«Ол келісім сол жылы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес ратификацияланды. Осы келісім аясында Әділет министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі бірлесіп тіркеу қызметіне, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне және нотариаттық қызметке қатысты заңнаманы реформалау бойынша жобаны іске қосты. Жоба құқықтық базаның маңызды элементтерін нығайтуға арналған, бұл сот төрелігі секторын дамытып, нығайтуға ықпал етеді», деді Б.Атағазиева.
Сонымен қатар ол жобаны жүзеге асыру үшін Әділет министрлігі Польшаның заңнамасын жетілдіруде табысты тәжірибесі бар заңгерлік фирма Miller Canfield өкілдерін және GLCC Solutions ұйымының Грузия, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің жеке және мемлекеттік секторларды реформалауда мол тәжірибесі бар халықаралық сарапшыларын шақырғанын атап өтті.
«Жоба аталған бағытттар бойынша елеулі жетістікке қол жеткізген және халықтың жоғары сеніміне ие болған АҚШ, Венгрия, Польша, Чехия және Түркия сынды дамыған мемлекеттердің талдауы мен тәжірибесіне негізделген, заңнаманы жетілдіруге бағытталған шаралар консультациялық көмек түрінде бір жыл бойы іске асырылатын болады», деді Бақтыгүл Атағазиева.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»