Қысқы спорт • 25 Қаңтар, 2018

Қазақстан құрамасының алғашқы легі Пxенчxан Олимпиадасына аттанды

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні Алматыда Қазақстан құрамасын қысқы Олимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Оңтүстік Кореяның Пxенчxан қаласында 9-25 ақпан аралығында XXIII қысқы Олимпия ойындарының жалауы желбірейтіні аян. Дүбірлі сайысқа орай, сейсенбі күні оңтүстік шаһарда Бүкіәлемдік бокс академиясында ҰОК, Мәдениет және спорт министрлігі мен құзырлы мекемелердің қатысуымен спортшыларымызды ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті. 

Қазақстан құрамасының алғашқы легі Пxенчxан Олимпиадасына аттанды

Қазіргі таңда Қазақстан спортшылары қысқы спорттың бірнеше түрінен 49 лицензия ұтып алды. Олардың қатарында медальға деген үміткерлер де аз емес. Елсияр Қанағатовтың айтуынша, олар фристайлшылар Дмитрий Рейxерд, Юлия Галышева, Жанбота Алда­бер­ге­нова, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, шаңғышы Алексей Полторанин сынды саңлақтар.

– Спортшылардың дайын­дығы ойдағыдай. ҰОК, феде­ра­циялардың және МСМ тарапынан қолдау көрсетілуде. Бірнеше күнде лицензияларымыздың саны анық белгілі болады. Спорт­шыларымызға жеңіс тілейміз, – деді Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов. 

Сондай-ақ комитет төрағасы Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан сыйақы берілетінін айтты. «Олимпиада чемпионы атанған спортшы мен оның жаттықтырушысына мемлекет 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған. Күміс медаль алған спортшыға 150 мың, ал қолаға қол жеткізген спортшыға 75 мың АҚШ доллары беріледі. Сонымен қатар үздік алтылыққа енген спортшыға да қаржылай сыйақы қарастырылған», деді ол.

Ал Пxенчxан қаласындағы қысқы Олимпиада ойындары екі кластерде орналасқан 12 спорт­тық нысанда өткізіледі. Пxенчxан таулы кластерінде шаңғы спортынан жарыстар өтсе, жағажайдағы Канның кластерінде коньки спортының шеберлері өзара мық­­тыны анықтайтын болады. Қа­зақстан спортшылары Оңтүстік Кореяға бірінші ақпаннан бастап аттана бастайды. 

– Осы тартысты додаға дайын­дық қарқынды түрде өтуде. Өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, бір нәтижеге қол жеткізсем деймін. Біздің спорт түрінен қазір 3 лицензия бар. Менен бөлек алғашқы рет Олимпиадада Ақмаржан Қалмұрзаева мен Маржан Ақ­жігіт өнер көрсетеді. Төртінші лицензия­ны Жібек Арапбаева жеңіп алады деп ойлаймыз. Бұл мен үшін екінші Олимпиада. Қобалжып жүрмін, өйткені маған сенім артушылар көп, 2014 жылы алғаш барғанымда қазіргідей жауапкершілік болмаған еді, – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында фристайл-акробатшы Жанбота Алдабергенова.
Салтанатты шара барысында ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков спорт­шыларымызға жеңіс тілеп, ат­тандырды. Ел намысын қорғай­тын спортшылар өз алғыстарын білдіріп, ел үмітін ақтауға тырысамыз десті.

Олимпиада ауылында елі­міздің туы 7 ақпан күні кө­те­ріледі. Айта кетейік, Пхенчхан­дағы қыс­қы Олимпиада ойындары ақпан­ның 9-ы мен 25-і аралығында өтеді. Ашылу салтанатында елі­міздің Көк туын шорт-трекші Абзал Әж­іғалиев ұстап шығады.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ