Енді екі жылдан бері сол шырғалаңды экрандауға байланысты жүріп жатқан халықаралық киножобаның нәтижесінде «Айдың арғы беті» атты фильм түсірілмек.
Жаңа жобаға байланысты өткен баспасөз мәслихатында «Айдың арғы беті» кітабының авторы, заңгер Игорь Яримак пен кинопродюсер Сәкен Белгібаев картина сәтімен түсіріліп, әлемдік прокатқа шықса, Еуропаның екі мемлекетінен-ақ фильмге кеткен 10 миллион еуро қайтатынына сенімді екендіктерін мәлімдеді. Берлин, Роттердам кинофестивальдерінің жетекшілері де бұл кино-идеяның табысты болатынына оң пікір білдірген.
Еске сала кетейік, бүкіләлемдік БАҚ жарыса жазған бұл атышулы оқиға 2000 жылдың 24 мамырында қазақстандық хакер Олег Зезев Bloomberg Financial News қаржылық жүйесі мен Нью-Йорк мэрі Майкл Блумбергтің жеке поштасына бұзып кірген кезде басталды. Бұл «хакерлер ісіне» қатысты бүкіл әлемді дүрліктірген оқиғаға айналды. Нәтижесінде, Олег Зезев төрт жылға сотталды. Заңгер Игорь Яримак Лондондағы Брикстон түрмесінде екі жылын және Нью-Йорктегі америкалық федералдық түрмеде бір жылын тұтқында өткізуге мәжбүр болды. Бүкіл осы уақыт бойы ол өзінің айыпсыз екендігін дәлелдеумен болды, ақырында 2003 жылы оған тағылған бүкіл айып алынып тасталды.
Фильм Игорь Яримактың осы шынайы оқиғаларға қатысты жазған «Айдың арғы беті» атты бестселлерінің негізінде түсіріледі. Кітапқа және фильмге қатысты патент пен авторлық құқық бар. Аталмыш кино Қазақстан, АҚШ, Ирландия, Испания, Шотландия және Англияда түсіріледі деп жоспарланып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ