03 Ақпан, 2010

АСЫЛ МҰРАТТАР АЙНАСЫ

1516 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Асыл мұрат — алдағы күннің аңсары, ел тілегінің түйіні. Осын­дай омыраулы үміттерді Елбасы дәстүрлі Жолдауында бағалап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың жүйесін жеткізіп, нақ­ты жолдарын белгілеп беріп отыр. Біз үшін бұл  “Жаңа  он­жыл­дық –  жаңа экономикалық  өр­леу – Қазақстанның  жаңа мүм­кін­діктері”  Жолдауы өте өзекті әрі маңызды. Себебі, Қазақстанның 56 мемлекет мүшесі болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ық­ты­мақтастық ұйымына төрағалық ету оқиғасымен тұспа-тұс келді. Әлем алдында әлеуетіміздің орнықты же­містері мен жетістіктері өміріміздің жарқын беті болып қала береді. Елі­міздің ертеңгі жарқын  қадам­да­ры мол. Оны Мемлекет басшысы Жолдауда баян етті. Атап айтқанда, “Жол картасы-2020” бағдарламасы тек еліміздің емес, аймақ және ауыл өмірі үшін үлкен серпілістер әке­летіні сөзсіз. Жолдаудың басты жа­ңалығы – алдағы онжылдықта мемлекетті жаңа сапалық деңгейге шығаруға негіздеу. Әрине, елдің тынысына сай барлық мүмкіндік тетігін іске қосу да қажет. Кә­сіп­керлерді қол­дау, құ­қық қорғау орган­да­ры­на, ғы­лым­ға, ин­дус­триялық-ин­новациялық да­му­ды өр­кен­детуге барлық ықпал­ды бұру жайы да өмір талабы. Ана мен бала, ардагерлерді әлеу­меттік қор­ғауға алудың да ерекшелігі зор. Жалпы, Жол­дау­дан Қазақ­стан­ның әлеу­мет­тік-эконо­ми­калық жағ­дайын, келешекте қол жететін мүмкіндіктерді аңғара аламыз. Жолдауда көшбасшы партия – “Нұр Отанға” деген сенім мен жауапкершілік тұрғысынан тар­тым­ды ойлар айтылды. Ең бастысы, мемлекеттік маңызды істерде пар­тияның қызметі айрықша көрінетін болады. Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, “Нұр Отан” ХДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы. ИННОВАЦИЯ – ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІНІҢ КЕПІЛІ Мақсот СҰЛТАНОВ, Орал қаласындағы “Металл бұйымдары”  біріккен өндірістік кәсіпорны ЖШС-нің  бас директоры. Елімізде индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы қабыл­дан­ғаны белгілі. Ал биылғы Елбасы Жолдауын тыңдағаннан кейін осы­нау инновациялық үрдістің өрісі ке­ңейіп, екінші тынысы ашылған­дай күй кештік. Ең бастысы, мұнда жал­пылама сөз жоқ. Нақты талап пен айқын жол бар. Яғни, Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы еңбек өнімділігін кө­терудің басты жолы инновацияны енгізу екенін атап көрсетті. Міне, ұлт­тық эко­номиканың бәсекелес­тік­ке қабі­лет­тілігін арттыру дәл осы иннова­циялық қадамдардан бас­тау алмақ. Біз өндірісшілер Жол­дау жолдары­нан осы ақиқатты айқын аңғардық. Осы арада айтайын дегенім, ин­но­вация деген ұғым бар, мо­дер­ни­зация деген ұғым бар. Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан оны ша­тас­тыруға мүл­дем болмайды. Инно­вация – әлем­де, белгілі бір мем­лекетте бұрын-соңды мүл­дем қол­данылмаған тың, жаңа технология деген түсінік бе­реді. Ал модер­низация бұрын­нан бар техноло­гия­ны жаңғырту деген сөз. Шын­ды­ғын айтқанда, алғашқы мін­детті іске асыру әл­де­қайда күр­­делі. Қазақстан өнер­кәсібіне инно­вацияны ен­гізу бізді даму жолынан өрке­ниетті мемлекеттер қатарына көтере алады. Елбасы белгілеген мін­деттердің жауапкер­шілігі де, оның ел өнеркәсібі үшін қа­жет­тілігі де, міне, осында. Инновация – өсу, өрлеу, даму кепілі. Оны өндіріске ен­гізуден кеш қалған өңір көп нәр­седен ұтылады. Мемлекет бас­шысы атап көрсет­кендей, ендігі жерде өңір эконо­ми­касын баға­лау, оған қаржылай қол­дау көр­сету осы инновацияны ен­гізу кри­терийлері бойынша жүр­гі­зіл­мек. Осыған орайлас тағы бір ой: ин­новацияны енгізумен қатар, ай­­ты­латын, одан бөліп-жаруға мүл­дем бол­майтын тағы бір мәсе­ле бар. Ол республика аймақ­та­рын­дағы индус­триялық жобалар­дың іске асыры­луы. Өз Жол­дауында ел Президенті Н.На­зарбаев бұл екеуін тығыз бір­лікте қарастырады. Әрі бұл жобалар ал­дағы он жылда жалпы ұлттық мін­дет ретінде белгіленгенін атап көрсетеді. Осы мақсатта Премьер-Ми­нистр басқаратын, аймақтарда әкім­дерге бағынатын біріккен бас­қару орталығы құрылатыны біздер­ді, өндірісшілерді қуантып отыр. Шындығын айтқанда, осын­дай бір орталықтың қажет­ті­лігі бұған дейін де сезіліп жүретін. Индустриялық жобаларды іске асыруды оп-оңай іс дей алмай­мыз. Мұның төңірегінде өзара ке­лісіп шешетін мәселелер жет­кілікті. Сондай-ақ мұндай жоба­ларды іске асыру мерзімі белгі­ленген уақыттан кешікпеуі тиіс. Әйтпесе осы жобалармен бірге өндіріске енгізілетін иннова­ция­лар мен жаңа технологиялардың да жолын кесеміз. Индустриялық жобаларды іске асырудың бір ұшы республи­ка­лық ведомстволарға байланысты. Шешімін күтіп тұрған осынау сан-салалы істерді жүзеге асыру үшін орталық негізгі үйлестіруші ретінде іс-қимыл танытатынына сенім мол. Елбасының осы Жолдауында Қазақстанды индустриялық дер­жа­ваға айналдыру міндеті қойыл­ған. Бұл бәрімізге, барлық қазақ­стан­дық­тарға қатысты мәселе деп біле­мін. Осы ұлы істердің бастауы ин­но­вация, бұрын Қазақстанда мүл­дем қолданылмаған жаңа тех­но­ло­гияны енгізу болмақ. Ендеше, осы міндетті орындауға бір кісідей жұ­мыла кірісейік демекпін. Батыс Қазақстан облысы. БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРШАМЫ Б.ЕРМЕКБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика және бизнес факультетінің деканы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Эконо­мика және бизнес факультеті ұжы­мы үлкен қызығушылықпен, мұ­қият тыңдады. Рас, соңғы екі жыл Қазақстан үшін аса бір күрделі кезең болды. Алайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруымен іске асырылған сауат­ты саяси-экономикалық шаралар­дың нәтижесінде Қазақстан халқы әлемдік қаржы-экономикалық дағ­дарыстың ауыртпалығын аса сезін­беді. Ұлттық қордың арқасын­да дағдарыс кезінде қаржы-банк жүйе­сіне, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнеске, ауыл шаруа­шылығына үлкен қолдау көрсетілді. Жолдаудың негізгі мақсаты – ел экономикасын дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу деп білеміз. Соған орай Жолдауда алдағы он­жылдықта Қазақстан экономи­ка­сы­ның дамуының негізгі бағыттары көрсетілген. Білім сапасын жақсарту, Қазақ­стан жоғары оқу орындары дайын­даған мамандардың бәсекелес­тік­ке қабілетті болуы еліміз үшін ма­ңызды.  Білім сапа­сын халық­ара­лық деңгейге көтеру мақсатында уни­вер­ситетте оқу бағ­дарламалары мен оқу жоспарлары түбегейлі жаңар­тылды. Профессор-оқы­тушылар құрамының сапасын арттыру мақсатында “Болашақ” бағ­дар­ламасы бойынша шет елде тәжірибеден өткен оқытушылар мен кәсіби мамандар жұмысқа қа­былданып, ағылшын тілінде дәріс беруде. Елбасы атап көрсеткен  тәуел­сіз Қа­зақ­станды ұлықтау, мемлекет тұрақтылығына ке­дергі жасайтын қадамға бармау, экономикалық өрлеу, өңірлік және әлемдік инте­гра­ция­ға ену Қазақстан халқына айтылған бола­шақтын бағдаршамы деп білеміз. ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ Бекболат ТҮЗЕЛБАЕВ, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ОҚО бойынша басқарма бастығы. Елбасымыз биылғы Жол­дау­ын­да мемлекетіміздің алдағы даму болашағы жайында Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Орын­дал­май­тын емес, орындалатын, орын­да­лу­ға тиісті міндеттер. Ха­лық жүзеге асатындығына сенеді. Өйткені, бұ­рынғы дәстүрлі жол­даулардағы тап­сырмалардың қалай орындалғаны, дүние жүзінің ең мықты мемле­кеттерінің өзін бір сілкіп алған әлемдік дағдарыстың елімізде өте баяу өткенін көзі көріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы құқық қор­ғау жүйесін реформалау бой­ынша байыпты жұмыс жүр­гізуді міндет­теді. “Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қа­лып отыр. Ешкім қамау орындары­нан бо­сағандарды оңал­тумен ай­налыс­пайды” деп өте орынды айтты. Осы жүйеде жұмыс істеп келе жатқандықтан біз мұның қасіретін анық білеміз. Адам – мемлекеттің байлығы. Әртүрлі жағдайлармен темір тор­дың арғы жағына аттанғандардың құқығын аяққа басып, олардың өміріне сенімсіздікпен қарауға бол­майды. Қанжарынан қан сор­ғала­ған кәнігі қылмыскерлерден бөлек, абайсызда от басқан отан­дас­тары­мыздың да көп екендігін ұмыт­пайық. Қылмыс жасаған адам жазасын алуға тиіс. Бірақ, түрмелерде заң та­лаптарын білмегендіктен өз құ­қығын қорғай алмай жазалы бол­ған азаматтарымыз бен азаматша­лары­мыз жеткілікті. Олар туралы жүз­деген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, оңтүстіктің бір кәсіпкер әйелінен жақын құрбысы әкесі қайтыс болып ірі көлемде қарыз алады. Жақсы таныс болған соң ара­ларында ешқандай құжат түзіл­мейді. Халықта “қарыз күліп барып жылап қайтады” деген да­налық сөз бар. Қарыз алған келін­шек қай­тару­ға асыға қоймайды. Әртүрлі сыл­тау айтып кешеуілдете береді. Арада қату сөздер айты­лады. Сон­дай күндердің бірінде ақша берген кәсіпкер ашумен құр­бысының үйіне келсе, ол өзі сауда жасайтын алтындарын үстел үстіне жайып, саудаға дайындалып жатыр екен. Отты, қайратты келіншек сол жерде өзі үшін дұрыс, заң үшін қате қадам жасайды. Қарыз берген ақшасына шақтап бір бөлігін үстелден сыпырып алады да “менің ақшамды қайтарған күні аласың” деп шығып кетеді. Кә­сіпкер әйел шетел асып келсе үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қолыңмен істегенді басыңмен көтеруің керек. Ашынған екі жақ­тың дауы қарыз берген келін­шектің төрт жылға бас бостан­ды­ғынан айыры­луына әкеп соғады. Құрбысы қате­лігін кеш түсініп, кешірім сұра­ға­нымен сот үкімі шығып қойған. Ипотекамен үй алу, банктен ірі көлемде несие алғанда алаяқ­тардың арбауына түсіп, болмашы ақы үшін үлкен қылмысты арқа­лап кеткендер көп. Оларды жұм­сағандардың, дор­балап ақша тапқандардың қыл­шығы қисайған жоқ, момындарды соттатып жібе­ріп түк болмағандай жүр. Олар­дың қатарында балалық­пен, әлі де оң-солды айыра қой­майтын аңғал­дықпен біреулердің ұялы телефон­дарын алып қашқан­дардың істі болғанын көргенде ішің удай ашиды. Осындай жандарды түрмеге то­ғыта бергеннен кім ұтады, кім ұтылады? Заң алдына бәрі бірдей болғанымен жазалау арқылы олар­дың өмірін бұзып алмаймыз ба? Түрмеден шыққан адамға қоғамда күдікпен қарайтындай көзқарас бар. Жұмысқа алуда да олардың құқығы өзгелерден төмендетіле береді. Олар да бостандыққа шық­қаннан кейін өзін өгейсіп, адамдар арасына еркін кіре алмай жүреді. Ал, жастар  арасында  көкжал қас­қырдай айналасына жыртқыш­тық­пен қарауға тәрбиеленіп шық­қан­дар да болады. Түзетеміз деп қоғамға өшпенділігін қоздырып алып жатамыз. Президентіміз “біздің заңдары­мызды ізгілендіріп, олардың сапа­сын арттыру қажет” деп атап көрсетті. Өркениетті елдер тәжірибесіне сүйене отырып, құқық қорғау қыз­ме­тін жетілдірсек мыңдаған жас­та­ры­мыздың өмірін бүлдіріп ал­мауынан сақтар едік.  Ойламаған жерде құқық тәртібін бұзатындар көп. Сол мезетте өзінің не бүлдіргенін сезінбейтіндері де болады. Сондықтан халқымыздың құқықтық сауатын арттыру қажет. Ел газеті “Егеменде” осындай тағдырлар жөнінде жиі жазылса, ақпарат өкілдері белсенділік танытса, адасқан адамдар қатарын азайтар едік. Олар тас түрмелерге емес, көгінде ақ көгершіндер ойна­ған, күн күлген өмірдің бақытты күндеріне лайық. Заңдарымызды ізгілендіру талай олқы тұста­рымызды түзер еді. Шымкент.