Әлем • 24 Қаңтар, 2018

Бәкей Ағыпарұлы: Заман талабына сай нақтылы мақсаттар

606 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркә­сіп­тік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын оқып, бұл аса маңызды бағдарламаға байланыс­ты өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім. 

Бәкей Ағыпарұлы: Заман талабына сай нақтылы мақсаттар

Қандай істің болмасын көзде­ген алдағы межесі айқын болса, оған жететін жолы ашық, табысы да мол болады. Олай болса бұл Жолдауда 2015 жылы Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Бас Ассам­блеясынан ұсынған Әлемнің тұрақ­ты даму мақсаттарын Қазақ­стан­да жүзеге асыруға үлес қоса­тын және қазіргі жаhандану заманы мен жаңа технологиялардың тала­бы­на сай нақтылы әрі жаңа межелер қойылыпты. 

Қазақстанның жаhандық бәсе­кеге қабілеттілігін арттырудың бірден-бір жолы өнеркәсіп саласына революциялық өзгеріс жасау және рухани жаңғырту мәселесі болып табылады. Н.Назарбаевтың осы жолғы Жолдауында ұсынған 10 міндеттің алғашқы бесеуі өнеркәсіпті қарқынды дамытуға (өнеркәсіпке ең жаңа технологияларды енгізу, ресурстарды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, көлік-логистикалық ин­фра­құрылымды дамыту, құры­лыс және коммуналдық сектор­ға заманауи технология қол­дану) бағытталса; одан кейінгі бесеуінде сол белеске жетудің жолдары (қаржы секторын жаңалау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік істі тиімді басқару, жемқорлықпен күресу, тіршілік ортасына «ақыл­ды технология» енгізу) айқын белгіленген. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4%, өнеркәсіп өнімі 7%-ға артып, жұмыссыздық деңгейі 4,9% төмендегені төртінші өнеркәсіптік революция әлемі­не бейімделудің экономикалық және әлеуметтік негіздері қазірдің өзін­де қалана бастағанын дәлел­дейді. Сонымен қатар Жолдауда тек қазба бай­лыққа тәуелді болмай, ел дамуының жаңа сапасын, жаңа жолын қарастыру жөнінде міндеттер қойылған. 
Индустрияландыру мақсатын жүзеге асыруға жаңа технология мен инновацияның қо­са­тын үлесін арттыру үшін технологиялар трансфертін ынталандыру, өнеркәсіптік кәсіп­орындарды цифр­ландыру жобаларының маңызы зор болмақ.

Кәсіпорындар­дың энер­гия тиімділігі мен үнем­ділігін және эко­логиялық таза­лығына қойылатын талаптарды арттыру қажеттігі күннен-күнге өзекті бола түсуде. Бұл та­лап­тар да Жолдауда өз орнын тапқан.

Ауылшаруашылық шикізат­тарын қайта өңдеу, әлемдік нарық­тарға жоғары сапалы дайын өнім шығару, агроөнеркәсіп кеше­нін қарқынды дамытуда аграр­лық ғылым мен жоғары оқу орын­дарының атқаратын міндеттеріне баса назар аударылған.

Әсіресе осы заманғы ғылым мен технология жетістіктеріне сүйе­не отырып «Қазақстанда жасал­­ған» табиғи азық-түлік бре­ндін жасап, халықаралық на­рық­қа шығарса, ел экономикасына тигізетін ықпалы зор болады. 

Жолдаудағы тағы бір маңыз­ды бағыт – интеллектуал­ды көлік жүйесін енгізу, инфра­құры­лым­ның тиімділігін арттыру. Осы орайда халықаралық жол торабында Қазақстанның маңы­зын арттыруға арналған қар­жы көлемін ұлғайту келешекте халық­қа пайдасын тигізбек.

Құрылыс саласына да заманауи жаңа әдістер, технологиялар мен материалдарды қолдану арқылы сапаны, экологиялық тазалықты және энергетикалық тиімділікті арттырудың бағыты айқындалыпты. 

Жолдауда адам капиталының жаңа сапасын қалыптастыру мақсаты шеңберінде экономи­калық қажеттілігі мен заман талабына сай білім беру жүйесін жаңа­лап, оқытушылардың бі­лікті­лігін арттыру, олардың қа­дір-қасиетін барынша арттыру, жоғары оқу орындарында ақ­параттық технологиялар қол­дану, олардың академиялық еркін­дігін заңнамалық тұрғыда қам­тама­сыз ету ерекше атап көр­сетіл­ген. Ұлттың төл тарихын, тілін, мәде­ниетін жетік біліп қас­тер­лейтін, сонымен қатар шет тіл­дерін жақсы меңгерген, озық көзқарасты азамат қалыптастыру бүгінгі заман, қоғамның басты талабы болып табылатыны да кеңінен қамтылған.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы замана көшінің беталысын тамыршыдай тап басып, елді осыған сай одан әрі қарқынды дамытуға бас­тайтын айқын да нақты жоспар екені сөзсіз.

Бәкей АҒЫПАРҰЛЫ,
Моңғолия Ғылым академиясының академигі,
Моңғолия Ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті