Журналдың бас редакторы Бақтияр Қабасов жаңа туынды туралы былай дейді: «Журнал қазақ ұлтының өзінің жаңаша таңдау жолына түсудегі негізгі жетістіктері мен жеңістерін оқырмандарға кеңінен жария етеді, еңбегі зор, өнегесі мол ел азаматтарының өмірлік ұстанымдарын шынайы да жариялы түрде тізбектейді. Соңғы уақытта қоғамымызда айрықша сілкініс тудырған «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Қасиетті Қазақстан», «Туған жер» жобаларының кейіпкерлері біздің осы басылым арқылы оқырманға ақ тілек айтады, жинаған тәжірибелерімен бөліседі. Себебі, біз ұстанған бағыт – жаңғыру бағыты, жаңа тұрпатты жаңғыру бағыты!».
Көз алдымызда өзгерген күллі әлемнің жаңа тарихи кезеңі мен оның ағымына икемделіп, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруге ұмтылған ұрпақтың игі қадамына рухани қолдау жасау басылымның негізгі ұстанымы болмақ.
Сүйінші данада аузы дуалы азаматтардың (Нұрлан Оразалин, Өмірзақ Айтбайұлы, Асылы Осман, Оразалы Сәбден және басқалары) ұлт тарихындағы ұлы белес туралы пікірлері рет-ретімен жарияланды. Журнал бетіндегі Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіровтің сұхбаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Орбұлақ өнегесі» атты тарихи-тағылымдық мақаласы, ақын Бақыт Беделханның «Рух жыры» және басқа да қызықты мақалалар мен әдеби танымдық дүниелер оқырманын бей-жай қалдырмасы анық.
Басылымының алқа мүшелерінің қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов бар.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әрі түрлі-түсті бояумен әшекейленген, оқырмандармен айына бір рет қауышатын «Рухани жаңғырудағы» №1 журналдың меншік иесі – «Asau Media» ЖК. Талғар қаласында «Intellservice» баспаханасында басылып шығады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ