05 Ақпан, 2018

Сенатта Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау қаралды

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Сенатта Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау қаралды

2017 жылғы 15 маусымда Ханойда жасалған Шарт әрбір уағдаласушы мемлекеттің өз аумағында болатын, ұстап беруге алып келетін қылмыстар үшін қылмыстық қудалау немесе сұрау салушы тараптың аумағында соттың үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруіне бағытталған. Құжат ұстап беру және ұстап беруден бас тарту үшін негіздерін реттейді.

Комитет отырысында айтылған деректер бойынша, қазақстандық соттың әділ қазылығынан Вьетнамда жасырынып жүрген немесе вьетнамдық билік біздің елден іздеу салған тұлғалар жоқ. Сонымен қатар, Шарттың алдын алу сипаты бар екенін ескерсек,  шарт жасасу қылмысқа қарсы күрес саласында тиімді ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастырады.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукиннің сенаторларға берген ақпараты бойынша, бүгінде Қазақстан алыс шетелдерден экстрадициялау туралы  екіжақты 19 конвенция жасасқан. Қазақстан ТМД елдері бойынша Кишинев және Минск конвенцияларының негізінде жұмыс істейді, ал Латын Америкасы елдерімен ынтымақтастық экстрадициялау Америкааралық конвенцияға сәйкес жүзеге асырылады. Жақын болашақта Бразилия, Македония, Грекия және Куба елдерімен осындай келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.

Заң жобасы Палата қарауына жіберілді.