Ел біріншілігі AIBA ережелерімен бекітілген 10 салмақ дәрежелері бойынша өтті. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген 90-нан аса боксшы бас қосып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың қорытындысы бойынша өз салмағында Әнел Құдайберген (48 кг), Жансая Әбдірайымова (51 кг), Айзада Еслямғали (54 кг), Еркежан Дәулетжанқызы (57 кг), Мария Гладкова (60 кг), Зарина Халилулла (64 кг), Мая Бейсебаева (69 кг), Надежда Рябец (75 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) және Дина Исламбекова (+81 кг) жеңіске жетті. Сонымен қатар Карина Айзахметова, Балжан Асқар, Жұлдыз Тойкова («Жеңіске деген жігері үшін»), Жансая Абдраймова және Гүлсая Ержан («Үздік боксшы») атанды.
Қыздар арасында бокстан тұңғыш рет өткізілген чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Олимпиада чемпионы Ермаxан Ибраимов бастаған қазақ боксының ардагерлері марапаттады.
– Кіл мықтыларды анықтаған қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Бұл ұлттық құрама командаға іріктеу жарысы болатын. Енді құрама команда жасақталғаннан кейін Азия, Әлем чемпионаттары және жасөспірімдер арасындағы Олимпия ойындарына жолдаманы жеңу үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді Ермахан Ибраимов.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»