Өткен жылдың маусым айының алғашқы аптасында осы арнайы шара Сілеті өзені бойындағы Түйте әулие мазарына, соңынан Степногор қаласы маңындағы Ақсу кентінен 18-20 шақырым жерде орналасқан «Бөгенбай батыр сөресіне» бару сапарымен жалғасып, қызығушылық білдірген жастарды тарихи нысандармен жақын таныстыруға жақсы мүмкіндік берді.
Осы жолғы өлкетану жұмысында біз жолға шыққан кісілерге Орта жүздің боз арғымағы атанған Саққұлақ би және оның балалары Әжімбет, Ералы мен Нұралы туралы мол мағлұмат беруге тырыстық.
Саққұлақ би кесенесі шикі кірпіштен салынған. Қасбеттерінің қырлары аралығының доға тәрізді жабыны бар әрі сегіз қырлы күмбез түрінде өрілген. Уақыт әсерімен көне мазар қабырғалары мүжіліп, жартылай құлаған еді. Бірақ 2000 жылы Бөгенбай батырдың Әлихан Барлыбаев бастаған ұрпақтары ескі нұсқаның сыртынан жаңа күмбезді мазар тұрғызып, оны қайта жаңғыртты.
Қара сөздің жүйрігі, арғынның ақсақалы атанған Саққұлақтың шын есімі Сәбден (кей деректерде Сәбелең), ерекше зейін мен алғырлығының арқасында Саққұлақ атанған деседі. Бұл есімді ризалықпен қойған алтайдың ақиығы – атақты Байдалы шешен. Бөгенбай батырдың Бапан деген немересінен туған шөбересі елге алғырлығы әрі шешендігімен жасынан жақсы таныс болған. Осы Саққұлақ бала күнінде қатты сырқаттанып, көп уақытқа дейін айықпай, ата-анасын қатты састырса керек. Әке балаға сыншы деген ғой бұрынғылар. Жабырқаған Бапан бидің:
«Көп баланың ішінде Анай да бар,
Анай атқа мінгенше талай да бар.
Жанқұлақ пен Қонқайға сенгеніңше,
Кетпен ал да, көріңді сарайлап ал», – деген аталы сөзінен оның осы баласына зор үміт артқанын байқаймыз.
«Сағекең айтыпты» деген ауыз әдебиетінің үлгілері қазір көп кездеседі. Жас бидің: «Адам баласына тән және бір-бірінен туатын үш жаман қасиет бар. Ол: қылжаңдық, мылжыңдық, алжушылық. Жасында қылжаң болған адам, өскенде мылжың болады, қартайған соң мылжыңнан алжу туады»; «Бас болатын жігіттің бес белгісі болады: тыңдай білу, сыйлай білу, сынай білу, жылай білу (аяушылық мағынасында), шырай беру» деген ұлағатты сөздері бар. Саққұлақтың әрбір айтқан шешендік сөздерінің философиялық мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы Шоқан Уәлиханов Баянауылдың Ерейменмен шектескен жерінде жайлауы болған нағашы атасы Шорман биге барар жолда міндетті түрде Саққұлақ биді әдейі іздеп барып, оның даналық сөздерін тыңдаған екен. Сол кездесулердің бірінде Саққұлақ би бата сұраған Шоқанға: «Басшың – ақыл, жолдасың – ой, жолаушың – еңбек, қорғаның – кәсіп, қорғаушың – сабыр, қолдаушың – мінез, қымбатың – ар, таусылмайтының – арман, таразың – жүрек, қызығың – өмір болсын» деп ағалық тілегін айтқан екен.
Музей қызметкерлері оқушыларға Саққұлақ биге қатысты осы және өзге де оқиғалар жөнінде ақпарат беріп, Бөгенбай ұрпақтарының өмірдегі ұлағатты істері мен мұралары туралы ой қозғады.
Кей деректерде осы мазардан 20-30 қадам жерде Бөгенбай батырдың үшінші әйелі Лабадан туған Жылқыбай деген баласы мен батырдың немересі, атақты Бапан бидің мүрделері жатыр деп көрсетілген.
Саққұлақ би мазарынан кейін экспедиция Ерейментаудың күнбатысында жайғасқан Сілеті өзені жанындағы Кеңөткел ауылына бет алды.
Жол үстінде жастарға Бөгенбайдың бәйбішесі Баяудан туған баласы Тасыбектің қыстауын көрсеттік. Қазіргі таңда бұл жерді Тасбақа деп атайды. Және осы жерде Бөгенбайдың үшінші әйелі, қалмақтың қызы – Лаба анамыздың бейіті тұр. Қалмақ пен қазақ арасындағы бір қақтығыста жауласқан ел тізерлеп, Уса Серен қонтайшының екі қызы Лаба мен Лағба ескі шарт бойынша қазақтың бас адамдарына беріледі. Лабаны қанжығалы Бөгенбай батыр әйелдікке алса, Лағбаға сүйіндік Олжабай батыр үйленіпті.
Тасбақадан Ерейменге бет алған тұста Жаманның ағашы аталатын жерден өттік. Бөгенбай батырдың ұрпағы Жаман қажы өз заманында ауқатты кісі бопты. Кезінде осы жерде қыстауы болғандықтан ел оны Жаманның ағашы деп атап кеткен екен. Көне ауыл тұсынан өткен адамдар қол жайып зиярат етеді, әйтпесе жолдары болмауы мүмкін деседі. Жаманнан 80 шақырым жерде орналасқан Кіші Майдан тауына дейінгі жолда Бөгенбай батыр мен оның ұрпақтары, Ереймен елі мен киелі жерлері жайлы аңыз-деректерді айта отырып, көздеген нысанға қалай келгенімізді аңғармай да қалыппыз.
Кіші Майдан тауына жеткенде музейдің ғылыми қызметкері Мәнап Әдірешев осы тауға байланысты айтылған аңыз-әңгімелермен бөлісті: Жаугершілік заманда осы таудың жанында Бөгенбай жасағы орналасқан. Батыр үнемі жас сарбаздардан тұратын жасағын әскери іске машықтандырып, соғыс тактикасын жетілдіріп отырған. Кіші Майданның жанында ұрысқа дайындалған әскер Кеңөткелден өтіп Үлкен Майдан тауының арғы жағында жоңғар әскерімен шайқасады. Қазіргі кезде бұл тауларды кейбір адамдар шатастырып «Майлан» тауы деп айтып жүр. Және бұл таудың шығу тарихын Майлан деген жас қызбен байланыстырады. Бірақ дұрысы, Майдан деп сөзін түйіндеді ол.
Осы Майдан тауының шығу тарихы жөнінде жазған тұлғалардың бірі Қимаш Сыздықұлы Шақабай. Бұл кісі Ақмола өңірінің тумасы. Көп жылдар бойы Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының партия және атқару комитеттерінде беделді жұмыстар атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін өлкетану жұмысымен айналысып, бұрмаланған жер-су атаулары жайында тарихи деректерге бай шығармалар жазған. Соның бірі – «Сілеті өзені» кітабы, 1994 жылы шыққан. Автор осы шығармасында Целиноград ауданы мен Ерейментау аудандарын бөліп тұрған Майдан тауының «Майлан» болып өзгеріске түскеніне таңданыс білдіреді. Өзінің туып-өскен жеріне кімдердің және не үшін өзгеріс жасағанына ренішін айтады.
Аталмыш кітапта жасы 90-нан асқан ақсақал мынадай нақты деректерді алға тартқан. «...Приречный поселкесінің күншығыс жағында Үлкен Майдан тауы тұр. Ертеректе, ХVІІІ ғасырдың орта шенінде жоңғар әскерлері Ертіс өзені арқылы өтіп келіп Сарыарқаға шабуыл жасайды. Сонда жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беруге шыққан Абылай хан мен қанжығалы қарт Бөгенбайдың таңдаулы жасақтары осы тұста кездесіп, біразға созылған үлкен шайқас болады. Таудың Майдан атанған тұсы осы кезден басталады. Бірақ кейін, неге екені белгісіз, сөз саптауы бұрмаланып, таудың аталуы «Майлан» болып кетеді. Ал шындығында, таудың дұрыс атауы Майдан. Майданнан кейін Сілеті әрі қарай арнасын кеңейтіп, жайыла ағады да, Кіші Майданды айналып өтеді», дейді.
Кіші Майданнан Кеңөткелге келген тұста ұлы бабамыз Бөгенбайдың жүрген жолымен келгенімізді мақтан тұтып, рухани азық алып, жүрегімізді шынайы патриоттық сезім кернеді. Кеңөткелде 2-3 қана үй көзімізге түсті. Соның ішіндегі шарбағы биік, ауласы кең, бау-бақшасы келіскен бір үйдің жанына барып тоқтадық. Сұрастыра келе бұл үйдің иесі Серік Бейімжанов есімді азамат болып шықты. Осында атакәсібін жалғастырып, мал шаруашылығымен айналысады екен. Бір көргеннен бізді жылы шыраймен қабылдады. Роза апамыздың қолынан дәм татып, біраз шүйіркелескеннен кейін елге ат басын бұрдық. Жол-жөнекей бұрынғы Стаханов, қазіргі Қарағайлы ауылының ішімен өтіп, оқушыларды бұл жердің көнеден тамырланған тарихымен таныстырдық. Еркіншілік ауданы құрылған кезде ең алғашқы орталық болған елді мекен. Осы ауылда болған ШКМ /Школа комсомольской молодежи/ қабырғалары әлі күнге дейін сақтаулы.
Қарағайлы ауылынан шыққасын жастарға Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген Құмай түріктік-этнографиялық кешенін көрсеттік. Бір-бірінің жанында қатар орналасқан тарихи ескерткіштер 2009 жылы жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде, ғалым Айман Досымбаеваның мұқият зерттеуі нәтижесінде ашылды. Мұндағы ескерткіштер түркі мұрасының озық үлгісі болып табылады.
Түркілер Ерейменнің бұл жерін аса құнарлы әрі киелі ретінде жоғары бағалаған. Бабаларының мүсіндерін олар тасқа бедерлеп, ұлы мекендеріне орнатып, ел сенімін ақтауға, туған жердің киелілігін қорғауға ант еткені көрініп-ақ тұр. Жалпы, бұл тарихи-этнографиялық кешеннен 100-ден астам құрылыс нышандары табылды. Бұл мәліметтер мен жәдігерлер көрушілерді қатты қызықтырғаны анық.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп айтқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзін арқау етіп, туған еліміздің тарихында орын алған оқиғалар мен кіндік қанымыз тамған жердің киесі жайлы мазмұнды ақпарат бердік. Өскелең ұрпақтың патриоттық санасын ояту, асқақ рух беру – біздің басты мақсатымыз болды. Алдағы жылы да бұл шараның ауқымын кеңейту ісі жоспарға еніп отыр.
Рухани жаңғыру – әрбір мезгілдің бірінші кезектегі әрі ең жауапты міндеті болып қала беретініне біз үлкен сеніммен қараймыз.
Ләззат ТҮГЕЛБАЕВА,
Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры
Ақмола облысы,
Ерейментау қаласы