Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Өзгерістердің алдында ғылым жүруі тиіс

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Ұлттық ғылым академиясының кезек­ті сессиясы өтті. Жиында академияның 2017 жылғы жұмысы қорытындыланып, Елба­сы Жолдауы талқыланды. Басқосуға академиктер, мүше-корреспонденттер, жоғары оқу орын­дарының ректорлары, ғылыми-зерттеу инсти­туттарының директорлары қатысты.

Өзгерістердің алдында ғылым жүруі тиіс

Ұлт­тық ғылым академиясының бас ғылыми хатшы­сы, академик М.Қалимолдаев әлемді өзгеріс­ке бастаған заманауи технологияларды мең­геру, дамыған 30 елдің қатарына кіру жолын­да қазақстандық ғалымдардың үлесі қомақ­ты болатынына сенім білдірді. Жолдауда белгі­ленген басымдықтар туралы Қазақ­стан Прези­денті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев баяндама жасады. Отандық ғалымдардың ғылым мен технологияның интеграциялануы барысын­дағы рөлі сараланды.

Ал Ұлттық ғылым академиясының прези­денті, академик Мұрат Жұрыновтың айтуынша, академияның бос орындарына жаңа мүшелерін сайлау, дәстүрлі Ұлттық баяндамасының биылғы 14 томын даярлау, көп жылғы үзілістен кейін қайта берілген ғылым саласындағы Қ.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин, Д.Қонаев, М.Әуезов, Ш.Уәли­ханов, Күлтегін атындағы сыйлықтарды таға­йындау, 73 мемлекетке таралатын 8 журналды уақ­тылы жоғары сапалы етіп шығару, басым ғылыми бағыттарды анықтауға қатысу, Ұлттық ғылыми кеңес құрамына академиктердің көптеп кіруіне және сараптама жасауға белсенді қаты­суына ықпал жасау іспетті ауқымды жұмыстар күтіп тұр.  Былтыр Елбасының рес­ми сапары аясында Беларусь академиясымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойыл­ды. Сондай-ақ Фран­ция, Қытай, Молдова, Татар­стан, Абхазия ғылым академияларымен белсенді ғылыми серік­тестік дамып келеді.

«Биылғы Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау алдымен зиялы қауымның, оның ішінде озық, алдыңғы қатарлы ғалымдарға қатысты. Жолдауда айтылған 10 мәселе отандық ғалымдардың күш салуын талап етеді. Әсіресе, инновациялық индустрияландыруды ғылыми сүйемелдеусіз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ретте академияның халықаралық беделі жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді. Бұл – ортақ табыс. Келешекте де отандық ғылымның таза әрі биік идеалдарын одан әрі дамыту үшін қызмет ете берейік», деді М.Жұрынов.  

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ