Бүгінде тұлғаларымыздың мерейтойларын тек туған жерінде өткізу әдетке айналып барады: Абылайдың тойы – Көкшетауда, Төле бидің тойы – Оңтүстік өңірде, Қаздауысты Қазыбек бидің тойы – Қарағандыда, Абайдың тойы – Семейде, Сүйінбай мен Жамбылдың тойы Жетісуда өтті. Сөйтіп асылдарымыз өздерінің туған жерлеріне, еліне қарай жіктеле бастады. Осылай жалғаса берсе, бұл түбінде қазақты бөлуге апарып соға ма деп қорқамын. Елдің тізгінін ұстап отырған азаматтар мұны ескергендері жөн. Біз ендігі жерде: «Қазақ Үш жүзге бөлінбейді, Үш жүзден құралады» деп өмір сүруіміз керек.
Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» дейтін мақаласы жарияланды. Тарихи мақала. Автор көптен бері көкейімізде жүрген, үнемі айтып та келе жатқан ұлттық болмыс, рух жаңғыруы, елдің келешегі туралы күрделі, тағдырлы мәселелерді терең толғады. Осыған орай елімізде рухани орталықтар ашылып, туған жер, Отанымыздың киелі, қасиетті жерлерін, тарихымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді қайта жаңғыртатын пәрменді жұмыс басталды.
Десе де, әлі де ойландыратын, толғандыратын мәселелер аз емес: ақылға сыймайтын шоулар, жөн-жосықсыз тойлар көбейіп барады. Ән өнерінің, оның ішінде қазақ эстрадасының да қайда кетіп бара жатқаны белгісіз. Бүгінгі композитор дегендеріміздің көбі өзге елдердің әнін ұрлауға көшті. Соның салдарынан қазақ әні өзінің табиғатынан, болмысынан, ырғағынан айырылып барады. Ата-бабасына арнап мешіт салу етек алды. Оның есесіне еліне сөзі ем болған, халқының санасына нұр құйған, жүрегіне нәр берген, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен ұлыларымыздың көбі әлі еленбей, атаусыз қалып, басқан іздері білінбей барады. Өкініші, бүгінгі ұрпақ оларды ұмыта бастады. Солардың ішінде Досжан хазірет пен Майлықожа ақын да бар.
Досжан Қашақұлы Ақтөбе облысы, Ойыл өңірі, Қарақамыс (Көкжар) деген жерде 1815 жылы дүниеге келеді, тегі – Жетіру тайпасының ноқтағасы Табыннан, Кіші жүздің пірі болған, Меккеге үш рет барған.
Әкесі Қашақ молда сабырлы, ақылды, білімді, қадірлі кісі болған екен. Досжан он бес жасқа дейін әкесінің қолында оқып, сауатын ашып, кейін Қарғалыда медресе бітіріп, Ойылдағы аулына келіп бала оқытады.
Қазақтың атақты шайыры Әбубәкір Кердерінің «Табын Досжан хазіретті жоқтап айтқаны» дейтін ұзақ жырында Қашақ молданың да, Досжан хазіреттің де болмысы, қасиеттері кең жырланады.
– Дүниеде бір нәрсеге
мұқтаж болмай,
Дәреже, бақыт,
ғылым бітті тегіс,
немесе
Досеке пірі болды Кіші жүздің,
Раушан нұры болды түсіміздің, – дейді ақын.
Досжан хазірет Меккеге қажылыққа алғаш рет 1858 жылы барған. Мұның дерегін Әбубәкір Кердерінің жоқтау жырынан да, Мәшһүр-Жүсіптің «Қазақ шежіресі» дейтін кітабынан да оқимыз. Әрхам Кәкітайұлының жазуына қарағанда со жолы Досжан хазірет, Құнанбай қажы, Мырқы, Аңдамас дейтін кісілер жиналып:
– Біз осында құдай жолы деп келдік. Қаражатымыз бар. Қаражаты жоқ кісілер келсе қайда жатады, қазаққа арнап тәкия (қонақүй) салайық, – деп пәтуаласып, үш жүз кісілік тәкия салған екен. Сөйтіп оның маңдайшасына «Қазақ Құнанбай тәкиясы» деп жаздырған екен.
Үшінші рет қажылыққа барғанда Құнанбай қажы:
– Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды. Сондықтан тәкияны сол кісінің атымен атау керек, – деп, маңдайшасына «Досжан тәкиясы» деп жаздырады. Осыдан қазақ арасында: «Шіркін, бар қазаққа Құнанбай мен Досжанның достығын берер ме еді» дейтін сөз қалған екен.
1872 жылы (әлде 1870 ж.) Досжан хазірет Меккеге қажылыққа екінші рет барады, Мединеге зиярат етіп қайтады. Бұл жолы Жәңгірханның ұлы генерал Ғұбайдулла Шыңғысханмен, Құнанбай Өскенбайұлымен бірге болады. Бұл жайында біраз дерек Шәкәрім қажының «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» дейтін кітабында кездеседі.
Осы жолғы сапардан оралған соң Досжан хазірет Шұбарқұдыққа, Ойылдың бір саласы Шилісудың бойына көшіп келіп, өз қаражатына зәулім, керемет, айшықты, мұнаралы, алыстан көз тартатын бес мың кісілік мешіт, мінәжат үйін, 150 орындық медресе салдырады. Мешіттің қабырғалары құраннан, хадистен алынған әдемі қия жазулармен нақышталады. Кірпіштерін биенің, түйенің сүтіне илепті. Жұртшылық бұл мешітті «Ақши мешіті» деп атайды.
Ғажайып нақыштары
әрбір түрмен,
Жазулы аят, хадис,
қызыл сыр мен.
Көргенде тәнің балқып,
сүйек еріп,
Толғандай мұсылманның көңілі бүрмен, – деп жырлайды Әбубәкір Кердері.
Досжан хазірет, осылай, қалың елдің батасын алып, жұртты имандай ұйытады.
Досжан хазірет дәулетті адам болған. Оны Әбубәкірдің:
– Салтанат, бақыт, дәулет бірдей қонып,
Келісіп біреуіне бірі ұласты – дейтін сөзінен де аңғарамыз.
Ақши мешіті сол заманда Ұлы Даланың діни-ағартушылық, руханият орталықтарының бірі болыпты. Осы мешіттен әр кезеңде қазақ даласына нұр құйып, сәуле шашқан, небір ахундар, қажылар, мақсымдар, халфелер, хазіреттер шығады.
1874 жылы Досжан хазірет қажы сапарына үшінші рет шығады. Бұл жолы Мәшһүр-Жүсіппен бірге барған.
Қажылықтан оралып, өзінің Шилісудағы қонысына келген сәтін Әбубәкір Кердері былай суреттейді:
– Қазаны сахуаттың беті қайнап,
Миуа тұр екен дәрхат күндей жайнап.
Өзінің кең жайына келіп жетті,
Қаз ұшып, мамыр қонған, бұлбұл сайрап.
Жырда әрі қарай хазіреттің бақтағы алпыс екі түрлі құлпырған миуасы, жайқалған орманы суреттеледі. Хиуадан алма, жүзім алдырып еккен; күріш салып, шәй плантациясын ұстаған. Иісі аңқыған шырын қауын, арша, қызыл ағаш, терек, қарағай, жиде ағаштары төгіліп, мәуелеп тұр екен. Бақтың аумағы он шақырым болған. Қалың тоғайдың арасына жұрт демалатын қарағайдан үй де салдырған.
Әбубәкір Кердері хазіретті асыл сөзді, кең көкірек, орта бойлы, терең ойлы, жұмсақ мінезді, сабырлы, берекелі, дәулетті, құдай жолында көп еңбек еткен, дұшпанға пәле ойламаған, бұқараға сөзі ем болған; сабырда – хазіреті Аюбқа, мақамда – Дәуітке ұқсас, пиғылда – Расулымдай жайлы, дәулетте – хақ Сүлеймендей салтанатты болған деп суреттейді.
Досжан хазірет 1890 жылы дүниеден өтеді. Алты алаш бұршақтаған көзін сүртіп, дұға қылады. Аяқ жетер жерден топырақ салуға ынтызар боп келген жамағатта есеп болмапты. Жер қайысыпты. Жаназаға бес мың адам ұйыпты. Соңында қалған малын халыққа үлестіріп беріпті. Сонда жан басына бір қойдан тиіпті.
Хазіреттің ұрпақтарының дені ата жолын қуады, қажы, хазірет атанады; мешіт, медресе ұстайды, имам болады. Амал не, кеңес дәуірінде олардың басына нәубет келіп – атылады, сотталады, айдалады.
Бертінде Швейцария банктерінің бірі баяғы Мекке, Мединедегі хазіреттің тәкиясынан түскен қаржысын бермек боп мұрагерлерін іздестіргенде, жарықтықтың немере-шөберелері ақшадан ат-тонын алып қашыпты.
Қазақтан шыққан заманының аса ірі қайраткері Досжан Қашақұлының артында өнегелі ісі, пәтуалы сөзі, жарқын ізі, биік парасат, кісілікті жолы қалды. Ол кісінің мектебінен талай қазақ жастары оқып, тәлім, білім алды. Солардың ішінен атағы елге кең жайылған Халел Досмұхамедовті, Сағитжан Қаратаевты, Сәтқали Құтқожинді, Сағындық және Аққағаз Досжановтарды, Құдайберген Жұбановты, Ғұмар Есенқұловты, Жиенғали Тілепбергеновті атасақ та жеткілікті.
Хазіреттің өз кіндігінен тараған ұрпағы бүгінде екі жүз түтіннен асатын көрінеді.
Ақтөбе өңіріндегі Шұбарқұдықтан үш шақырым жердегі Шибұлақ мешітінің жанындағы Досжан хазіреттің бейітіне ел бүгін де ағылуда. Құран оқиды, садақа береді. Зиратының басына түнеп, тілейді, аруағына сыйынады. Қалың ел жиылып, хазіретке 2000 жылы (қайтыс болғанына 110 жыл толғанда), 2015 жылы (туғанына 200 жыл толғанда) ас беріп, Ақшидегі мешіттің орнын айқындап, сол мешітті қалпына келтіру, басына кесене тұрғызу жөнінде пәтуаласқан екен. Осы шаралар жүзеге асса, әрі Ақтөбедегі орталық мешітке және облыстағы кейбір руханият нысандарына ғұламаның есімі берілсе құба-құп болар еді. Сонда ұлтына мінсіз қызмет еткен бабамыздың рухы алдындағы парыз да өтелер еді.
«Аруақ риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар қазақта. Осы бір игілікті іске еліміздің ұлтжанды азаматы, жүрген жерін көгертіп жүретін қадірлі інім, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзі мұрындық болса дұрыс болар еді.
Енді бірер сөз Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты Қожатоғай деген жерде туып-өскен Майлықожа Сұлтанқожаұлы жайында. Майлықожаны қазаққа түсіндіріп жату артық болар еді.
Майлықожа – қазақ жырының өрісін кеңейткен, мәртебесін өсірген, терменің, мысал өлеңдердің бағын жандырған, өсиетімен, нақыл сөздерімен қалың елді тәрбиелеген ұлы ақын.
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майкөт ақын, Құлмамбет,
Орын берді қасынан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған.
Айтқандары нұсқа еді,
Жаралған сөзі асылдан, – дейді кемеңгер Жамбыл.
Майлықожаның кім екенін бұдан асырып айту мүмкін емес шығар.
Өкініші, Майлықожаның атында Шымкент қаласындағы кішкене көшеден басқа ештеңе жоқ көрінеді. Ұлы ақынның есімін мәңгі есте қалдыратын тиісті шешімдерді облыс әкімі, қадірлі інім Жансейіт Түймебаев қабылдайды, сөйтіп қалың елді риза қылады деп сенемін.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ