Президент • 25 Қаңтар, 2018

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевті қабылдады

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевті қабылдады

Кездесуде Мемлекет басшысына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және бұған дейін берілген тапсырмаларды орындау үшін атқарылған шаралар жөнінде баяндалды.

– Цифрландырудың арқасында Қазақстан экономикасы 30 пайызға өсуі керек, ол ақшаға шаққанда 2 триллион теңгеден асады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жинақталған тәжірибе мен құзыреттілікті сақтау үшін цифрландыру саласындағы мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру мәселелерін саралауға отандық бизнестің қатысуы қажет екенін атап өтті.

– Цифрландыру бағдарламасы бекітілді. Мемлекет оған аз ақша бөліп отырған жоқ, сондықтан олардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.

Асқар Жұмағалиев Қазақстан Президентіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуынан күтілетін нәтижелер жөнінде мәлімдеді. 

– Цифрландыруды енгізудің арқасында өндіруші өнеркәсіпте өнімнің өзіндік құны төмендеп,  өндіріс көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ, электронды коммерция саласында 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша, тек кеден және салық қызметтерін цифрландыру нәтижесінде мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы түседі, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форумды өткізуге дайындық жөніндегі есепті тыңдап, бірқатар нақты тапсырма берді.