Әдебиет • 08 Ақпан, 2018

Жырымен жүректерді тербеген

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жырымен жүректерді тербеген

 «Жазайын мына сөзді

Мүтәллапқа,

Тараған абыройы шартарапқа.

Ағашы ат байлайтын

Солтүстіктің,

Тапсырдым сені, қалқам,

жеті аруақ­қа»,

деп қазақтың жыр дүлділі Ғафу Қайыр­­беков ағалық ақадал қоше­метін білдірген Мүтәл­лап Қан­қожин бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. 1969 жылы «Жа­зушы» баспасынан «Ақ қайыңдар аралы» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген ақынның  «Қара қанат түн аспанды жаппаса, Ерке қыздай жұлдыз жымың қақпаса. Назды өлеңдер сылқ-сылқ күліп ақпаса, Ақ қайыңдар шашқа шолпы тақпаса, Мен ақын боп тумас ем» деген шынайы се­зім­­нен туған лирикалық топтамаларын оқырман қауым жылы қабылдаған бо­латын. Өлең өлкесіне өрлей жүзген оның қадамына Ғабит, Сәбит, Сафуан сияқ­­ты нар тұлғалы ағалары сәт сапар ті­ле­ген. Содан бергі мерзімде 15-ке жуық кі­­табы мен публицистикалық ой-толғамдарын жұртшылыққа ұсынған абыз ақсақалдың ақындық және азаматтық тұлғаларын бір-бірінен бөле-жару мүмкін емес. Ол тележур­налист ретінде де қоғам­ның көкейкесті мәселелерін тамыршы­дай тап басып, ащы шындықты бүк­песіз жаза білді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағаларының бірі ретінде ана тіліміздің мемлекеттік тіл ре­тін­де­ орнығуына, кең өріс жаюы­на, тәуелсіздік тұғырының беки тү­суіне үлкен үлес қосқан қайрат­кер, ұлт жан­ашыры ретінде де жер­­лестері әркез құрмет тұтады. Абы­лай ханның ақ үйі секілді кие­лі орданың сақталып қалуына, Мағ­жан есімінің қайта оралуына тең­дессіз үлес қос­ты.

Қазақстан Жазушылар және Жур­­налис­тер одағының мүшесі, еліміздің ең­бек сіңірген мәдениет қызметкері, Сол­түстік Қазақстан облы­сының құрметті аза­маты Мүтәллап Қанғожиннің 80 жасқа то­лу құрметіне арналған әдеби кеш С.Мұ­қанов атындағы сазды-драма театрында өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Дүйсен­байұлы мерейтой иесін аймақ бас­шысы Құмар Ақсақалов­тың атынан құт­тықтап, алғыс хат табыс етті.

Облыстық ардагерлер кеңе­сінің төр­аға­сы Ескендір Елеусізов, ең­бек­ ар­да­гері Құдайберген Қа­лиев, «Солтүстік Қа­зақстан» га­зе­­ті­нің бас редакторы Жа­­­рас­бай Сү­лейменов, «Қызылжар» те­­­ле­­­арнасының директоры Ерлан Тоқ­­­шылық, Петропавл қаласы әкі­мінің орынбасары Евгений Глотов Мүкең жайлы тебірене сөйлеп, сый-сияпаттар жасады.

«Егемен Қазақстан» газетінің қыз­мет­кері Жақсыбай Самрат Қа­зақ­стан Жазу­шылар одағының төрағасы Нұрлан Ораза­лин­нің құттықтау хатын оқып беріп, иы­ғына шапан жапты.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы