10 Ақпан, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СӘБИЛЕР ЕМІ БАР АУРУЛАРДАН ШЕТІНЕМЕУІ КЕРЕК!..

1291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еліміздегі қайырымдылық қорлары мен ұй­ымдардың басты мақсаты – осы мә­селеге қоғамның, ең бастысы – мемлекет­тің назарын аудару. Қазақстанда жыл сайын туабітті жүрек ақауымен 3 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, олардың 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүреді. Бүгінде 5 мыңға таяу сәби туабітті жүрек ақауын емдеу операциясын жасатуға кезекте тұр. Бүкіл өркениетті елдерде туабітті жүрек ақауы – балалардың өміріне шығарылған үкім емес. Ал Қазақстанда жүрек ақауымен туылған 12-15 кило салмаққа дейінгі балаларға операция жасайтын клиникалар жоқ, ал жүрек ақауы бар балалар мұндай салмақты тек 3-4 жасқа қарай ғана жинай алады. Жақында Алматыда А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында Ерікті мейірімділік қоғамы және аталмыш орталықтың ұйымдастыруымен елі­міздегі балалар кардиохирургиясы проблема­ларына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда орталықтың балалар кардиореанимация бөліміне қайырымдылық жағдайында сатып алынатын жабдықтардың Қазақстандағы алғашқы жо­басының қорытындысы тыңдалды. Сондай-ақ жиын барысында былтырғы жылдың өзінде Қазақстандағы балалар кардиохирургиясы проблемаларын шешу бағытында көптеген қадамдар жасалғаны атап өтілді. Мәселен, А.Сызғанов атындағы ҰҒХО балалар кардио­реанимациясына арналған жабдық сатып алуға Қазақстандағы алғашқы қайырымдылық жобасы жасалса, “Мэри Кэй” компаниясы орталықтың осы бөліміне арналған жабдық сатып алу үшін қаражат жинауға бағытталған қайырымдылық акциясын табысты өткізіпті. Нәтижесінде бала­ларға арналған “Resuscіtaіre RW 82” 2 реани­мациялық жылытқыш алынып, реани­мациялық бөлімге орнатылды. Мамандардың айтуынша, бұл жабдық салмағы 5 килодан жоғары сәби­лерге операция жасауға және операциядан кейін кішкентай науқастарға күтім жасауға мүмкіндік беріп, мыңдаған жас өмірді сақтап қалмақ. Сонымен қатар акция нәтижесінде қосымша BBraun фирмасының 2 “Компакт С  Перфу­зорлары” және оның шығын материалдары алынған. Бұл жабдықтардың жалпы құны 7 млн. 500 мың теңгеге жуық. Ал ҚР Қайырымдылық қорлары ассоциациясының көмегімен орталыққа нәрестелерге операция жасауға арналған хирургиялық аспаптар жиынтықтары және операциядан кейінгі кезеңге қажетті жылытатын электркөрпелер сатылып алынды. “Дара” ЖҚҚ-ы да “Шеврон” компаниясы­мен бірлесе отырып орталыққа операция бөл­мелерін жабдықтау үшін аспаптар сатып алу жөніндегі жобаны бастап, кардиохирургиялық операцияларға арналған электромеханикалық үстел (Practіco, Merіvaara фирмасы) сатып берді. “Дамиани” зергерлік үйі орталықтың балалар кардиореанимациясын жабдықтау мақсатында BBraun фирмасының 3 “Компакт С  Перфу­зорын” және оның материалдарын алды. Бір айта кетерлігі, Италияның Бергамо қаласындағы кар­диоорталық клиникасында тәжірибеден өтуге орта­лық­тан келешегінен үміт күттіретін дәрігерлер таң­далып алынып, олар оқу­ларын сәтті аяқтап қайтты. – Балалар кардиохи­рур­­­гиясының проблемасы – қазақстандық медици­на­ның ең маңыздысы. Бү­гін­де бүкіләлемдік тәжірибе анасының құрсағында жатқан шақалаққа туабітті жүрек ақауы диагнозы қой­ылған жағдайда босан­ды­руға кардиохирургтер те қа­тысып, нәрестеге туыла салысымен дереу операция жасалады. Одан кейін бала құлан-таза сауығып кетеді. Тіпті кейбір еуро­палық клиникалар мұндай операцияны ананың жатырында жатқанда-ақ жасайды. Ал соңғы уақытта біздің балаларға операция жасау үшін 3-5 жасқа келгенше күтуге тура келеді. Ал туа­бітті жүрек ақауымен туылған балалар операция жасалмаса ол жасқа жетпей шетінеп кететін. Соңғы жылдары бізде мұндай проблеманы шешуде біраз алға жылжулық бар, – деді жиында Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиохирургы, А.Сызғанов атындағы ҰҒХО кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Арыстан Сейдалин. Ал орталықтың кардиохирургия бөлімінің жоғары санаттағы дәрігері Қайрат Қайыр­бековтың айтуынша, 2010 жылы егер барлығы ойдағыдай болса, әр аптада бір туабітті жүрек ақауы бар 5 килоға дейінгі нәрестелерге операция жасалмақ. – Бұл, біз үшін үлкен жеңіс. Әрине, мұндай операция жасауға тек еліміздегі қайырымдылық қорлары мен коммерциялық компаниялардың арқасында мүмкіндік алып отырмыз. Әсіресе, 7 млн. 500 мың теңгеге жаңадан туылған нәрестелерге реанимациялық жүйе алып берген “Мэри Кей” компаниясына ризашылығымыз шексіз, – дейді ол. ҚР Қайырымдылық қорлары ассоциация­сы­ның өкілі Әсел Ізбасарова жағдайды мұқият талдағаннан кейін проблеманың шешімі осы тәрізді операцияларды жасауға қабілетті қазақ­стандық клиникаларды қажетті медициналық жабдықтармен жабдықтау және қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттырған жағдайда мүмкін екендігі жайлы қорытынды жасады. Оның айтуынша, операцияларды бір жасқа дейінгі сәбилерге жасау аса қажетті, әрі дер кезінде жасалған операцияның нәтижесі де сәтті болмақ. Операциядан кейін балалар әдетте толыққанды өмір сүреді, тіпті спортпен де шұғылдана алады. Сондай-ақ жиында “ЕМҚ-ның” директоры Аружан Саин, ҚР Қайырымдылық қорлары ассоциациясының, “Мэри Кэй (Қазақстан)” ЖШС бас директоры Константин Кулинич балалар кардиохирургиясының жағдайы және сол жағдайдан шығудың жолдары, сонымен бірге 2009 жылы жүзеге асырылған шараларға қатысты өз ойларын білдірді. . Қазақстандық сәбилердің туабітті жүрек ақауынан қайтыс болуы – өте көкейтесті мәселе, ол тек медициналық мекемелер арасында ғана талқыланумен шектелмеуі керек. Қоғамның да бұл проблемадан хабардар болуын қажет етеді. Тіпті жүрек ақауы диагнозы қойылған әлі туылмаған сәбидің анасы да баласының өмірін сақтау үшін емдеу тәсілі, медицинаның жаңа мүмкіндіктері туралы барынша хабардар болғаны абзал. – Жас сәбилердің өмірін құтқару туралы жай ғана айтып қоймай, дауысымыз жеткен жерге дейін жар салуымыз керек, – деді қатысушылар бір ауыздан. – Себебі, біздің жобамыз – теңіздегі тамшыдай ғана, ал бұл проблеманы кең көлемде шешуді жүзеге асыру үшін көптеген ұйымдардың, қайырымдылық қорлардың, қарапайым азаматтардың көмегі қажет. Біз осы тақырыпқа қоғамды, ең бастысы – мемлекеттің назарын аударуымыз қажет. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.