26 Қаңтар, 2018

Қаржы оқушы санына қарай беріледі

1916 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы Елбасы Жолдауында қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетіні айтылды. Бұл білім ошақтары арасындағы бәсекелестікті артты­ру­ға, жеке капитал тартуға ба­ғыт­­талмақ. Өйткені әлемдегі қар­жыландырудың басым бөлігі сұра­ныс негізінде жүргізіледі. Яғни мек­тептегі қаржыландыру көлемі оқу­шылар санына байланысты болады деген сөз. 

Қаржы оқушы санына қарай беріледі

Иә, Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық озық білім беру жүйесін қалыптастыру орайында оның ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктерін реформалау басталды. Бұл басқару тәсілдерін де өзгертуді қарастырады. Еліміздегі 2016-2019 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бекітілген жаңа жүйе бойынша жыл басында білім берудің барлық деңгейін жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру әдістемесі мен ережесі күшіне енді. Ол 2013 жылдан бері орта білім беру саласында апробациядан өткен болатын. Онда жұмыскерлерге еңбекақы төлеу шығындары, жұмыс берушінің салық, зейнетақы, әлеуметтік аударымдағы жарналары және оқу мен ғимарат ұстау, кеңсе, шаруашылық тауарлары, құрылыс материалдары, жуу және дезинфекциялық құралдарын сатып алу іспетті ағымдағы және коммуналдық қызметтерге, байланыс пен интернетке жұмсалатын шығындары да ескерілген. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді ұйымдастыруға арналған шығындар, қосымша күрделі қаржы шығыны, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша дуалды білім беру шығындары қамтылған.
Жалпы, бюджет қаражатын тиімді әрі оңтайлы пайдалану, үнемдеу мақ­сатында ұйым басшысының белгілі бір дербестігі болуы қажет. Жан басына шаққандағы қаржыландыру басқарушылық және қаржылық шешімдер қабылдау үшін осындай дербестікті қарастырады. Алайда бүгінгі «мемлекеттік мекеме» формасы аталған қаржыландыруды енгі­зу­ден толық тиімділік алуға мүм­кін­дік бермей отыр. Осыған орай мек­­тептердің ұйымдастырушылық-құқық­тық формасының шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға өзгерту мүмкіндігіне байланысты жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар әзір­лен­ді. Бұл орайда мектептердің бар­лық салықтық, қызметкерлерінің сау­ық­тыруға төленетін жәрдемақы, бас­пана алу кезегі сияқты әлеуметтік же­ңілдіктері сақталады. Сонымен қатар мектептерді бюджеттің таза кіріс бөлігіне қатысты аударымдарынан босату қарастырылып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында орта білім беру жүйесі бірқатар өзгеріске ұшырады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, білім беру сапасы жоғары елдерде жекеменшік мектептер жалпы мектептердің 12-ден 29 пайызға дейінгі бөлігін құрайды. Ал Қазақстанда жекеменшік мектептердің үлесі бар-жоғы – 1,5 пайыз.

Орта білім беру саласын ырық­тан­дыру аясында «Білім беру туралы» заңға толықтырулар енгізілгені белгілі. Соған сәйкес жекеменшік мектептерде де мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау мүмкіндігі пайда болды. Бұл ретте жеке бизнесті тарту мақсатында қолданыстағы құ­рылыс нормалары мен ережелерін оңтай­ландыру, білім беру нысанын ли­цензиялауда біліктілік талаптарын жеңілдету жоспарланып отыр. Сондай-ақ жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі бойынша алған бюджет қаражатын өз бетінше жұмсау құқығы берілді.
Аталған қадам жекеменшік мектептер желісінің дамуына серпін бермек. Бұл өз кезегінде жартылай мемлекеттік мектептердің жүкте­месін азайтып, оқушылар орны тап­шы­лығының төмендеуіне әкеледі деп күтілуде. Білім және ғылым министрлігі осы бағыттағы жоспарлы жұмыстарды атқаруға білек сыбана кірісіп кетті. Мәселен, Шымкент қаласында биыл қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен жекеменшік мектептерде 3310 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарланып отыр. Ал Астана қаласында республикалық бюджет қаражаты есебінен 3721 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланған. Астана және Шымкент қалаларындағы мектептерді басқарудың жаңа тәжірибесі өзге өңірлерде, демографиялық өсімі жоғары облыс орталықтарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды толығымен енгізуде қолданылатын болады. 

Думан Анаш,

«Егемен Қазақстан»