Өмір деген толғауы тоқсан, жолы сан-сала, кейде оның қыр-сырын саналылар ғана ұғатын жұмыр жұмбақтай көрінетіні ақиқат. Білімі терең, тұлғасы кесектер сол өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек екені байқалады. Ондай азамат алғашқы қадамынан-ақ қарым-қабілетін танытып, жас болса да бас болар тірлігімен, төңірегіндегілерден төбе бидей ірілігімен дараланып, сөзі өтімді, ісі толымды болып тұрады. Солардың бірі – Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Мырзагелді Төрекелдіұлы Әбдірайымов.
М.Әбдірайымов – кеңестік кезеңде білім қуып, жоғары оқу орнында оқып, мамандық алып, еңбекке араласқан соң, қалған саналы өмірін еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнаған жан. Ал кеңестік кезеңде білімі терең, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Басты талап – істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Жігерлілігін көрсеткен әрі бас бола білген Мырзагелді Төрекелдіұлы – мол тәжірибенің арқасында ерен еңбегі еленіп, басшылық қызметтерді жемісті атқарып, еліне мінсіз қызмет етудің өнегелі жолын көрсеткен арда азамат. Көңілі шуақ, сөзге сараң, іске жомарт, жаны жайсаң жан жайлы білерім де аз емес.
Біздің таныстығымыз еліміз егемендік алған жылдары бастау алды. 1992 жылы Қазақ мал шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Виктор Андреевич Вернигор зейнеттік демалысқа кетіп, оның орнына іскер, жас жігіт іздегеніміз бар. Сол орынға үміткерлердің бірі Әбдірайымов еді. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын және аспирантурасын бітіріп, ғылым кандидаты атанған екен. Докторлық жұмысының дайын екенін және бөлім басқаратынын білдік. Ұйымдастыру, іскерлік қабілетіне қарап, оны Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ұйымдастыру бөлімінің басшысы етіп қызметке қабылдадық. Ол кезде академияға талантты жас кадрлар керек еді. Ал 1994-2002 жылдары ол Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы бас ғылыми хатшысы қызметін абыроймен атқарды. 2002 жылы академия Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өткенде Мырзагелді Төрекелдіұлы Астана қаласына қоныс аударып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылым департаменті директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. Ол кезде мен де Астанаға қоныс аударған болатынмын.
Көптеген істің иірімін тауып, айналасындағы серіктестерімен кеңесе отырып, келелі істің басын қайырып, жетістіктің желкеніне мініп, тұлғалық тұғырынан көрінді. Бұл жағынан келгенде, М.Әбдірайымов өз қызметінде парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды. Онымен жиі кездесіп, пікір алмасып, ой өрбітіп, сырласушы едік. Жүзі жылы жан ылғи күлімсіреп, адамның өмірге деген құлшынысын арттыруға ықпал ететін.
«Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» деген екен Қытай реформасының атасы Дэн Сяопин. Осы сөз ойға оралған сайын оның мәрт тұлғасы көз алдыма келе береді. Ол өмірдің қиын да қызық жолынан жоққа жасымай, барға асып-тасымай, ізгіліктің ізімен жүретін зерделі жан еді. Өткен заманның, тәуелсіз Отанымыздың сан соқпақтарында да еліміздің ауыл шаруашылығы саласының туын биік ұстап жүрген тұлғамен біраз араласып, дәм-тұздас болдым.
Мырзагелді Төрекелдіұлы ауыл шаруашылығы ғылымының жетістіктерін қолдап, оны өндіріске енгізу мәселесіне де көп көңіл бөлді. Ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына үлес қосқан М.Әбдірайымов «Қазагроинновация» АҚ вице-президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі атанды. Аталған сала бойынша 100-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 5 монографияның авторы болды.
Мырзагелдінің өзгеден ерек, тумысы бөлек сырбаз жан екені, сирек кездесетін шынайы тазалықтың, кәусар суындай мөлдір сұлулықтың, бекем ұстамдылықтың, нәзік іңкәрліктің, парасаттылықтың иесі екені замандастарына аян.
«Адам табиғатынан қабілетсіз болмайды, әрбір адам өзінше бөлек әлем» деп психология ғылымында адам баласының кез келген бір қырынан дарынды болатындығы жайлы айтылған. Иә, расында да біреуіміз оқуға құштармыз, біреуіміз жазуға, ал кейбіреулер ән айтуға немесе ұйымдастыру жұмысына бейім келеді. Ал бірақ бір адамның бірнеше қабілеті болуы екінің бірінде кездесе бермейтін көрініс. Ондай жандар қай кезде де жүздің арасынан жарқырап, мыңның арасынан азаматтық мәртебесімен суырылып шығары анық. Иә, осындай керемет қасиет Мырзагелдінің бір басынан табылуы кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Басымыз құрала қалған тұста одан ән орындауын, әсіресе «Мойынқұм вальсін» сұрайтынмын. Көмейіне бұлбұл ұя салғандай даусы тұнық еді Мырзегелдінің. Аккордеон, баян, домбыра сынды кез келген музыкалық аспапта еркін ойнап, оның ішек-тетіктеріне тіл бітіріп, ортасына керемет көңіл күй сыйлайтын Мырзагелдінің сол әуезді үні күні бүгінге дейін құлағымда қалыпты...
Ағайын-дос арасындағы береке-бірлікті, тату тірлікті сақтау жөнінен де оның кісілігі мен кішілігін ерекше атауға болады. Кемел ойлап, кең пішетін кісілік келбеті, жақсылық жасаудан, ізгілік көрсетуден аянбайтын, ақыл-парасаты мол, халық мүддесі жолында адал еңбек етіп жүрген Мырзагелдідей мәрт ініммен танысып-біліскен тағдырыма ризамын!
Рим философы Сенека «Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» деген екен. Мен білетін М.Әбдірайымовтың өзіндік өнегесімен жақсылыққа бастаған адамдық қасиеттерінің бір тамшы қыры осындай...
Кімге болсын өскен өлкеге барып, туған жердің топырағына аунап-қунап, кәусар таза ауасын кеудеңді кере жұтып, күш-қуат алу – бір бақыт, ал сол жердегі елге қызмет етіп, сый-құрметіне бөлену – шексіз бақыт. Мырзагелді Төрекелдіұлы – мол бақытқа ие болған азаматтың бірі. 2005 жылы жерлестері оған Мойынқұм ауданының құрметті азаматы атағын бергенде «мен үшін дүниедегі ең қымбат марапат – туған елімнің азаматтарының маған көрсеткен құрметі» деп қуанышы қойнына сыймай, мақтаныш сезіміне бөленіп тұрған сәттері әлі күнге көз алдымда. Оның жүрегінің тазалығы, елін, жерін сүйген перзенттік болмысы осындай еді!
Ізетті іні арамызда болса, биыл жемісі мен жеңіске толы жетпіс жасын тойлаушы едік, амал нешік... сұм ажал осыдан 10 жыл бұрын сүйікті жары Әсия екеуін ойда жоқта ортамыздан алып кетті.
Бүгінде бізге оның иманға толы парасатын, кең пейілін, ғибратқа толы өмір жолын еске алу жазыпты...
Ғани ҚАЛИЕВ,
Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, академик