Аймақтар • 25 Қаңтар, 2018

Өскеменде 8 мұзайдын жұмыс істеп тұр

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі «Алтай» стадионында футболшылар ала жаздай доп теуіп, ойын көрігін қыздырса, қыс бойы қала жұртшылығы осында келіп коньки тебеді. Мұндағы мұзайдыны биыл қаңтар айында ашылыпты. 

Өскеменде 8 мұзайдын жұмыс істеп тұр

Жақында осы мұзайдында шаһардағы студенттер мен мектеп оқушылары арасында «Көңілді старт» ойыны ұйымдастырылды. Мұзайдынға коньки тебуге келген жастар үш командаға бөлініп, спорттың 5 түрінен сынға түсті. «Мұндай спорттық жарыстарды әр аптаның сенбі-жексенбі күндері дәстүрлі түрде өткізіп отырамыз. Бұл жолы шара соңында «Темекіні тәттіге алмастыр» атты акция ұйымдастырып, шылым шегетін жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға, темекіні тастауға шақырдық. Жастар темекі тартқанша бір мезгіл коньки теуіп, денелерін шынықтырып, денсаулықтарын нығайтқаны ғанибет емес пе? «Алтай» стадионына келушілер тек коньки тебумен ғана шектелмейді, хоккей де ойнай алады. Біз алдағы аптада оқушылар арасында хоккей турнирін өткізуді жоспарлап отырмыз. Үш нұсқаушымыз бар. Олар коньки тебе алмайтындарға конькиде жүруді үйретеді. Медициналық бекет күні бойы жұмыс істейді. Мұзайдынға келушілердің көптігін ескере отырып биыл 200 дана жаңа коньки сатып алдық», - дейді «Алтай» стадионындағы мұзайдынға жауапты мекеме «Госстрой» ЖШС директоры Ерлан Жармұхамедов. Оның айтуынша, мұзайдынға демалыс күндері 3 мыңға, жұмыс күндері 500-ге жуық халық келеді.

Өскемен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыс орталығында «Алтай» стадионын қоса алғанда 8 мұзайдын шаһар тұрғындары үшін жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қаладағы мектептердің жанында 36 шағын мұзайдын бар. «Өскемен тұрғындарына Комсомол аралында, «Металлургтер» саябағында, «Титан» стадионында, Этноауылда, «Нұрлы жол» саябағында, Комендантка өзенінің жағалауында және Амфитеатрдағы мұзайдында коньки тебуге барлық мүмкіндік жасалған. Тұрғындарға қолайлы болу үшін киініп-шешінетін орындар қарастырылған, шай ішіп, бой жылытатын шағын дәмханалар жұмыс істейді. Қалалықтар Комсомол аралында, Аблакет ықшам ауданында және Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика менежінің артындағы шаңғы жолдарында шаңғы тебулеріне де болады. Бұл шаңғы жолдарында қалалық және облыстық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып тұрады», - дейді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген автор

 

 

Соңғы жаңалықтар