Орын жетпеген біраз адам залдың қос қапталы мен арт жағында түрегеліп тұр. Мінбеге көтерілген кезекті шешен зал толы халыққа қыдырта көз тастады да құлаққа жағымды қоңыр үнмен сөйлеп кетті. Аққұба өңін күн қақтаған, орта бойлы, ашаң денелі, ақ шашты, ойлы, мұңлы көзінен жылылық, жып-жылы жүзінен нұр төгілген оның сөзін халық беріле тыңдап отыр.
Алдындағы қағазға оқта-текте көз қиығын салып, су төгілмес жорғадай төгілте сөйлеп, толымды ой толғап тұрған ақиық азамат академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев еді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай педагогикалық университетінің үлкен залында өтіп жатқан жиын қазақтың әйгілі батыры Шақшақ Жәнібекке арналған халықаралық конференция болатын.
Шақшақ Жәнібектің өмірі мен ерлігін көп жыл бойы зерттеп, ол жайлы көлемді кітап жазған ғалым Ерофеева және де басқа да жан-жақтан келген ғұламалардан кейін сөйлеген Кенжеғали Сағадиевке айтар сөз қалмаған сияқты еді. Жоқ, олай болмай шықты. Кенже-ағам сөзінің басында Шақшақ Жәнібек өмір сүрген орта мен уақыт жайлы әрі қысқа, әрі нұсқа айтты да ел қорғаған ердің ерліктерін аз сөзіне көп мағына сыйғызып баяндай келіп, өзінен бұрын сөйлеген айтулы ғалымдар айтпаған ой айтты. «Шақшақ Жәнібектің қазақтың өзге батырларынан ерекшелігі, артықшылығы десек те болады, – деп сөзін сабақтады академик Сағадиев, – ақ білектің күші, ақ найзаның ұшына ғана емес, ақыл мен айлаға арқа тіреген мемлекеттік деңгейде дипломат болғаны. Соның нәтижесінде күрмеуі қатты күрделі талай түйін қылышпен емес, сөзбен шешілді». Осылай деп кемел ой, кең тыныспен көсілген академик осы соны пікірлеріне Шақшақ Жәнібекті зерттеуші ғалымдардың өзіне де беймәлім тың деректерді алға тартты. Сағадиевтің сөзін тыңдап отырып мен: «Бұл ағамыз аса білгір экономист қана емес, өте білімді тарихшы екен» деген ой түйдім.
Осыдан бірер сағат бұрын Қостанай қаласындағы үлкен алаңда бой көтерген Шақшақ Жәнібектің ат үстінде тұрған еңселі ескерткішінің ашылу салтанатында алғашқы сөзді де Сағадиев айтып еді. Онда айтқан сөздерін кейбір таяз ойлылар құсап қайталаған жоқ. Үлкен алаң толы қатары қалың халық Сағадиевтің қысқа да болса қызулы сөзін ыстық ықыласпен тыңдап, сатырлата қол соғып, құрмет көрсетіп еді. Митингі аяқталған соң Сағадиевті қоршаған топ оған алғыстарын жаудырып, ақсақалдар ақ батасын беріп жатты. Халықтың Сағадиевке деген құрметінде шек жоқ. Ол орынды да. Бұлай дейтініміз Шақшақ Жәнібекке қойылған ескерткіш Сағадиевтің тынымсыз ізденісі мен табанды еңбегінің, академиктің ел, халық алдындағы биік беделінің арқасында орнады. Мемлекеттен бір тиын қаржы алмай, демеушілер тапқан да, ақиық, ақылман азамат, талантты жобалаушы, «Казгор» президенті Әбдісағит Тәттіғұлов бастаған жобалаушылар мен мүсіншілерді осы іске жұмылдырған да, қашан ескерткіш жасалып біткенше Астанадан Алматыға сан мәрте келіп, зиялы қауымның басын қосып, ақылдасқан да Сағадиевтің өзі. Сағадиевтің ол еңбегі өз жемісін берді. Шақшақ Жәнібек өзге батырлардай ат үстінде тұрса да бұл ескерткіштің өзгелерді қайталамайтын өзгеліктері көп. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны көру, көңілге тоқу керек!
Осы тұста басын ашып, қайталап айтатын бір жай – кейбір жеңіл ойлы желбуаз, қызғаншақтар айтып жүргендей Сағадиев Шақшақ Жәнібек ескерткішін орнатуға әр минуты есептеулі алтын уақыты мен күш-жігерін жұмсағанда атағын шығару үшін емес, елге пайдам тисін, қазақтың, елін, жерін қорғаған батыр бабамыздың рухы асқақтап, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге септесін деген ойда болғаны анық. Ал атаққұмарлық оған жат. Онсыз да бір кісіге жетерлік, атақ, абырой оны өздері іздеп тапты. Себебі табиғи талант және табанды еңбек дейтін қос қанат оны биіктерге алып ұшты. Осы тұста Пифагордың «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген сөзі ойға оралып тұр.
Академик Сағадиев бүгінгі биігіне оп-оңай көтерілген жоқ. Сырт көзге жолы болғыш көрінгенмен, соғыс салған салмақты бала болса да көппен бірге белі қайысып көтерді. Еңбек, еңбек, тағы да еңбек! Еңбек бәрін де жеңбек екенін өз өмірімен дәлелдеді. Мұзафар Әлімбаевтың:
Мен білемін не табуды, нені іздеп,
Еңбек қана елдің ұлы дегізбек,
– деген сөзі бүгін де оның бағдаршамы, адастырмас ақ жұлдызы, бақ жұлдызы. Шын ғалым мен нағыз жазушының еңбекке араласқан күні болады, зейнетке шыққан күні болмайды. Олар үшін зейнетке шығу деген қағаз жүзінде ғана, іс жүзінде олар жүректің оты жеткенше, о дүниеге кеткенше ел үшін еңбек ете береді. Бұған академик Кенжеғали Сағадиевтің бүгінгі тіршілігі айқын айғақ. Тәуелсіздік таңы атқалы Елбасының жанынан табылып, күні бүгінге дейін сертке берік болып, сенімді ақтап жүр. Сағадиевтің ақысыз, пұлсыз ешкімге міндетсінбей мінсіз атқарып жүрген қоғамдық жұмыстары бастан асады.
Академик Кенжеғали Әбенұлының ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты: материалдық-техникалық жабдықтаудың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелері, Қазақстандағы экономикалық реформа теориясы мен әдіснамасы. 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген ғалым Кембридж өмірбаяндық орталығының «Жыл адамы-1992» атағын алған. Елге сіңірген еңбегі еленіп, көптеген ордендер мен марапаттардың иесі атанды.
Адам өз өмірінде көп кісілермен кездесіп, танысады. Әйтсе де барлық өзендердің мұхитқа құймайтыны секілді, барлық кездесулер есте қала бермейді. Сол ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған ұшырасулар ішінде ерекше есте қалатын кездесулер де болады. Академик Кенжеғали Сағадиевпен кездесулерімді мен ерекше есте қалған кезеңді кездесулер деп білемін. Ғұлама ағамен әр ұшырасудан алатын үлгі, өнеге көп. Өте көп.
Асқар таулар алыстан көз тартады. Әйтсе де, біз әдетте ең алдымен таудың биіктігін ескереміз де, ол көтерер ауыр жүк жайлы тым кеш ойлаймыз, кейде тіпті мүлдем ұмытып та кетеміз. Ең бастысы, халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, ұлтының ары іспетті азаматтың кейінге қалдырған өнегесі аз емес. Академик Кенжеғали Сағадиевтің өмірбаяны ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр болатындығының айқын дәлелі.
Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты