Қазақстан • 30 Қаңтар, 2018

«Жас Отанның» жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздегі басты саяси күштің жұмысын жаңғырту жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Соған орай «Нұр Отан» партиясы бірқатар тың бастамаларды табысты жүзеге асыруда. Олардың қатарында «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысындағы оң өзгерістер де бар.

«Жас Отанның» жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті

Жалпы партиялық жаңғыру «Жас Отандағы» күрделі өзгерістермен басталды деуге толық негіз бар. Бүгінде аталған құрылым қалыптасқан басқару жүйесінен бас тартып, жастар ұйымына сай еркін негізге көшірілді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жастардың шығармашылығын шыңдайтын, ойын тынықтырып, жаңа жобаның жай-күйін талқылайтын арнайы орын да пайда болды.

Бүгін жаңғыру аясында қайта жасақталған «Жас Отанның» жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, «Жас Отанның» тың бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол жасотандықтардың жаңа жобаларының табысты жүзеге асырылуына партия тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

– Елбасы атап өткендей, «Жас Отан» барлық жастар ұйымдарының басын қосып, Қазақстан жастары мен барша саяси инновациялардың ұйытқысы болуы керек. Партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Төрағасы «Нұр Отан» партиясымен қатар оның Жастар қанатының да жұмысын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондықтан биыл жасотандықтардың алдында аса маңызды сынақ – «Жас Отанның» IV съезін өткізу міндеті тұр. Біздің жастарымыз бұл сынақтан сүрінбей өтіп, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шығады деп есептеймін. Өйткені, жастар біздің қоғамның ең белсенді, арманшыл, өршіл, өкілдері, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Бұл оң өзгерістер мен тың бастамалар «Жас Отанның» жастарға жақындығын, жаңа ұсыныстарға ашықтығын, белсенді жандарға қолдау көрсетуге қашанда дайын екендігін және еліміз бен әлемде болған оқиғаларды әрдайым ой елегінен өткізіп, жаңалықтар мен жаңғыруларға бейімдігін айқын көрсетеді.