Ілкімділік – ілгерілеу кепілі, дегенмен кейбір аудандарда оң нәтижелердің болмай жататыны бар. Аудан әкімдері есеп бергенде қағаз бойынша бәрі дұрыс, пайыз бойынша жоғары, бірақ расында да солай ма? Көп жағдайда сол жердегі шешілмей жатқан мәселені айтудан гөрі, құжат жүзінде есеп бергенді дұрыс санаймыз. Елбасы өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында әсіресе өнеркәсіп саласын дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Өнеркәсіп арқылы экономика дамыса, әлеуеттің де арта түсетіні сөзсіз.
Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы нәтижелі. Тараз қаласы мен өзге 7 ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,8 пайызға артса, Жамбыл және Шу аудандарында көрсеткіш сол қалпы. Ал Меркі ауданында өндіріс көлемі төмендеген. Жалпы, аталған ауданның қант қызылшасын өңдеумен, сондай-ақ «Меркі Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Иран мемлекетіне, Бахрейн корольдігіне тонналап экспортқа ет жіберумен аты шыққан. Бұл ретте ауданның көрсеткішін жоғары деңгейде бағалауға да негіз бар еді. Алайда осы ауданда өндіріс көлемінің төмендегенін аталған басқарма басшысы Гүлдана Жауынбекова «Орталық Азия Қант корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі филиалында пештерді жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен түсіндіріп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім көлемі Шу, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында байқалады. Мәселен, ет, сүт, жұмыртқа, жүн өндіру көлемі ұлғайған. Сонымен қатар масақты дәнді дақылдардың да 2016 жылмен салыстырғанда 34 мың тоннаға артық жиналғанын айта кету керек.
Соңғы жылдары өңірде құрылыс қарқын ала бастады. Мәселен, Астана күніне орай Тараз қаласындағы «Арай» шағын ауданында бой көтерген пәтерлерден 800 отбасының, ал Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қарасу» алқабында бой көтерген 80 пәтерлі үйдің берілуі де осыны көрсетеді. Сонымен қатар аудандарда да өткен жылы 33 балабақша мен 4 шағын орталық пайдалануға берілген. Алайда Т.Рысқұлов ауданында құрылыс қарқыны төмен болып тұр.
Әулиеатаның әлеуметтік те, экономикалық та әлеуеті жақсы. Өткен жылғы есепті кезеңде бюджеттің кіріс бөлігі 241 миллиард теңгені құраған. Солай болғанымен, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында әлі де 5 мектеп апатты жағдайда, ал 3 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп келеді. Бұл жерде балалардың дұрыс білім алуы да күмән тудырады. Себебі апатты жағдайдағы мектептің қай күні, қай сағатқа дейін шыдас беретіні беймәлім. Облысты өркендету үшін бюджеттен қыруар қаражат бөліп, құрылыс жүргізіп жатқанда білім ошақтарына да назар бұрғанымыз дұрыс шығар.
Сондай-ақ өткен жылы облыста 14 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілген. Бұл да елдің денсаулығының түзелуіне, сырқаттың алдын алуға оң әсер етеді. Бүгінде халықтың денсаулығы бірқалыпты, өлім-жітім саны біршама төмендеді десек те, нашақорлық пен қан айналымы жүйесі ауруларына шалдығу деңгейі өсіп тұр. Өткен жылы облыс көлемінде үш ана өлімі тіркелген.
Былтырғымен салыстыру арқылы жасалған пайыздық өлшем бүгінде нақты атқарылған жұмыстардың есебіне кіріп бара жатқандай. Яғни 100 пайыздан асыра орындалған салада ешқандай мәселе жоқ сияқты. Бірақ Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аудан әкімдері мен басқарма басшыларын тыңдаған жиында өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткішке ие болғанды, 100 пайыздан асқанды жетістік деп қарауға болмайтынын айтқан. Сөйтіп республикалық көрсеткіштен бөлек, облыстың көрсеткішін жасауды тапсырған. Бәлкім алдағы уақыттарда өнеркәсіп өндірісі төмендеген ауданда да, құрылысы қарқын ала алмай отырған ауданда да, тіпті апатты мектептер орналасқан аудандарда да аталған мәселелер шешімін тауып, көрсеткішке ғана емес, нақты нәтижеге де жұмыс істейтін күн туар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы