Мұндай ізгі істер біздің өңірде де бастау алды. Кеше Өскемендегі Халифа Алтай мешіті, Өскемен орталық мешіті, Мұхамади және Защита мешіттері бастаған қаладағы барлық мешіттерден 20-дан астам такси шығып, аялдамада автобус күтіп аяз қарыған тұрғындарды қалаған жерлеріне дейін жеткізіп салды. «Имамдарымыз күндіз және кешкі мезгілдерде кісі көп жиналатын жерлерге арнайы барды. Игі іске атсалысуға мешіт жамағаттарымен қатар көлігі бар қала тұрғындары да қосылып жатыр. Бүгін амандық болса 53 орындық үлкен автобус шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл автобус Өзен вокзалы аялдамасынан Ахмер ауылына дейінгі бағытта жүретін болады. Сонымен қатар қалалық Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп аялдамаларға барып, адамдарға ыстық шай тараттық», - дейді Өскемендегі Халифа Алтай мешітінің найб-имамы Дәулет Қабиболдин.
Өскемен қалалық Ішкі саясат бөлімінің қызметкері Әлібек Тұрсымбетов «имам такси» жобасы кеше түсті сағат 1-ден бастап ұйымдастырылып, Өзен вокзалы – Ахмер ауылы, облыстық мешіт – ЖМК (Жібек маталар ықшам ауданы), орталық базар – Аблакет ықшам ауданы секілді үш бағытта жүргенін айтады. «Таксилер көшеде қол көтерген кісілерді де отырғызып алып, қалаған жерлеріне жеткізді. Кешкі сағат 5-жарымнан бастап Өскемендегі жастар ресурстық орталығының еріктілері облыстық мешіттің имамдарымен бірге қаладағы ең үлкен аялдамаларда ыстық шай таратты. Бұл акция аяздың беті қайтқанша жалғасатын болады», - дейді ол.
Реті келгенде айта кетейік, «имам такси» жобасын облыстық мешіт қызметкерлері бұған дейін Рамазан айында ұйымдастырған болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН