­стан­дықтардың бірегейлігін қа­лып­тастыру институтына айнал­ғанын, жаңғыртудың үш ке­зең­індегі тұрақтылық тұғыр­на­масына кеңінен тоқталып өтеді. 
Сондай-ақ Ассамблея атау­ындағы «халықтар» (халық­тары) ұғымы мен сөзі нақты­ланып, 2007 жылы этностар мүд­десінің біртұтастығын айқын­дайтын «халық» (халқы) болып өзгергені, оның конституциялық мәртебеге және кепілді пар­ламенттік өкілдікке ие бол­ғаны, Ассамблея туралы заң қабылданғаны атап көрсетіледі.

Тап осы кезеңде Мемлекет басшысы ұлттық саясаттың негіз-қағидаттарын тұжырымдап, іске асырды. Атап айтсақ: 
а) этностық, конфессиялық, мәдени, тілдік әралуандық; 
ә) этностардың мәдениеті мен тілін дамытуға бағытталған мемлекет қамқорлығы; 
б) толеранттылық пен жауапкершілік құндылығы;
в) қазақ ұлтының жұ­мыл­дырушы рөлі; 
г) Қазақстан халқының бірлігі. 

Халықтың топтасуының осы кезеңін Президент «Мақсаттар мен іс-қимылдардың, ақыл-ой мен жүректің бірлігі» деп сипаттайды.
Елбасының жалпыхалықтық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауға жұмсаған күш-жігері қазақстандық модельдің БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқ­ты халықаралық институттар деңгейінде танылып, мойындалуына игі ықпал етті. Әрине, кітапта талданған елдің даму барысы, экономикада қол жеткен табыстар мен саясаттағы та­ны­малдық, халықаралық арена­дағы бедел – басқа да Қазақ­стан жолының басында Ұлт көшбасшысының тәуекел­шілдігі, батылдығы, парасаты, тәжірибесі, маңдай тері тұр­ға­нын отандық оқырман да шетел­дік оқырман да қапысыз таниды. 

Президенттің астананы та­рихи-мәдени тоғыз жолдың торабындағы Арқа төсіне көші­рудегі көпке мәлім саяси-эко­номикалық себептердің ішін­де, біздіңше, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының алыстан ойлайтын, ұлт танымындағы «жаңа қоныс – жаңа іс», «байсалды көш – елдің құты» деген сенімі мен үміті тұрды. Яғни халықты жаңа сапаға, сірескен ескілікті сілкіп тастап, жаңаша ойлауға, жаңаша әрекет жасауға – рухани жаңғыруға бастау ниеті жатыр. 
 Елдің экономикалық қуаты артып, мемлекетіміз бірнеше ірі халықаралық ұйымның мүшесі болумен бірге, оның төрағалық тізгінін ұстағаны – Отанымыздың олжасы. Әлемді алаңдатқан халықаралық шие­леністерді шешілуде, соның ішінде соңғы Ресей-Түркия қарым-қатынасындағы теке­тіресті реттеуде, Сирия түйінін тар­қатуда бітімгерлік танытуда Қазақстан ұстанымы, мәмі­ле­герлігі кітаптың «Қалыптасқан мемлекет» бөлімінде дәйекті баяндалады.

Сыртқы саясат пен ха­лық­аралық қатынастар саласында ширек ғасыр ішіндегі өре мен өріс, тығырықтан жол іздеу, өңір және әлем қауіпсіздігінің амалы һәм нәтижесі Мемлекет басшысы кітабында: «Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайлануы біздің тарихи жеңісіміз. Бұл – Қазақстан халқының есе­юі­нің айғағы, еңбек сіңір­ген ұлт­тың табысы», – деп баға­ланады. 

Экономикалық, саяси реформалардан кейін рухани жаңғыруға жол ашылғанда, ел алдында міндет-мақсаттар межесі биіктей түсті. Соның бірі – Қазақстанның мәртебесін арттырып, мерейін өсірген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Мамандандырылған көрме өткізілген кезеңде шетелден келген қонақтарға Отанымыздың деңгейін, болмыс-бітімін, арман-мүддесін танытатын іс-шараларға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесе һәм белсене атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел өміріндегі елеулі оқиғаға арнап «Бейбітшілік және келісім энергиясы» іс-шаралар жоспарын қабылдап, орайлы жүзеге асырды.

Ассамблея мен өңірлердегі сәйкес құрылымдар ынты­мақтастықта ұйымдастырған еліміздегі этносаралық татулық пен келісімді кеңінен таныстырған кешенді шараға алыс және таяу шетел қонақтары, соның ішінде саяси репрессия жылдары қазақ жерінен пана тапқандардың ұрпақтары, осында туып-өсіп, кейін тарихи отанына оралған этнос өкілдері көптеп қатысты. ЭКСПО саябағында, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының бей­бітшілік және келісім саяжолы пайда болды. Жаңа мәдени нысанның салтанатты ашылуына қатысқан шетелдік қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері мұны «Қазақстандағы қоғамдық келісім мен этносаралық тату­лықтың рәмізі» деп қабыл­дайтындарын жеткізіп жатты. 

Кітаптың үшінші жаңғырту кезеңі туралы бөлімінде жаңа қазақстандық отаншылдықтың мән-мағынасы, ерекшілігі ашылады. Бұл – тәуекел мен мүмкіндік теңдігі және ел тағдырына деген ортақ жауапкершіліктің белгісі. Бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдықтары, ал Елбасы ұсынған ынтымақ пен татулықтың «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген заманауи формуласы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясында көрініс тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – бес институттық реформаны және оның «Бірегейлік пен бірлік» атты төртінші бағытын іске асырудың алғашқы жылы болды. 

Қоғамдық сананың жаң­ғыруы әлеумет санасының жаң­ғыруынан, адамдардың бойында қайырымдылық, әділдік, ізгілік, мейірімділік сияқты қасиеттердің нық орнығуынан басталады. Мемлекет бас­шысының бастамасымен біздің елде «Қайырымдылық керуені» қозғалысы бастау алып, діліне, дініне, тіліне қарамай бар­ша отандастарымыздың бір-бі­ріне деген адалды­ғының, досты­ғының, бауырмашыл­дығы­ның, сүйіспеншілігінің мерекесі – Алғыс айту күнімен нақты­ланды. Уақыт өткен сайын біздің бірегейлігіміз бен бірлігіміздің басқа да тың нышандары жаңа қырынан көріне берері сөсіз.

Қай заманда да ел тари­хындағы шешуші дәуірді кең қамтып, терең талдаған еңбек жоғары бағаланған. «Тәуел­сіздік дәуірі» – осы деңгей­дегі кітап. Ол – тұтас бір кезең­нің құнды дәуірнамасы. Сарап­шылар тарихи публицисти­ка жанрында жазылған еңбекті жай ғана кітап емес, Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет тарихы мен болашағына деген авторлық көзқарасын көрсететін туынды деп бағалауда. Және оның басқа еңбектен ерекшелігі – кітапты тарихи мемлекеттік реформалардың басында тұрған, әрбір шешуші сәтті ақылынан, парасатынан, жүрегінен, тәжіри­бесінен өткізген тұлғаның өзі жазғанында. 

«Тәуелсіздік дәуірін» оқы­ған, зерделеген жан оның жаңа тарих бойынша әрі оқу құра­лы, әрі хрестоматия бола алаты­нына көз жеткізеді. Еңбек­тің іргелілігі, деректердің нақты­лығы, дәйек­тердің молдығы, құры­лымы­ның жүйелілігі, тілінің түсінік­тілігі – елтану бағы­тындағы, «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясындағы жұ­мыс­тардың нұсқаулығы, оқулы­ғы дерлік қасиеті. 

Баянды бірлік пен байсалды тірліктің мән-маңызын жете түсінетін біртұтас Қазақстан халқы Мемлекет басшысының жаңа еңбегінен тағылым да, таным да ала беретініне сенімдіміз.

Дархан МЫҢБАЙ, 
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі