Теннис • 30 Қаңтар, 2018

Кездесу фавориті Қазақстан!

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Дәулет» ұлттық теннис орталығында Қазақстан және Швейцария құрама командаларының баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда Швейцария құрамасының капитаны Северин Люти мен Қазақстан капитаны Диас Досқараевтар сөз сөйледі. Жиынның басты тақырыбы 2-4 ақпан аралығында Астанада өтетін Дэвис кубогының 1/8 финалдық кездесуі еді.

Кездесу фавориті Қазақстан!

Алдымен сөз алған қонақтар құрамасының капитаны болды. Северин Люти бірден осы теке тірестің фавориті Қазақстан деп кесіп айтты.

- Біздің құрама команданы барлығы Федерер мен Вавринка арқылы таниды. Бірақ, бұл жолы Роджер де, Станислас та келе алмады. Өздеріңіз естіп-көріп отырсыздар Роджер Федерер өзінің ғұмырындағы 20-шы үлкен турнирін жеңді. Күні кеше ғана «Аустралиан оупенді» ұтты. Ал Станислав Вавринка болса жарақат алып, жарытып кортқа шыға алмай жүр. Сондықтан да, қазір біздің құраманың ең мықты тенисшісі Яри Лаксоннен деген жас жігіт. Жалпы құрамамыз жастардан жасақталып, болашаққа жұмыс істепуге бет алдық. Себебі, Федерер мен Вавринкалардың жастары тақап қалды. Олар 1-2 жылда тенниспен қош айтысады, сол кезде солардың орнын басатын осы жастар. Біз сол бағыттағы жұмысты қазірден бастап отырмыз. Сондықтан да, осы теке тіресте Қазақстан фаворит дегім келеді.

- Сіздің арық айтып, семіз шығатын әдетіңіз емес пе? Дегенмен, келесі кезеңге өтсек деген ойыңыз бар ғой. Қазақстан құрамасынан кімді ерекшелеп айтар едіңіз.

- Әрине, ұтыла салу үшін келген жоқпыз. Қайта осындай жастардан жасақталған құраммен Қазақстанды оның алаңында жеңіп кетсек, тамаша болар еді. Біздің негізгі мақсатымыз да сол. Бірақ, Михаил Кукушкин секілді тісқаққан теннисшілерге біздің жастардың тәжірибиесі жете қоймас. Ал қалғанын кортта көре жатармыз.

Осыдан соң, микрафон алдына жайғасқан Диас Досқараев өз ойын айта жөнелді.

- Қазақстан осы ойында жеңуі керек деп айтылып жатыр. Алайда, осы сөздердің әрқайсысы бізге салмақ түсіреді. Ертең жеңіліп қалып жатсақ, абыройсыздық болады ғой деп қобалжитын кездеріміз де жоқ емес. Бірақ, спортта сенімділік деген дүние бар. Өз ойынымызды көрсетіп, пысықтаған дайындығымызды толық аша білсек жеңіске жетуіміз керек.

- Егер алғашқы 2-3 кездесуде жеңіске жетсек, бәлкім Сіз де жастарға кезек беретін шығарсыз.

- Иә қазір екі тәжірибиелі теннисші Кукушкин мен Недовесов қасымда отыр. Олардан бөлек жастарды да шақырдық. Дмитрий Попконы қазір жастар қатарынан шығарып тастадық. Ол тәжірибиесі толысқан теннисші. Ал ондай мүмкіндік туып жатса кортқа Тимур Хабибуллин, Дмитрий Евсеев, Роман Хасановтың кез-келгені шығып қалуы мүмкін.

- Швейцарияға қарсы ойынға қаншалықты дайындалдыңыздар?

- АҚШтағы Делрай Бич деген кешенде жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Ол жақта ұлттық құрама мен жастар құрамасын да шақырдық. 2 апта бойы тыңғылықты дайындық өткіздік. Жалпы айтқанда, біз Ұлттық құрама ретінде жыл басынан бері тұрақты кездесіп, 10 күндей жаттығулар жүргізіп тұрамыз. Осы жолы да теннисшілер ойынға дейін 10 күн бұрын Астанаға тегіс жиналды. Енді тек, жанкүйерлердің қолдауымен Швейцарияны жеңу керекпіз.

Ермұхамед Мәулен