Қазақстан • 06 Ақпан, 2018

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің басым бағыттары талқыланды

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің елімізде қызмет атқаруының өзекті аспектілеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. 

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің басым бағыттары талқыланды

Іс-шараға «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның президенті Сәуле Дүйсенова және басқарушы директоры Нұрсұлу Кемел қатысты. Жиын барысында Сәуле Дүйсенова 2017 жылы 772 мыңнан астам қазақстандықтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 156,5 млрд. теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер алғанын мәлімдеді.

«2017 жылы 772 мыңнан астам қазақстандықтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 156,5 млрд. теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер алды. Жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға жұмсалған қаржы 62,2 млрд. теңгеге жетсе, баланың бір жасқа толуына байланысты күтіміне 74,1 млрд., еңбекке жарамсыздыққа қатысты 9,9 млрд., асыраушысынан айырылу бойынша 7,8 млрд. және жұмыссыз қалуға қатысты 2,1 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 5,9 млн. адам үшін әлеуметтік аударымдар жасалды. Әлеуметтік аударымдар жұмысшының еңбекақысынан ұсталынбайды, олар жұмыс берушінің қаржысы есебінен төленеді. Демек жұмысшы өз меншік қаражатын жұмсамайды. Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі табыстың 3,5  пайызын құрайды. Әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілеттіліктерін қолдау мақсатында макроэкономикалық параметрлердің өзгерістерін, оның ішінде құнсыздануларды ескере отырып, МӘСҚ активтерінің есебінен әр жыл сайын еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуы бойынша төлемдердің мөлшері өсіп отыратынын атап өту қажет. 1 қаңтардан бастап осы санаттағы 100 мыңға жуық төлем алушыларға әлеуметтік төлемдер мөлшері 16 пайызға арттырылды», деді ол

Міндетті әлеуметтік сақтандыру – бұл еңбек ету қабілетінен, отбасы асыраушысынан, жұмысынан айырылғанда, жүктілігіне және босануына байланысты немесе жаңа туған баланы асырап алғанда, сонымен қатар бала 1 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдай туындағанда, жұмыс істейтін халықты қолдау үшін қосымша қорғау деңгейі екенін атап өткен жөн.

«Осы аталған жағдайларда жүйеге қатысушы немесе оның отбасы мемлекет төлейтін әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша МӘСҚ әлеуметтік төлемдер алады. Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген сәттен бастап 4 млн. жуық адам МӘСҚ-нан жалпы сомасы 905 млрд. теңгеден астам әлеуметтік төлемдер алды», деді  «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның президенті Сәуле Дүйсенова.

АҚ-ның президенті Сәуле Дүйсенова және басқарушы директоры Нұрсұлу Кемел елімізде ана мен баланы әлеуметтік қолдау тұрақты жүргізіліп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Елімізде ана мен баланы қолдау мәселесі кешенді түрде қолға алынған. Бұл тұста 2008 жылы жүктілікпен 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін азаматтарға тағайындау енгізілген. Биыл оған 10 жыл болды. Осы орайда ана боламын деген әйел жұмыс істейтініне немесе жұмыс істемейтініне байланысты тиісті әлеуметтік төлемдерін алады. Егер ана босанғаннан кейін жұмыс істемейтін болса, онда жұмыс істемейтін ана ретінде мемлекеттік жәрдем ақы қарастырылған. Яғни, баланың туылуына орай баланың ретіне байланысты 1 және 2-і,3-і бала болса, тиісті мөлшерде бір реттік мемлекеттік жәрдемақыны алады. Бұл биылғы жылы 91 390  теңгені құрайды. Кейінгі алатыны бала туылғаннан кейін, туу туралы куәлігін беріп, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты, баланың санына байланысты 13 853 теңгеден бастап, 21 405 теңге аралығында жәрдемақыны ала алады. Ал егер жұмыс істейтін ана болса, онда ол жүктіліктің 30 аптасынан кейін барып Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушіге барып, тиісті жүктілікке байланысты демалысқа шығады. Бұл демалыс қалыпты жағдай 126 күнге беріледі. Осы уақыт аралығында әйел үйінде отыратын болғандықтан, осы аралықта оның табысы болмайды. Осы табысты өтеу үшін Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануына байланысты бір реттік әлеуметтік төлем қарастырылған. Яғни жүктілікпен байланысты отырған барлық күндегі табысын осы қор арқылы өтей алады. Сәйкесінше бала туылғаннан кейін баланың туылуына орай мемлекетті жәрдем ақы бар. Ол да баланың санына байланысты, 1,2,3-і балаға 91 390 теңгені құрайды. Ал 4-і және одан да көп бала болса, онда 151 515 теңгені құрайды», деп атап өтті ол.