Руханият • 25 Қаңтар, 2018

Экслибрис немесе елтаңбалардың атасы

1056 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егер экслибрис жанрын­дағы туындыларды жинайтындар болмаса, бейнелеу өнеріндегі бұл бағыт бағаланар ма, бағаланбас па еді, кім білсін?! Эксли­бристің дүниеге келуі газет-журнал шығару, кітап басу ісімен қатарлас бол­ған­дықтан болар, оны бас­пасөзбен қоса құриды деп болжайтындар бар. Алайда экслибристің ең үздік үлгілері қайталанбас жәдігерлер қатарында қала бермек.  

Экслибрис немесе елтаңбалардың атасы

Санктпетербургтік коллекционер Вениамин Худолей: «Экслибрис – элитарлық өнер. Және бұл толығымен түсінікті де. Бес миллионға арналған өнер болады, бес мыңға арналған немесе бес адамға ғана арналған өнер болады», дейді.

Қазақ экслибрисінің атасы – ұлыс­тар мен тайпалардың таңбасы болар?! Демек, еңтаңбалар экслибристен бас­тау алады. 

Осы арада әлемдік элитарлық экс­ли­бристік өнерде «қазақстандық сег­мент» бар ма деген сұрақ туады. Мә­селен, біздің экслибрисшілерге ұлттық бағытта жұмыс істеу үшін французша да, полякша да экслибрис салудың қажеті жоқ. Ішкі түйсік, болмыстың өзі-ақ шығармашылық адамына жеке қолтаңба сыйлайды. Бәлкім, ұлттық код дегеніміз де осы шығар. 

Ал оған дейін қазақ зиялыларының арасында кітапқа қойылатын жеке таңбаларының бір кезде кеңінен та­ралғанын айтуға болады. Экслибрис мә­дени құбылыс ретінде әлеуметтік ортада да маңызды рөл ойнайды. Ар­найы экслибрис салуға тапсырыс беретіндер қазір де табылады. Және бұл кітаптардың кімге тиесілі екен­дігін ғана көрсетіп қоймайды әрі сол адамның мәдени-интеллектуалдық деңгейін де танытады. 

Ұзын-сөздің қысқасы, біздің елі­міз­де халықаралық деңгейде мойын­далған экслибрисшілер бар ма десек, суретшілер қауымдастығы бір ауыз­дан Ақтөбедегі Мәрзия Жақсы­ғаринаны атаған болар еді. Мәрзия Жақсығаринаның сырт мемлекеттерде көрмелерін өткізіп, Халықаралық каталогтардан есімін кездестірген сайын, жерлестерінің де жүрегін мақтаныш кернейді. 

Мәрзия да бала күнінде жаздың жай­ма-шуақ кештерінде аспандағы жұлдыздарға қол созып, алыс-алыс елдерді аралауды, атақты суретші болуды армандаған. Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін Ақтөбедегі мәдениет-ағарту училищесінде көр­кем-безендіру бөлімі ашылғандығы туралы хабарландыруды көріп, бірден қалаға аттанады. Бақытты 30 студент – жаңадан ашылған бөлімнің алғашқы қарлығаштары еді. 

Қазір бейнелеу өнерінің қыр-сы­рын түпкілікті меңгеру үшін аудиторияда түнейтін студенттер бар ма, жоқ па, кім білсін. Мәрзия өзінің 60 жұмыстан тұратын тұңғыш көрмесін училище қабырғасында-ақ өткізген. Есесіне заманына орай облыстық газетте талантты қыз туралы суретімен «Коммунизмге жол» деген көлемді мақала шығады. 

Училищені үздік аяқтаған ақтөбелік қыз алты жылдай Мәскеуде жұмыс істеп, одан кейін өзінің Ақтөбесіне дә­ріс беруге оралады. Кейін Абай атын­дағы мемлекеттік университеттің көркем-сурет, графика факультетінде жоғары білім алады. 

Біздің кейіпкеріміз экслибрис өне­рімен 1994 жылдан бері айналыса бастаған. Ол алғашқы туындыларын талай көрмеге жолдаса да, екі жылдан кейін ғана суретші Варшава қаласының 400 жылдығына арналған Халықаралық экслибрис биенналесіне шақыру алады  да, бес айлық баласымен алыс сапарға шығады. 

Содан бері суретші 160-тан астам көрмеден ойып тұрып орын алыпты. Оның 110-ы – АҚШ, Аргентина, Мексика, Бельгия, Франция, Польша, Чехия, Словения, Испания, Корея, Украина, Түркия, Литва, Ресей елде­рінде өткен халықаралық көрмелер. Және экслибристен өзінің 25 бірдей жеке көрмесін өткізгенін, мұнан да бөлек Мәскеудегі Экслибрис музейінде жеке көрмесін өткізген тұңғыш қазақ суретшісі екенін атау ләзім. Сондай-ақ Мәрзия Жақсығарина ұстазы Әнуар Өтеген-Танамен бірге Варшавадағы экслибрис музейінде көрме өткізген алғашқы қазақтар екенін ұмытпаған жөн.

Мәрзия экслибрис жанрының өл­ме­уіне, өз шығармашылығының ал­ға жылжуына өлшеусіз қызмет жа­сап жүрген жандар болмаса, құл­шы­нысым баяғыда-ақ кеміп кеткен бо­лар еді, дейді. Бұлар – көрме ұйым­дас­тырушылары, баспагерлер, коллекцио­нерлер мен экслибрис жанрын баға­лайтындар. 

– Бірінші экслибристерімді оның бар­лық заңдылықтарын сақтай отырып, бел­гілерден, кішірек көлемде бастадым. Сосын біртіндеп жұмыстарымның көлемі үлкейіп, экспозициялық, кә­делік ауқымға ұласты. Композиция идеясымен көп жұмыс істеймін. Оның әрбір бөлшегі туралы ойланамын. Бір ғана жұмыстың эскизіне 2 аптадан бас­тап, 5 айға дейін жұмсайтын кездер болады, – дейді суретші. 

Экслибрис аса күрделі өнер. Бұл жанрға суретші линогравюраның қалай кесілетінін зерттей отырып, біртіндеп келгенін айтады. Гравюра техникасы төзімді, үлкен еңбекқорлықты талап етеді. Иненің жасуынан өтетіндей дұрыс сызықтар тудыру үшін материал­дардың қарсыласуын жеңіп, яғни линолеум, самшит, қорғасын пластиналарына миниатюралық құрал-саймандармен нәзік оюлар салынады. Клише осылай туады. Титімдей гравюраны идеядан қағазға бастырылатын мөр сияқты дәре­жеге жеткізгенше тек тынымсыз жұ­мыс істей беруге тура келеді.

Егер суретші туындысын тамаша­лаған адамға эмоционалдық тұрғыда әсер еткісі келсе, бір немесе екі түсті ғана қолданып қоймай, акварельдің көмегімен қосымша реңк береді. 

Осы уақытқа дейін Жақсығарина Қа­зақ­станның мемлекеттік және қо­ғам қайраткерлерінің, саясаткерлері мен кәсіпкерлерінің, өнер май­тал­мандарының 267 экслибрисін сал­ған. Көпшілігі тапсырыспен жасал­ған. 

Негізгі серияларға «Қазақ елі» (1995-1996), «Ювелирные украшения Казахстана» (1997), «Абай – 150 жыл» (1995), «Ұлы жеңіске 50 жыл» (1995), «Мұхтар Әуезов – 100 жыл» (1997), «Құдайберген Жұбанов – 100 жыл» (1999), «Экзюпериана» (1994-2003), «Пушкиниана» (1998), «Архитектура» (1998) сияқты жұмыстары жатады. 

Бұл күнде Мәрзия Жақсығаринаны шын мәнінде қазақ экслибрис өнерінің әлемдік мәдени кеңістігіндегі елшісі деп атауға қақымыз бар. Егер тек Ақ­төбе қаласында экслибрис жанрына қатысты оннан астам халықаралық көрме ұйымдастырылса, онда суретші­нің еңбегі шын мәнінде елеулі.
Ендігі жерде өнертану профессоры, мәдениеттану ғылымының кандидаты, Суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті дизайн кафедрасының студенттерін экслибрис өнеріне баулиды. Оның көптеген шәкірттері қазірдің өзінде Италия, Польша, Ресей сынды бірқатар елдерде өткен көрмелерге өз бетінше қатысып үлгерді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ