Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданына барған жұмыс сапарында аймақтағы балық шаруашылығы проблемаларына арналған көшпелі жиналыс өткізді. Оған мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, өндірістік кооперативтердің басшылары қатысты. Жиналыстың негізгі тақырыбы балық шаруашылығын реттеу, заңсыз балық аулаушылармен күрес төңірегінде өрбіді.
Балық қорын сақтау мақсатында Қазақ Ұлттық балық шаруашылығы институтының өкілдері су айдынының, теңіздің екі жағынан да сағасынан 50 шақырым аумақта және үш метрден төмен тереңдіктен кәсіпшілік балық аулауды шектеуді ұсынды. «Амангелді» ӨК басшысы Санат Тілепбергеновтің айтуынша, қазіргі қолданыстағы жүйемен балық аулауды жалғастыра берсе, енді біраз уақыттан кейін аймақтағы балық қоры азайып кетеді.
-Біздің кооператив өткен жылдан бері теңізден кәсіпшілік балық аулап жатыр. Үш метрден асатын тереңдік алыс емес, бұл проблема да емес. Әрине ол үшін жабдықталған флот, кемелер керек, есесіне нәтижесі де жақсы болады. Төрт балықшымыз 132 тонна балық аулады. Теңізде балық бар, - деді Санат Тілепбергенов.
Айта кетейік, соңғы бес жылда кәсіпшілік балық аулауға берілетін лимит екі есеге азайып, 25 мың тоннадан 12,5 мың тоннаға дейін түсті. Солай бола тұра, осы жылдар аралығында белгіленген лимит бірде бір рет толығымен игерілген жоқ.
-Біз лимитті жайдан-жай азайтқанымыз жоқ, балық аулайтын кооперативтер игере алмайды, балықты браконьерлерден қабылдап жүр. Бұл мәселені шешу үшін салаға заңды тәртіп енгізу керек. Заңсыз балық аулаушыларды тоқтатып, адал балықшылар үшін жағдай жасауға тиіспіз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы барлық ұсыныстарды қарап, мамандар мен балықшылардың өңірде балық қорын сақтау жөніндегі пікірлерін есепке алуды тапсырды.
Өткен жылы аталған саладағы өндірілген өнім көлемі 9,8 тонна болды. Балық өнімдерін экспорттау көрсеткіші 240 тоннаға артып, 8 374 тоннаға жетті.
Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Ерболат Қадимов 2017 жылы Ресейге 6,2 мың тонна балық экспортталғанын айтты, ал 1 895 тонна балық жақын шетелдерге, Украина, Өзбекстан мен Грузияға жіберілген. 187 тонна Германия, Польша, Франция секілді басқа да Еуропа елдеріне экспортталған.